El іshі
Қыздарға әсемдік жарасады…»
№27 Диқан орта мектебінде 8-11 сыныптың оқушы қыздары мен аналарына арналған «Қыздарға әсемдік жарасады» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мақсаты – өзінің қауіпсіздігі үшін жауапкершілік сезімін, өз тәртібі мен мінез-құлқын саналы түрде реттеу қабілетін қалыптастыру және жыныстық зорлық- зомбылықтың алдын алу. Дөңгелек үстелге аудандық білім бөлімінің әдіскері Зейнеп Дауренова, аудандық аурухананың гинекологы Сандуғаш Мүтәлиева және психолог мамандар, Аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Келген қонақтар қоғамда орын алып жатқан зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алу бойынша пікірлерін, ұсыныстарын білдірді.
Мектеп жасындағы қыз балалар тәрбиесін негізінен үш кезеңге бөлуге болады. Бастауыш сыныптар кезеңіндегі тәрбиенің мақсаты – тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа үйрете отырып, баланың көп білуге құштарлығын арттыру, кітап оқу мәдениетін дамыту.
5-8 сыныптар арасында алғашқы кезеңдегі тәрбие түрлері әрі қарай дамытыла түседі. Бұл тұста, жас ерекшелігіне қарай, қыз бала анасынан ешнәрсе бүкпейді. Қит еткен нәрсенің бәрін айтып келеді. Сол шыншылдығы мен ашықтығын пайдаланып, қыз баланың келешегіне ең керекті нәзіктік, ілтипаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, тұрақтылық сияқты мінездерді қалыптастыру – басты борыш. Сонда бұл сипаттар келешекте жарасымды жар, аяулы ана, қоғамымыздың белсенді мүшесі болатын қыз баланың бойынан әрқашан нұр болып төгіледі.
Үшінші кезең 9-11 сыныптарды қамтиды. Бұл аралықтағы тәрбие алдыңғы кезеңдермен тығыз байланысты. Адамға деген мейірім бала кезден, ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға ата-анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.
Ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу – ананың және барша қауымның міндеті. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыйып, қала берсе қара күңнен тыйып» деген мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Яғни, қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы жауапты емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болып отыр. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу – халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі.
Дөңгелек үстелді қорытындылаған мектеп басшысы Майра Қожахметқызы әр үйдің үлбіретіп, үкілеп өсіріп отырған қыздарын зорлық-зомбылықсыз, тамаша балалық шақтары өтіп, әр үйдің түтінін түзу шығуына септіктері тиіп, бақытты болса екен деп тілегін білдірді. Оқушылар мен ата-аналарға жадынамалар таратылды.
Қаракөз Қырғызбаева,
№27 Диқан орта мектебі директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары