El іshі

Арпа, бидай ас екен…

Ауданымызда астық жинау науқаны жүріп жатыр. Егінге орақ салғандардың қатарында терістік «Тәліп» шаруа қожалығы да бар. Техникасын жаңартып, науқанға қызу дайындалған қожалық бидайдың алғашқы тоннасын қамбасына құйып, бір-екі күнде ақ астықты оруды аяқтайды.

Шаруа қожалықтың егістік жері Күйік асуына барар жолдың сол жағындағы алқапта орналасқан екен. Ауылды артқа тастап, «Нива» автокөлігімен шаңдатып ақ егістікке қарай жол тарттық. Егістіктегі қызу жұмыстың басы-қасында ағалы-інілі Иманбаевтар жүр. Алқапта шаруа қожалықтың ауыл шаруашылығы техникалары қаз-қатар қойылған. Комбайнды қожалықтың төрағасы Еркінбек Иманбаев тізгіндеген. Комбайнның дүрілдеген үні дала төсіндегі адал еңбектің лебін сезіндіреді.

Егінге орақ салған механизатор алқапты бір айналып келіп, біздің жанымызға тоқтап, техникасын өшірді. Комбайнның бункері бидайға толып жатса, артындағы тіркемесінде сабан жиналуда. Осылайша, астықтың ысырапсыз жиналып жатқанының куәсі болдық. Бидайдың бойы егіннің бітік шықпағанын аңғартады.

Еліміздегі қуаңшылыққа байланысты биыл егіннің өнімі көңіл көншітерлік емес. Десек те шаруалар Жер-ананың бергеніне қанағат етіп, астықты уақтылы жинап алуға күш салуда екен.

Шаруашылық басшысы Еркінбек Иманбаевтың айтуынша, «Большевик» колхозының филиалы негізінде 1998 жылы құрылған қожалықтың меншігінде 130 гектар жер бар. Олар күзде 60 гектарға күздік бидай, 50 гектарға арпа, 16 гектарға жоңышқа егіп, картопқа 2,5 гектар жер бөлген.

Бүгінгі таңда «Тәліп» шаруа қожалығында үш «Беларусь» маркалы тракторы, сонымен бірге, екі комбайн, қосымша тіркемелер және картоп егуге және жинауға қажетті барлық техникалар бар.

-Егістікке екі апта бұрын орақ салдық. Алдағы бір-ек күнде науқанды толықтай аяқтаймыз деп отырмыз. Арпаны да орып, дәнді қамбаға құйдық. Ал, енді міне, күздік бидайды жинаудамыз. Бидайдың өнімі гектарына 4-5 центнерден ғана айналуда. Өнім биыл өткен жылмен салыстырғанда екі-үш есе төмен. Өткен жылы өнім гектарына 1,5 тонна, яғни 15 центнерден алынған болатын.

Жерді парға айдап, тұқымды жаңаладық. «Стекловидная» тұқымды бидайды қыркүйек айында дәрілеп, тыңайытқыштармен бірге сепкен болатынбыз. Биыл жауын-шашын жақсы болды. Бірақ қара суық, азынаған жел жерді кептіріп, тұқымды үсітіп жіберді. Одан соң сәуір айындағы табиғаттың тосын құбылысы өнімнің шығуына әсер етті. Күннің қатты ысуы қуаңшылыққа әкеліп, оның да зардабын көріп отырмыз.

Енді біз мұндай қиындықтарға мойымаймыз, бұйырғанын алып, сепкен астығымызды жинаудамыз. Мәселен, иелігіміздегі 8 гектардан 4 тонна бидай орып алдық. Сабанды да ысырап қылмай, жинап жатырмыз. Өзіміз қосымша төрт мажар сабан сатып алдық. Оның бағасы да шарықтап тұр. Бір мажар сабан 90-100 мың теңгеден сатылуда. Арпаның да өнімділігі төмен болды. Кейбір жерлер ораққа ілінбей, тастап кетуімізге тура келді, – дейді Е.Жұпарбекұлы.

Шаруа қожалық жеңілдетілген бағада жанар-жағармай алып отыр. Науқандық жұмыстарға алты адам жұмылдырылған. Жұмысшыларға еткен еңбегіне қарай жалақы да төленеді. Олар өзге шаруа қожалықтарға да көмекке барып, астық жинауларына қолғабыс етуде. Қожалық науқандық жұмыстар аяқталған соң, жер жыртып, күздік бидай егуге дайындық жасауды жоспарлап отыр. Жер жырту үшін барлық ауыл шаруашылығы техникалары сақадай-сай дайын тұр.

Бізге сұхбат берген соң ол қайта комбайнға отырып, алға қарай жылжи түсті. Қожалық мүшелері қыстың қамын жасап, барды қанағат етіп, әрі қарай еңбек етуді мақсат тұтуда.

Айгүл Қалымханқызы,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close