El іshі

Елге сыйлы азамат

 

Бұғанасы қатпай жатып еңбекке араласып, саналы ғұмырын елінің өркендеуіне, дамуына арнаған арда азаматтар арамызда әлі де бар. Олардың қиын кезеңдегі жанқиярлық еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі, тарихқа тағылым.

Уақыттың жетіспеушілігінен, шаруаның көптігінен кейде олардың өмір жолындағы ерлікке татитын ұлағатты істерін ұмыт қалдырып жатамыз. Дегенмен, біз абыз ақсақалдардың алтын бастарын тірі кезінде қадірлеуді санада сақтауымыз керек. Кезінде қасиетті Жуалыны заман көшінен қалдырмай, туған ауылын түлетіп, ондағы тіршілікті жандандыруға үлес қосқандардың бірі – Серік Сәдіров.

Серік аға Қызыларық өңірінің тумасы, 1951 жылы Сұрым ауылына жақын маңдағы Тастөбе елдімекенінде колхозшылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Сәдір 1941 жылы соғыс өрті бұрқ ете қалғанда, майданға аттанып бара жатқан жерінен арнайы броньмен тылда еңбек етуге қалыпты. Ол соғыстан кейінгі жылдары колхоздың жылқысын баққан, ал ұсақ шаруашылықтар тарап, іріленіп, орнына кеңшар құрылғанда, осында сушы болып жұмыс істеген. Анасы таңның атысынан күннің батысына дейін қызылша алқабында бел жазбай еңбек еткен.

Қызыларықтағы орта мектептің сегізінші сыныбын  бітірісімен жас талап арман қуып, Жамбыл қаласындағы медициналық училищеге «фельдшер» мамандығына оқуға түседі. Оны 1970 жылы ойдағыдай бітіріп алып, еңбек жолын Теріс-Ащыбұлақтағы туберкулезге қарсы шипажайда фельдшер болып бастайды.

Секең 1971 жылы Жамбыл қаласынан Сәрсекүл есімді қызбен отау құрады. Отбасы жағдайына байланысты ауылда ұзақ тұрақтап қала алмай, басқа мамандық таңдауына тура келіп, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының құрылыс факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түседі. Институтта оқып жүріп, кешке ауруханада фельдшерлік жұмысын жалғастырады.

1978 жылы институтты үздік бітіріп шығып, жолдамамен Өзбекстанның Ангрен қаласына барады. Бұл Ангрен су қоймасының құрылысы қарқынмен жүріп жатқан кез еді. Жас маман осында жүріп, тәжірибесін шыңдайды. Бір күні құрылыс басына Өзбекстан басшысы Шараф Рашидовтың келгені есінде қалыпты.

Жолдамамен барған уақыты аяқталып, туған елге оралғаннан кейін, Секең «Жамбыл химпромтрест» өндірістік бірлестігінің СУ-5 мекемесінде шебер болып істейді. 19980 жылы өзі оқыған гидромелиоративтік-құрылыс институты жұмысқа шақырып, спорттық-сауықтыру лагерінің директоры, оқу орнының әкімшілік-шаруашылық істері жөніндегі проректоры қызметіне дейін көтеріледі.

Осында жұмыс істеп жүргенде, 1986 жылдың соңында институттың партия комитетінің бір жиналысында Алматыдағы желтоқсан көтерілісі талқыланады. Жиналыстан шыққаннан кейін Секең қатар кетіп бара жатқан әріптестеріне биліктің көтеріліске қатысқан қазақ жастарын бекер қудалап жатқанын айтып қалады. Бұл әңгіме келесі күні институттың ректорына дейін жетіп, Секең өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр болады.

Ерте жастан бойына білім жинап, көшбасшылық қабілетті дарыта білген жан 1987 жылдың наурыз айында облыстық су шаруашылығы мекемесіне қарасты Теріс-Ащыбұлақ су қоймасының бастығы қызметіне тағайындалды. Мұнда да үзіліссіз 30 жыл жұмыс істеп, 2017 жылы жасының ұлғаюына байланысты зейнет демалысына шықты.

Серік аға қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Ол 1994-2003 жылдары аудандық мәслихаттың  алғашқы үш шақырылымының депутаты болғанын айтуды ұмытып барамыз. Бұл аз десеңіз, ұзақ жылдар қатарынан үздіксіз округ ардагерлер кеңесінің, жергілікті қоғамдастықтың төрағасы болып келеді.

Ел мүддесін нығайтуды басты мақсат еткен ерлердің маңдай тері бағаланғанға не жетсін?! Ол ҚР Тәуелсіздігінің  10, 15, 20 жылдық мерекелік медальдарымен,  ҚР Мәслихаттарының 20, 25 жылдық мерекелік медальдарымен, облыс және аудан әкімдерінің Алғысхаттары мен Құрмет грамоталарымен марапатталған. Әрқашан адалдықтан айнымайтын азамат аймақ басшысының жыл сайынғы халықпен есептік кездесулерінде өңірдегі шаруалардың жағдайын, әлеуметтік мәселелерді батыл көтеріп, олардың оң шешілуіне ықпалын тигізіп келеді.

Көпке қадірлі қария отбасында Құдай қосқан қосағы Сәрсекүл жеңгеймен үш қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардан немере-шөбере сүйіп отыр. Сәрсекүл жеңгей Серік ағаның сенімді тылы, әрі жанашыры бола білді.

Серік Сәдіров ауыл шаруашылығы саласында реформалар басталған тұста  ауылдағы шаруалардың жер үлестерін біріктіктіріп, «Айырылмас» ЖШС-ін құрды. Арада біраз уақыт өткенде, кейбір шаруа серіктестіктен бөлініп шығып, өз алдына отау тігеді. Осы кезде ол зайыбының атына «Сәдірова» шаруа қожалығын ашып, егін және мал шаруашылығын өркендетуге бет бұрды.

Бүгінде қожалық картоп, ақ егіс өсірумен қатар мал шаруашылығын қатар дамытып келеді. Шаруашылықтың картоп, астық сақтау қамбалары, қажетті техникалары бар. Өткен жылы шағын тауарлы-сүт фермасын салу мақсатында үлкен қоражай салып қойды. Бұйырса, алдағы жылы сауынды сиырлар сатып, сүт өндіруді жолға қоймақ.

Серік аға жастайынан тұлпар баптап, көкпарға қызығып өсті. Бұл әдетінен қазір де жаңылған жоқ. Қазір де қорасында бір айғырды баптап, бәйгеге қосып отырған жайы бар. Оған немересі Мәулен мініп, бәйгелерде, көкпарларда шауып жүр.

– Ауыл гүлденсе, бұл қазақ халқының байығанымен тең. Себебі, әрбір қазақ ұл-қыздарының шыққан ортасы ол ауылдық мекендер. Ауылдың түтіні, самал желі, айраны мен құрты, даладағы ас пісіп жатқан ошағы, сарқылдап қайнап жатқан самаурынның шайы, таза ауасы – баға жетпес асыл қазынасы. Осындай ауылдың тұрмыс-тіршілігіне сырттай қарап отырсаң, балалық шақтың өскен ортасын, еш уайымсыз өтіп жатқан күнделікті тұрмыс-тіршілікті әрбір қазақ баласы сағынары сөзсіз.

Шүкір, қазір ауылдарымыз гүлденіп, тұрмыс түзеліп келе жатыр. Балаларымыз кең де жарық, жайлы мектептерде оқып жатыр. Жаңа жолдар салынып, таза ауыз су, газ құбырлары тартылды. Жаңа биік үйлердің  бой түзеп жатқаны қуантады, – дейді Секең.

Бүкіл ғұмырын елдің дамуына, халық игілігіне арнаған ардақты қариялар өмірі әрқашан өскелең ұрпаққа өшпес бағыт-бағдар болып қала береді.

Абылайхан СӘРСЕН,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close