El іshі

Экономикада өсу байқалады

Сағындық Тоқбергенов, Қарасаз ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы
– Аудан әкімі Нарбай Ергебековтің 2019 жылғы атқарған жұмыстары мен 2020 жылға жоспарланған міндеттері туралы аудан тұрғындары алдындағы қорытынды есептік жиынында ауыл тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігіне қажетті ауыз су, газдандыру, медициналық және әлеуметтік салалардағы оң өзгерістер кеңінен қамтылып отыр. Бір айта кетерлігі, өткен жылы республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, Қарасаз ауылдық округінің орталығы Қарасаз ауылына орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылды. Осы ретте, ауылдағы 477 аула ауыз су жүйесіне қосылады деп күтіп отырмыз. Қазірдің өзінде 100-ге жуық аула жаңа ауыз су жүйесіне қосылып үлгерді. Ендігі жерде шешімін күтіп отырған мәселе ретінде, аудан аумағын кесіп өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойынан көпір салу мәселесін айтар едім. Бұл көпір үлкен күре жолдың астыңғы бөлігінде жатқан ауылдық округтердің тұрғындарының көлік қатынасы мен қауіпсіздігіне өте қажет болып отыр. Қазіргі таңда бұл күрделі мәселенің мемлекеттік деңгейде шешілетіні белгілі болды. Мәселе түбегейлі шешімін тапқанға дейін жол бұрылыстары жарықтандырылса деген тілегіміз бар.
Дәулетжан Байдалиев, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері
– Аудан әкімі Нарбай Ергебековтің тұрғындар алдындағы қорытынды есебіне арналған жиынға қатысып, ауданымыздың бірқатар салаларда жеткен жетістіктері мен ағымдағы жылы атқарылар жұмыстарын көңіл қоя отырып тыңдадым. Әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени тұрғыдан алып қарағанда, ауданның жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді деген ой түюге болады. Биылғы жылы аудан көлемінде мәдениет ошақтары салынатынын естіп, қуанып отырмын. Мәдениет, руханият саласында өткен жылдары бірқатар маңызды жұмыстар атқарылғанын білеміз. Ауданда тарихи-өлкетану музейі ашылды. Осының негізінде, ауданның ежелгі тарихы, қалыптасу кезеңдері зерделеніп, ауданнан шыққан танымал тұлғаларымыздың, генералдардың есімдері ұлықталып жатыр.
Өзім музей қызметкері, әрі өлкетанушы болғандықтан ауданның осы салада атқарылатын жұмыстарына бей-жай қарай алмаймын. Қасиетті Жуалы жерінен шыққан көптеген тарихи тұлғаларды қазіргі таңда әлем таниды. Бір ғана Бауыржан Момышұлының есімімен күллі Қазақ елі мақтанады. Даңқты қолбасшыға арнап мемориалдық музей ашылғанын көпшілік біле бермейді. Әрі десе, Қайрат ауылындағы Батыр музейіне әдейілеп ешкім бармайды. Сондықтан Батыр Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейін үлкен күре жолдың бойына немесе соған жақын маңға көшіру жұмыстары маңызды болып отыр. Басқа облыстарға сапарлап барып жүріп байқағаным, тарихи тұлғалардың музейлері жол бойында орналасқанын байқадым. Мұндай тәжірибе бізге де керек. Сонда ғана даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірін көпшілікке кеңінен насихаттай аламыз.
Шора Ысқақов, «Дүниежүзі қазақтары және отандастар қоры» Жуалы аудандық филиалының директоры, ауданның Құрметті ардагері
– Аудан экономикасының дамуы мен өсуі өз кезегінде еліміздің экономикасының дамуында үлкен маңызға ие екені белгілі. Өткен жылы ауданда қыруар жұмыстар қолға алынып, атқарылды. Оның ішінде, аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы базар ретке келтірілді. Жалпы ауданда қай салада болсын қарқынды өсу байқалады. Бұл туралы аудан әкімі Нарбай Ергебековтің өткен жылы атқарылған жұмыстарына арналған қорытынды жиынында естіп, білдік.
Барлық мәселе шешілді деуден аулақпын. Қоғам болған соң кем-кетік, жұмыс болған соң кемшілік болмай тұрмайды. Осы орайда, аудан орталығында сайлардағы жаяу жүргіншілер көпірлері сын көтермейді. Алдағы уақытта аудан мен ауыл басшылығы осынау мәселелерді терең ескерсе деймін. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін, әсіресе, қарт кісілер мен жас аналар үшін қажет. Біз өскелең ұрпағымыздың ертеңгі жарқын өмірі мен болашағын ойласақ, ең алдымен осындай қоғамдық ұсақ-түйек мәселелерді шешуден бастауымыз керек.

Дайындаған Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close