El іshі
Салтанат – енесінің сүйікті келіні
Ауыл келінінің әр күні нағыз адал еңбекпен өтеді. Күйбең тірлікпен өмір дөңгелегін ұршықша айналдырып жүрген олардың еңбегін көрсету, бағалау қашан да маңызды.
Қарабастаулық келін Салтанат Талғатқызы қара шаңырақта ата-енесімен бірге тұрады. Салтанат бүгінде төрт ұлды өмірге әкеліп, бағып-қағып отыр.
Ауылдық округ әкімдігінен үлгілі келін жайлы сұрап едік. Мамандар Салтанатты ұсынды. Олар Салтанаттың ата-енесінің, бала-шағасының күтімімен қатар ауылдық кітапханада еңбек ететіндігін, ауылдағы түрлі мәдени шараларға да белсене араласатынын әрі өлең шығаратын да өнері барын айтты.
Ауыл әйелінің әр күнгі жұмысы таңғы сағат 6-да басталады. Сиыр сауып, оларды өріске жіберіп, ата-енесі мен жолдасы, бала-шағасына шәй беріп, үй жинап, тамақ пісіру, кір жуу, оған қоса бау-бақшаның жұмысы дегендей жұмыс жалғаса береді. Салтанат жолдасы Нұржан екеуі инкубатормен ауыл тұрғындарына балапан ашып шығарып берумен де айналысады. 700 жұмыртқаға арналған инкубатормен көктем айларынан бастап күзге дейін ауыл тұрғындарының тапсырысы бойынша жұмыс істейді.
Салтанатқа ата-енесі де риза.
Ата-енесі Ермаханбет Жәңгіров пен Жұмаш Айтпекова Сарысу ауданының тумалары екен. Жуалыға көшіп келгендеріне 20 жылдай уақыт болыпты. Ермаханбет ата колхозда малшы, механизатор болып еңбек етсе, Жұмаш апай бастауыш сыныптың мұғалімі болып еңбек етіпті. Қариялар бес қыз, үш ұл тәрбиелеп, бүгінде ұрпақтарынан 30-дан аса немере, сегіз шөбере сүйіп отыр екен.
Салтанат 1994 жылы Талас ауданының Саду Шәкіров ауылында өмірге келген. Бала кезден ата-әжесінің тәрбиесінде болады.
Мектеп біріген соң Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары политехникалық колледжге радиоэлектроника және байланыс бөліміне оқуға түседі. 18 жасында тұрмысқа шығады. Еңбек жолын ауылдық әкімшілікте «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен бастайды. Ал, бүгінгі таңда ауылдық кітапханада әдіскер болып еңбек етеді.
-Барлық келінім жақсы. Бірақ Салтанатым ерекше. Оны «алтын» келінім деймін. Үйдің бар шаруасын атқарып, қас-қабағымызға қарап отыр. Аталап, апалап жүреді. Бізге одан артық не керек?! Былай шықсам келінімнің «апа» деген сөзін сағынамын.
Қателігі болса, ақылмен айтып түсіндіремін. Саналы адам бір айтқаннан түсінеді. Әркім сыйлағанының құлы. Аллаға шүкір, біз бақытты отбасымыз,- дейді Салтанаттың енесі Жұмаш апа.
-Бұл шаңыраққа 18 жасымда келін болып түстім. Ата-енем, үй іші мені өте жылы қабылдады.
Жолдасым да байсалды, жақсы адам. Сыйласып өмір сүріп келеміз.
Ата-енемен бірге тұрған маған ұнайды. Себебі, өзім ата-әжемнің тәрбиесінде болғанмын. Осы кісілерге қызмет етіп, батасын алғым келеді.
Аллаға шүкір, төрт ұлымыз бар. Тұңғышымыз Әділжан алдағы оқу жылында 1 сыныпқа барады. Асылхан мен Марлен балабақшаға баратын. Карантинге байланысты дәл қазір үйде. Шерханымыз әлі жасқа толған жоқ.
Ауыл болған соң жұмыс көп. Ауылда газ жоқ. Қысы-жазы от жағып тамақ істейміз. Үйде үлкен кісілер болғандықтан көбінде ет асамыз.
100 шақты тауықтарымыз бар. Сиырымыз бар. Бау-бақшаның жұмысы дегендей…
Қыста қолым босағанда тоқыма тоқимын.
Өлең шығаратын да өнерім бар. Ауылда ұйымдастырылатын байқауларға қатысамын. Көктемде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ауылдық мәдениет үйінде өткен «Ана – парасат патшайымы» атты жас келіндер арасындағы байқауға қатысып, ІІ орынды иелендім. Жалпы, көпшілікті жақсы көремін,- дейді Салтанат Талғатқызы.
Салтанат шығарған өлеңдерін әлеуметтік желідегі Инстаграм парақшасына салып отырады екен.
Өлеңдері негізінен анасына, әкесіне, нағашыларына, бауырларына арналыпты. Өмір жайлы жазған өлеңдері де көп. Сонымен бірге жастарды сабырлы болуға, өкпешіл болмауға, басындағы бағын бағалай білуге шақырған өлеңдері де бар.
Шығармашылыққа жаны жақын, жүрегі нәзік ару ана, үлгілі ауыл келіні, асыл жар Салтанаттай ауыл келіндері лайым көп болсын.
Өсіп өнген үлкен, мерейлі, бақытты отбасыларымыздың қатары көбейе беруіне тілектеспіз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»