El іshі

Тағылымға толы экспедиция

Өткен аптаның аяғында Жуалы ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қолдауымен Жамбыл облысы «Қазақстан студенттерінің Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігі ауданның әр өңірінен көпбалалы, аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларға арнап «Ерлікке толы ұлы жол» атты экспедиция ұйымдастырды.

Жастардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, тарихи-мәдени жерлерге саяхат жасау, тарихи жәдігерлеріміздің қадір-қасиетін дұрыс түсінуге, өз өлкесінің тұмса табиғатын толық білуге шақыру мақсатын көздеген бұл саяхаттың оған қатысқан жастарға бере тағылымы зор болды.
Шараға қатысушылар орталық алаңға жиналды. Жамбыл облысы «Қазақстан студенттер Альянсы» қоғамдық бірлестігі белгілеген экспедицияның бағдарламасына сай осында қатысушылармен өткізілген ашылу салтанатынан кейін экспедиция Бауыржан Момышұлы ауылындағы тарихи-өлкетану мұражайынан бет түзеді.
Шараға қатысушы жастар әрі қарай Тараз қаласына жол жүріп, «Жеңіс» саябағына, «Көне Тараз» этномәдени кешеніне саяхаттады. Жастар өздері болған тарихи-мәдени орындарда көкейдегі түрлі сауалдарын қойып, қажетті жауаптарын ала білді.
Экспедицияға қатысушылар «Көне Тараз» археологиялық саябағында «Тараз әуендері» стелласының салтанатты ашылуына қатысты. Қазіргі таңда бұрынғы ескі базар аумағында орын тепкен саябақты қала тұрғындары мен қонақтарынан басқа шетелдік меймандар да аралап тамашалауда.
– Археологиялық саябақ Тараздың тарихын ұлттық құндылыққа айналдырып, жергілікті, аймақтық және халықаралық деңгейлерде туризм индустриясын дамытып, Қазақстаннан тысқары елдерге кең көлемде танытуға мүмкіндік туғызады. «Көне Тараз» жаңа ұлттық туристік бренді құрылып, Тараз қаласы орталығының жаңа келбетін қалыптастырады, – дейді жастарды экспедицияға бастап апарып келген, шараның басы-қасында жүрген Бауыржан Момышұлы ауылының жастар ісі жөніндегі инспекторы Элмира Сүйінбаева.

Абылайхан Сәрсен,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close