El іshі

Мал дәрігері – сұранысқа ие мамандық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында еліміздегі ветеринария саласын жетілдіру мәселесіне айрықша назар аударды. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешенінің дамуы сапалы ветеринариялық қызмет көрсетуге байланысты екені белгілі.

Мал дәрігері болуды кейбіреулер сәннен қалған мамандық деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес, мал дәрігері – сұранысқа ие мамандықтың бірі.
Мал дәрігерлері жан-жануарлардың ауруларын емдейді, әртүрлі аурудың алдын алу үшін екпе салып, қажет болғанда ота жасайды, малдан алынған ет, сүт, т.б. өнімдерге бақылау жүргізіп, осы өнімдердің жарамды-жарамсызын айырады. Яғни «Медицина – адамды емдесе, ветеринария – адамзатты емдейді» демекші, ветеринария маңызды сала. Дегенмен, жан-жануарларға қамқорлық жасау ұнайтын жан болса ғана бұл мамандықты таңдай алады. Яғни, аяғынан тік тұрып қызмет қылу, ұзақ жүріс-тұрысқа шыдамды болу, әрбір жануардың өзіне тән исіне төзу екінің бірінің қолынан келмейді.
Ауыл шаруашылығын дамыту үшін үкімет тарапынан мал дәрігерлік мамандыққа қолдау көрсету қажет. Себебі, мал ауырса ауыл шаруашылығы саласы шаш-етектен шығынға батып қана қоймайды, адамға да жұғып, халық өміріне қауіп төндіреді.
Осындай сұранысқа ие мамандықты 20 жылдан астам уақыт игеріп, қыр-сырын меңгеріп жүрген мал дәрігерінің бірі – Нұрлыкент ауылындағы ветеринариялық пункттің меңгерушісі Төлеби Замбаев.
Төлеби Әскерұлы 1975 жылы Нұрлыкент ауылында дүниеге келген. Ауылдағы М.Ломоносов атындағы орта мектепті 1993 жылы аяқтап, қазіргі Т.Рысқұлов (бұрынғы Луговой) ауданындағы Құлан ауылшаруашылық колледжіне оқуға түсіп, веттехник мамандығын алып шығады.
-Бұл мамандыққа кішкентайымнан жаным жақын болды. Өзіміз ауылдың баласы болған соң, үйде төрт-түлік малының бәрін ұстадық. Солардың бір жері ауырып қалса, білетін адамдай қасыннан шықпаймын, солай осы мамандыққа деген қызығушылығым ояна бастады.
Орта мектепті аяқтаған соң үйдегілерге мал дәрігері боламын деп, Т.Рысқұлов ауданындағы колледжге оқуға түстім. Ол жақта үш жыл оқып, мамандықтың қыр-сырын үйрендім. Бірақ ауылға келіп бұл мамандықпен бірден жұмыс жасаған жоқпын. Арада үш жыл өткен соң ауылдағы мал дәрігерлік пунктіне веттехник болып орналастым. Ол уақытта ауылдағы мал дәрігерлік пунктті жоғары білімді маман Күмісбек деген кісі басқаратын. Басында кіргенде қатты қиналдым. Негізінде әр мамандықтың өз қиындығы болады. Мал адам сияқты қай жері ауырып тұрғанын айтпайды. Өзің барып көріп, тексеріп айтасың. Кей кездері қателесіп кетесің.
Солай Күмісбек ағайдың қасында төрт-бес жылдай веттехник болып жүрдім. Осы уақыт аралығында осы мамандықтың қыр-сырын терең меңгердім.
Уақыт өте фельдшер болдым. 2019 жылы ветпункт меңгерушісі болдым.
Ауылдың тұрғындары ірі қара малдарын маған сеніп тапсырады. Малдары ауырып қалса күн-түн демей біз барып, сол ірі қара жазылғанша жүреміз.
Қазіргі таңда ауылдық округте 4500 мүйізді ірі қара мал, 6000 уақ және 325 бас жылқы бар, – дейді Төлеби Замбаев.
Ауылдық округтегі ветеринариялық пунктте Төлебиден басқа төрт жігіт жұмыс істейді. Біреуі санитар, қалған үшеуі фельдшер.
Төлеби Әскерұлы жары Жәмилә екеуі бес бала тәрбиелеп отыр. Үлкендері әскерде болса, кішкентайы балабақшада. Ал қалғандары мектеп жасындағы балалар.
Төлеби Әскерұлы таңның атысымен жұмысқа кетіп, кеш келеді. Үйдегі тірлікті 11 сынып оқитын ұлы атқарады.
Төлеби Замбаев мал дәрігерлік жұмысынан бөлек ауыл шетіндегі алқаптардың біріне бау-бақша дақылдарын егіп, қосымша табыс табады.
-Қазір ірі қара малының арасында ауру басылды. Жазды күндері ящурь, асқорыту жүйесінің ауруы көп тарады. Уақтысында ем-дом жасап, аурудың алдын алдық. Жылына екі рет, көктемде және күзде біз ірі қара малдарға вакцина саламыз және қан талдамасын алып тұрамыз. Ірі қара малдар көбінесе көктем мезгілінде көп ауырады.
Біз сырттан келген малдарды 21 күн карантинге қоямыз. Өйкені сырттан келген ірі қара мал ауру болса, басқа малдарға жұқпауы үшін алдын ала сақтанамыз. 21 күннен кейін сырттан келген ірі қара малға сырға салып, паспортын дайындап, вакциналарын саламыз.
2019 жылы ауылымызға ветпункт салып берді. Осыған дейін ауыл әкімшілігі аппаратының бір кабинетінде отыратын едік. Қазір жағдайымыз жақсы. Интернет, ноутбук, компьютермен жабдықталды. Баяғыдай интернет болмай, ана жерге, мына жерге барып жүрмейміз. Қазір өзімізде отырып бәрін базаға тіркей береміз.
Қазір баяғыдай емес, бұл мамандыққа деген сұраныс көбейді. Бұл да болса бір жақсылықтың нышаны шығар, – дейді Төлеби Әскерұлы.

Таңдаулы материалдар

Close