El іshі
“Мен жастарға сенемін!”
Бабаларымыздың бала тәрбиесінде ұлттық ойындардың да үлкен рөл атқарғаны сөзсіз. Бұл ойындар баланың зеректігін арттырып, зейінін ашады, шынықтырып, ширықтыратын болған.
Осы ретте, білім беру мекемелерінде қазақтың ұлттық ойындарының бірі тоғызқұмалақ ойынының үйірмесін №2 Мыңбұлақ орта мектебінде 30 жылдан астам еңбек өтілі бар дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бекжан Бексұлтанов 2007 жылдан бері жүргізіп келеді.
Бүгінде үйірме аптасына төрт рет өткізіліп, 9 жастан бастап 18 жасқа дейінгі 16 оқушы қамтылуда. Бекжан Сайлауұлының оқушылары облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы. Яғни, облыстық “Ұлттық мектеп лигасы” бағдарлармасындағы тоғызқұмалақтан Әсел және Данагүл Төребай, Азат Тұралы, Жандәулет Сайлау І орын жеңімпазы атанса, тоғызқұмалақтан әйелдер арасындағы облыстық чемпионатта жекелей түрінен Ақтілек Сайлау жүлделі орынды иеленген. Сонымен қатар, командалық есепте де жуалылық оқушылар алдыңғы қатарлы ойыншылар атанып жүр.
-Тоғызқұмалақты білім ошағында алғашқылардың бірі болып қолға алған едік. Жаттықтырушы ретінде өзіміз де ізденіп, ойынның қыр-сырларын үйрендік. Мен облыстық аға жаттықтырушы Мейрамбек Ноғайбековтен, мектептің технология пәнінің мұғалімі Жылқыбай Майлықараевтан ұлттық ойынның ерекшеліктері мен ойнау ережелерін меңгердім. Міне, сол уақыттан бері мектепте балаларды ұлттық ойынмен тәрбиелеп келе жатырмыз.
Тоғызқұмалақты балаларға 9 жастан бастап үйреткен дұрыс. Ойын жас ерекшеліктеріне қарай үйретіледі және жарыстарға 10 жастан бастап қатыса алады. Әр жас өз қатарластарымен ойын ойнайды.
Бұл ұлттық ойын баланы біріншіден, шыдамдылыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Екіншіден, баланың ақыл-ойына, миына арналған жаттығу деп есептеледі. Сондай-ақ, тоғызқұмалақ ойнаған бала есепке жүйрік, ойлау қабілеті жоғары болады, – дейді Бекжан Сайлауұлы.
Жаттықтырушының айтуынша, тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы екі қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған 81 құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны бастаушы, екінші жүріс жасаған ойыншыны қостаушы деп атайды. Балаларға жүріс жасау, құмалақ ұту, тұздық алу, атсырау ережелері үйретіледі.
Ойынның бірінші ерекшелігі, ойын барысында кез келген отауда бір ғана құмалақ қалғандай болса, ол құмалақты келесі отауға жүруге болады, ал отау бос қалады. Сондай-ақ, ойыншы отаудан жұп болғанда құмалақты алады, тақ болса құмалақ отауда қалады. Екіншіден, ойыншы тұздық алуды үйренуі керек. “Тұздық” алу үшін соңғы құмалақ қарсыластың екі құмалағы бар отауларының біріне (9-шы отаудан басқасына) түсіп, ондағы құмалақтар санын алғаш рет үшке толтыруы керек. Ойыншы “тұздық” алған отауына арнайы белгі қояды. Енді сол “тұздық” жарияланған отауға түскен құмалақтардың бәрі “тұздық” алған ойыншының қазандығына аударылып отырады. Тағы бір ескеретін жағдай, “тұздықты” ойын барысында бір рет қана алады және аттас отаулардан “тұздық” алуға болмайды екен.
Маманның айтуынша, аттас отаулар деп – нөмірлері сәйкес келетін отауларды атайды. “Үшінші ерекшелік “атсырау” деп аталады. Ойын соңына қарай қай ойыншының жүретін жүрісі болмай қалса, сол ойыншы “атсырауға” ұшырады деп есептелінеді. Қарсыласын “атсырауға” ұшыратқан ойыншы өзінің отауларында қалған құмалақтардың барлығын қазандығына салып алады, міне осыдан кейін ғана әр ойыншы өздерінің ұтып алған құмалақтарының есебін шығарады” дейді Бекжан аға.
– Үйірмеде балалар бір сағат ішінде ұлттық ойынды ойнаудың қыр-сырын үйренеді. Ойынның өз жүру ерекшеліктері болады. Сол ережелерді алғашында балалар үйреніп, одан кейін комбинация құрады. Яғни, шабуыл жасауды, қорғануды игереді. Ойыншы шабуыл жасап, қорғана білуі тиіс. Оқушылар ойынның ережесі бойынша қарсы шабуылды меңгергені жөн.
Бұл – ойын өзге ұлттық ойындарға қарағанда күрделі әрі қиындау. Сол себепті, баланы асықтырмай, ережелерді шетінен үйреткен дұрыс. Қабілетіне қарай жүрістерін үйретіп, есептеп, жүрістерін көбейтуді көрсеткен абзал. Одан бөлек, отаудан құмалақты алған кезде қолдың икемділігі болуы қажет. Жалпы ойынның құрылысы отаудан алып жүру, қазандыққа жинау деген мағынаны білдіреді.
Тоғызқұмалақ ойынының үш түрі бар: біріншісі классикалық деп аталады. Бұл ойында үш сағат ойын болады, яғни ойыншыға және әр қарсыласқа 1,5 сағаттан уақыт береді. “Рапид” деген түрінде әр ойыншы 20 минут ішінде есепке жүйріктігі мен жылдамдығын алға тартып, қарсыласын басып озуы керек. Ойын 40 минут ішінде аяқталуы тиіс. Әрі берілген уақытта тиімді пайдалануы тиіс. “Блиц” деп аталатын үшінші түрінде әр ойыншыға 7 минут уақыт беріледі. 14 минут ішінде ойыншылар ойынды дұрыс аяқтауы керек. Жеңіске жету үшін ойынның соңында жүрістің санын көбейту керек. Егер де ойыншы қазандыққа 82 құмалақ жинаса, жеңіс соның қанжығасына бұйырады, – дейді жаттықтырушы.
Сонымен қатар, Бекжан аға сұхбат барысында ауданда ұлттық ойын саналатын тоғызқұмалақтан жолдастық кездесулер көбірек өткізілсе деген ұсынысын жеткізді. Ұлттық ойынды барынша дәріптеу мақсатында ұстаздар бір-бірімен тәжірибе алмасып, мектепаралық ойындар ұйымдастырылса деген тілегін білдірді. Мектептегі үйірмеде дарынды балаларға ойынды дұрыс үйретіп, аудан көлемінде ұлттық ойынды дамыту қолға алынса дейді.
Ол алдағы уақытта ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылатын жарысқа қатысып, жүлделі орыннан көрінуді жоспарлауда. Сондай-ақ, 10 және 14 жас аралығындағы балаларды ұлттық ойынмен сусындатып, республика көлеміндегі жарыстарға шығаруды басты мақсат санауда.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»