El іshі

Шекара қызметінің үздігі

 

«Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті» деп Ата Заңда көрсетілгендей, туған жұртын сүю, Отанына қалтқысыз қызмет ету әрбір ел азаматының қасиетті борышы. Осы борышын өтеуге барып келген талаптылық Талғат Айдаралы шекарадағы қыралығы үшін «Шекара қызметінің үздігі» ІІ дәрежелі медалімен марапатталды.

Жақында аудандық қорғаныс істер бөлімінде сарбазға марапаты арнайы тапсырылған соң Талғат анасымен бірге редакцияға келді.

Талғат 1999 жылы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ауылдағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепті тамамдаған. Одан кейін Тараз химия-технология колледжін энергетик мамандығы бойынша бітірген. Әкесі Насурулла Қонарбеков орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде механизатор болып жұмыс істейді. Ал, анасы Салтанат Әкінқызы аталған мектепте техникалық қызметкер.

Ол 2020 жылы көктемгі шақырылыммен алғашында Қордай ауданындағы №2727 әскери бөліміне түседі. Бірнеше айдан соң Талғаттың еңбекқорлығы мен зеректігі ескеріліп, Мақтарал ауданындағы Бостандық шекара заставасына жіберіліп, әскери міндетін осы жерден өтеп шығады.

– Әскер мені спортқа баулып, жақсы жағынан тәрбиеледі. Әр нәрсе уақытымен. Тазалық пен тәртіпті үйретті. Өмірдің қадірін түсініп, ата-ананың ыстық алақанын аңсатты. Кез келген қиындыққа мойымай, антыңа берік болып, Отанды қорғау асыл міндетіміз екенін ұғындырды.

Біз әскери міндетімізді өтеуге кеткен кезде елімізде төтенше жағдай жарияланып, абыр-сабыр болып жатты. Ант қабылдау рәсімі де бұрынғыдай көпшіліктің, ата-ана, достарымыздың алдында өтпеді. Ата-анамызбен қашықтан басшылар хабарласып, онлайн режімде құттықтады.

Ант қабылдаған ер азамат берген сертіне әрдайым берік болуы керек. Отан мен отбасын қорғап, адал қызмет ете білуіміз керек.

Әскер қатарында жүріп радиотелефоншы және барлаушы қызметтерін атқардық. Бұл қызметтер кезінде Түркістан облысының аймақтарындағы әскери бөліммен тікелей байланысқа түсіп отырдым. Шекара заставасындағы жағдайдың тұрақтылығы жайында баяндадым.

Шекара қызметіне түскендіктен бізге аса қырағылық пен сақтық керек. Әрдайым өзіңді сергек ұстап, кез келген нәрсеге дайын болып тұруың қажет. Қордай ауданындағы әскери бөлімде маған РЛС-аппаратын қалай қолдануды үйретіп, арнайы маман ретінде Мақтаралға жіберді. Ол аппарат шекараны бұзуға ұмтылған жандарды алыстан анықтайды. Оның тілін меңгеру де өте қиын. Бостандық заставасында шекара күзетінде үнемі өзіммен бірге осы құрылғы жүреді. Бірде шекараны бұзып өтпекші болғандарды ұстап, басшылыққа жеткізген болатынмын. Көбінесе түнгі кезекшілікке түсетінмін. Қасымда сенімді серік, үйретілген ит те бар.

Бос уақытымызда өз-өзімізді ретке келтіріп, тазалыққа мән береміз. Әскери өмірге байланысты түрлі тақырыптарда лекция жазып, кітап оқимыз. Демалыс күндері ата-аналарымызбен сөйлесеміз. Спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық,- дейді жас сарбаз Талғат.

Қазіргі таңда ол Тараз қаласындағы супермаркетте жұмыс істейді. Қосымша аудан орталығында «Кәусар» көлік жуу орталығын ашып, кәсіпкерлігін де жүргізуде. Арманы – ата-ана үмітін ақтау, жеке кәсіпкерлігін дамыту, ауданның көркеюіне үлесін қосу болып отыр.

-Бір взводқа 23 жігіт әр жақтан жиналдық. Әскери міндетімізді өтеп кетсек те әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз. Жауынгер достардың ішінде меркілік Алмас Доқтырхан сырласым, досым ретінде маған өте қымбат. Ең жақын жауынгер досыммен бос уақытымызда көп сырласып, бір-бірімізден кез келген жерде көмегімізді аямадық. Сонымен бірге басқа да жауынгерлермен бір отбасының баласындай ұйымшыл болдық. Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін деген ұранды ту еттік. Ал, аға лейтенант Дәурен Артығалиев пен Шайзаданов, сержант Қазақбаев және өзге де әскери қызметтегі ағаларымды үлгі тұтамын. Олар әскердегі мінсіз қызметімен қоса, ағалық қамқорлық, шынайы қарым-қатынас орната білді. Әскери адамның қандай болуы керектігін көрсетті. Отанға адал қызмет етуді үйретті, – дейді ол ағынан жарылып.

Ал, анасы Салтанат Әкімқызы ұлының әскердегі жетістігі, Отанына адал қызмет етіп келгендігі артынан ерген інілеріне үлгі-өнеге болғанын айтады. «Ұлым мектеп кезінен спортқа жақын еді. Бокспен айналысып, жетістіктерге де жетті. Оқу орнын да жақсы үлгеріммен бітіріп шықты. Қайтпас қайсарлығы, тік сөйлейтіні әрі тұйықтау мінезі өзінің ерекшелігін көрсетеді. Шыдамдылығы мен еңбекқорлығы, әрі білімділігі әскерде қажетіне жарады. Әлі де оны әскери қызметке шақыруда. Өзі де әскерге тағы шақырса тағы барамын деп отыр. Меңгеріп келген аппаратты шекара заставасындағылар өзгелерге үйретуін сұрануда» дейді.

Иә, әскер ер азаматты шымыр қылумен қатар, өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Бір жыл ішінде өзіне керекті нәрсені алған Талғат та Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, қасиетті борышын өтеп келді. Оның әскердегі мұндай мәртебеге ие болуы ата-анасы үшін ғана емес, бүкіл жуалылық үшін мақтаныш. Лайым, осындай қырағы әрі Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі бар ер азаматтардың қатары көп болғай.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close