El іshі
Ауыл жаңалықтары
Ақсай
«Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, Түркістан облысына қарасты Арыс қаласында орын алған жарылыс көпшіліктің қабырғасын қайыстырғаны белгілі. Отандастарымыздың басына түскен дәл осындай ауыртпашылық кезінде жуалылықтар да сауапты істен шет қалмай, зардап шеккен жұртқа өздерінің көмек қолын созуда. Осы орайда, ауылдық округке қарасты Қайрат ауылдық мешітінің жамағатынан жиналған 100 000 теңге қаражат мешіттің ақылдастар алқасының шешімімен Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек көрсету қорына аударылды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары арыстықтарға керекті азық-түліктерді жіберіп жатыр.
Боралдай
Ауылдық округте «Көлтоған» су тоғанына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тендерді ұтып алған жеке кәсіпкер «Акимова» 6296,082 теңге қаражат көлемінде жұмыстарды атқаруда. Атап айтқанда, Көлтоған ауылына су келетін бел арық пен су тоғаны ұйықтан тазаланды. Сонымен қатар, көлік және мал өтетін үш жерге көпір салынып, су ағысын реттейтін шлюз орнатылды. Қазіргі таңда тоғанды тазалау жұмыстары аяқталып келеді.
Көктөбе
Ауылдық округте шағын және орта бизнестің санын арттыру және кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Көктөбе ауылынан жеке кәсіпкер Рахима Ізімбетова тігін цехын ашты. «Rahima» тігін цехының иесі екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта жұмысын жаңадан бастаған орталық тұрғындар үшін қызмет ететін болады.
Қызыларық
Ауылдық округке қарасты Теріс-Ащыбұлақ ауылындағы Теріс өзені мен «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы маңында жаз мезгіліндегі шомылу науқанында тыйым салынған жерлерде шомылуға болмайтынын ескерту және су айдынында қауіпсіздік ережелерінің сақталуына рейдтік жұмыстар жүргізілді. Шараға Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мамандарымен қатар округтің судан құтқарушысы Қуаныш Сатыбалдиев, жергілікті полиция инспекторы Есенбек Алиасқаров қатысты.
«Бірге – Таза Қазақстан!» атты жалпыреспубликалық сенбілік өткізу туралы үндеуді қолдау мақсатында ауылдық округте сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікте ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері, «Қызыларық» және «Балбөбек» бөбекжай-балабақшаларының ұжымдары, ауыл тұрғындары белсенділік танытты.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»