El іshі
Қарасазда сұлулық салоны ашылды
Қарасаз ауылдық округі кәсіпкерлігі кең өрісіп алып, дамыған елді мекеннің бірі. Аталған елді мекеннің тұрғындары кәсіпкерліктен нәсібін көріп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Мұнда супермаркет, шағынмаркет, жанар-жағармай құю бекеті, тігін ателесі, құрылыс дүкені, техника жөндеу орталығы, дәріхана, мейрамхана тағы басқа да кәсіпкерлік нысандары бар. Ал, жақында ауылдық округтің кәсіпкерлік нысаны тағы бір нысанмен толықты. Яғни, Қарасаз ауылының орталық көшесінен Зарина Бипозова «Арзанкүл» атты сұлулық салонын ашты.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Жанар Нұрмұратқызы және тұрғындар қатысып, жеке кәсіпкерге сәттілік тіледі. Ашылу салтанатында шашу шашылып, нысанның лентасы қиылды. Жиында ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Ж.Нұрмұратқызы сөз алып, ауылға керекті әрі пайдалы кәсіпкерлік нысанынның ашылғанын қуанышпен жеткізді.
«Жас келсе, іске!» демекші, жас кәсіпкер Зарина Бипозова сұлулық салонын өз күшімен ашып отыр. Ол қазіргі уақыттың талабына қарай бейімделіп, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуді көздейді. Негізінен Зарина көпбалалы отбасында дүниеге келген. Осы ауылдың тумасы. Ауылдағы А.Пушкин атындағы орта мектептің түлегі. Тараз қаласындағы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдаған. Оқу бітірген алғашқы жылдары ауылдық округ әкімі аппаратында жас маман ретінде жұмыс істеген.
-Ата-ананың тілеуі, ақ батасы осындай жетістікке жетуіме алып келді. Шүкір, олар мені үнемі қолдап, бағыт-бағдар беріп отырады. Мына ғимаратты әкем Серікбай өз қолымен соғып берді. Ата-анама бұл шешімімді, ойымды құптап, өз ісімді бастауыма жол сілтегендері үшін алғысымды білдіремін.
Жалпы мақсатым – ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсету, кәсібімді кеңейтіп, ауылымның көркеюіне, дамуына өз үлесімді қосу.
Сұлулық салонында қазіргі таңда өзіммен қоса, тағы бір адам жұмыс істейді. Ғимарат іші керекті дүниелермен толықтырылып, жұмыс барысында қолданылатын заттар алынды. Заттар көбінесе Тараз қаласынан әкелінеді. Бір шаштараз бар. Ол ер азаматтарға қызмет көрсетеді. Өзім тырнақ, кірпік күтімін жасап, сәнді шаш үлгілерін жасаймын. Алдағы уақытта тағы бір адамды жұмыспен қамту ойда бар. Яғни, әйел азаматтарына қызмет көрсететін шаштараз керек. Оны іздестіру үстіндеміз.
Сонымен бірге, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Сұлулық салонында көрсетілетін өзге де қызмет түрлерін енгізу, кеңейту жоспарымда бар, – дейді Зарина Серікбайқызы.
Анасы Валентина Александрқызы қызының сабырлы, салмақты мінезді жан екенін тілге тиек етті. Балаларымызға қолдау білдіру – біздің ата-аналық міндетіміз. Сондықтан Заринаның қалауына қолдау білдіріп, аяғынан тік тұруына атсалысуымыз керек. Жас та болса бұл істі алып кететініне сеніміміз мол. Өйткені, ол үшін де тәжірибесі бар. Ол бір жыл Тараз қаласындағы сұлулық салондарда оқып, сертификат алды. Тәжірибеден өтіп, жұмыс жасады» дейді анасы.
Заринаға тек отбасы ғана емес, бүкіл ауыл тілекші болып отыр.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»