El іshі

Еңсесі биік, мерейі үстем Абсалямовтар отбасының ұрпаққа берер ұлағаты мол

«Үлгілі отбасы – қоғам тірегі» дегендей, үлкендерден үлгі алып, артынан ерген ұрпағына лайықты үлгі-өнеге көрсетіп жүрген отбасылардың беделі әр уақытта да асқақ. Осындай отбасылар қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл Қарабастау ауылында да баршылық. Қасиетті ауылдағы іргесі берік, түтіні түзу ұшқан отбасылардың бірі ретінде бұл жолы Абсалямовтар отбасын көпшілікке үлгі етпекпіз.

Отағасы Еңсебек Түгелбайұлы саналы ғұмырының елеулі бөлігін ұрпақ тәрбиесіне арнап, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған қадірлі ардагерлердің санатында. «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген жақсы сөз осындай ардақты ардагерлерге қаратылып айтылған ба дерсің?! Еңсебек ата зейнет жасында болса да қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Ауылдағы кез келген тірлікке белсене араласады. Оған қоса Билікөл ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін біраз жылдан бері абыроймен атқарып жүр.
Еңсебек Түгелбайұлы 1950 жылы Дарбаза ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ауылдағы бастауыш мектепті бітіріп, 1966 жылы бұрынғы Билікөл орта мектебін тамамдайды. Әкесі Түгелбай Абсалямұлы Ұлы Отан соғысының ардагері, ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы болған. Ал, анасы Жылыбұлақ ауылының тумасы, тоғыз баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана еді.
– Біздің әулеттен Ұлы Отан соғысына үш адам қатысқан. Атам Абсалям және оның ағасы, менің әкем майданға аттанған. Әкем атамнан кейін 18 жасында соғысқа аттанып, алғашқыда Өзбекстанда дайындықта болған. Кейіннен бір жыл майданда болып, жараланып, Украина майданынан елге қайтарылған. Ал, атам болса артқы шепте жүріп, асханада қызмет еткен. Кеннисберг деген қаладан қайтқанмын деп айтып отырушы еді жарықтық. Әкем соғыстан елге аман-есен оралып, Жамбыл мал дәрігерлік техникумына оқуға түсіп, оны 1948 жылы бітіріп шығады.
Соғыстың зардабы ұзаққа дейін сезілгені белгілі. Соның бірі ол тұста ауыл шаруашылығы мамандарының тапшылығы сезіле бастаған. Әкемнің оқу бітіргенін ескеріп, оны бұрынғы Билікөл қой совхозына жұмысқа жібереді. Анам Рыскүл екеуі 1949 жылы отау құрып, Тамды совхозына бас мал дәрігері ретінде жіберіп, онда олар төрт жыл жұмыс істеп келеді.
Мені ата-әжемнің қолына қалдырады. Әжем Төлбасы тұңғыш немерелерін бауырына басып, ұлттық тәрбиемен тәрбиелейді. Содан болар, анам менің атымды атаған емес. Немерелеріне бар мейірім-шапағатын аямай төккен асыл әжем 87 жасында қайтыс болды, – дейді ардагер Еңсебек Түгелбайұлы.
Еңсебек аға Түркістандағы индустриалды-педагогикалық техникумын өндірістік оқу шебері мамандығы бойынша бітірген. Оқу бітіріп, техникумда бір жылдай жұмыс істеген. Жас маманның ауылға қайтуына әкесінің 47 жасында өмірден ерте озуы себеп болады. Әкеден кейін бас көтерер ұл Еңсебек анасына қамқорлық жасап, бауырларының аяққа тұруына көп күш салады. Анасының үй шаруасындағы қарапайым қазақ әйелі екенін ескеріп, оған ауыртпашылық түсетіні жанына батады. Ауылға оралған соң ол қазіргі Қарабастау ауылындағы Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепке еңбек пәнінің мұғалімі болып орналасып, онда табаны күректей 41 жыл ұрпақ тәрбиесіне үлесін қосады.
Ол ат жалын тартып мінгеннен бастап ел ісіне белсене араласып келеді. Заман талабын сезіне білген, ойы ұшқыр, құлашын кеңінен сермей алатын жас екенін көрсете білді. Еңбекқорлығымен ауыл мектебінің мұғалімдігінен комсомол хатшылығына тағайындалады. Хатшылық кезінде ізденімпаздығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екеніндігін байқаған оны партия қатарына қабылдап, партия ұйымы хатшысының орынбасары етіп сайлайды. Партия тараған соң да, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ауылдағы мектептің кәсіподақ ұйымын басқарып, жұмысшылардың құқығын қорғайды.
-Саналы ғұмырым мектепте қарбалас күндермен өтіп, осы жұмыстың арқасында анама қарайласып, бауырларымды да аяқтандырдық. Зейнет жасына жетіп, 2013 жылы мектеп ұжымы мені демалысқа құрметпен шығарып салды. Күнделікті тірлікке үйренген мен үшін тағы бір пайдалы іспен айналысу керек болды. Осы сәтте, зейнет демалысына кетпей тұрып, 2011 жылы ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшелігіне қабылданған болатынмын. Енді, міне, ауылдың жоғын жоқтап, түгендеп, қордаланған мәселелерді тұрғындармен бірге көтеріп, шешудеміз. Ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайлануыма ұстазым Сайлаухан ағайдың ықпалы көп болды. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, осындай нар тұлғалы азаматтың тәрбиесін көріп, буынымыз қатайып, үлкен өмірге қадам бастық, – дейді ол өз сөзінде.
Еңбегіне қарай құрмет көрсетілу қашанда заңдылық. Ардагердің ұзақ жылғы ұрпақ тәрбиесіндегі және ауылдың дамуына қосқан үлесі мен еңбегі лайықты бағаланып, өткен жылы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен қоса Еңсебек Түгелбайұлына «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағы беріледі.
Ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде Еңсебек аға діни жорағылардың жөнсіз жасалуының алдын алып, қариялардың бірауыздан қолдауының нәтижесінде 2015 жылдан бастап өлім-жітімде шапан, жыртыс таратуды тоқтатуға шешім қабылдайды. Ардагер ауылға табиғи газ тарту мәселесін жиі көтеріп, облыс деңгейіне дейін хат жазады. Ауылдағы қасиетті қарабастауды тазалап, айналасын қоршап, абаттандыруға күш салады. Бәйдібек көшесінің жөнделуіне еңбегі сіңеді. Оның назарынан көшені жарықтандыру мәселесі де тыс қалған емес. Ауыл әкімімен бірге тізе қосып, бірігіп, барлық жұмыстарды атқарады. Әлі де қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, мәдени, спорттық шараларға да араласады. Мектеп ұжымы, ауыл жастары ардагерді ардақтап, әрдайым құрмет көрсетеді.
Халықтың алақанындағы азаматтың жаманын жасырып, жақсысын асырып, сыртқа шашпау қазақ әйеліне ғана тән қасиет емес пе?! Осы ретте, Абсалямовтар отбасының отанасы Балқия Әбдіралиева да саналы ғұмырының 48 жылын кітапхана саласына арнаған жан. Өзінің биязылығымен, көркемдігімен қазір ауылға сыйлы ақ жаулықты аналардың бірі. Жаны тазалықты, әсемдікті сүйеді. Әрдайым өзінің біртоға мінезімен де отбасының берекесін келтіріп, бір шаңырақтың ұйытқысына айналған.
Еңсебек аға 47 жыл отандасқан жары екеуі өмірге бір ұл, үш қыз әкеліп бүгінде ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырған. Балалары да әр саланың мамандары. Тұңғыштары Гүлмира Тараз қаласындағы «Туркуаз» түрік компаниясында бөлім меңгерушісі болса, ал Баяны Нұр-Сұлтан қаласында сауда-саттықпен айналысады. Ұлдары Мұрат Таразда жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Келіндері Гүлжан зейнетақы қорында аудит маманы болып жұмыс істейді. Кенжелері Мадина анасының жолын қуып, Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін кітапхана ісі мамандығымен бітірген. Үлгілі отбасының ұрпағы өніп-өсіп, перзенттерінен 12 немере, екі шөбере сүйіп отыр.
-Әр отбасының өмірлік ұстанымы, бала тәрбиесіндегі ерекшелігі әртүрлі болады. Бірі балаға қаталдық танытса, енді бірі мейірімін төгеді. Дегенмен ата-ана бауыр еті баласының жаман болғанын қаламайды. Мейлі қаталдық танытсын, мейлі шексіз сүйіспеншілікпен тәрбиелесін, біздің қалауымыз бір ол – баламыздың адам болуы. Ол үшін баланы жастай тәрбиелеп, өмірдің қилы кезеңдеріне төтеп бере алатындай тұлға етіп қалыптастыру қажет. Біздің отбасымыздың ұстанымы – еңбек ету. «Еңбек бәрін де жеңбек» деген. Өзімнің мамандығым осы еңбекпен байланысты болған соң үйдегі балаларым мен мектептегі оқушыларымды тек еңбекке баулыдым. Шүкір, соның еңбегі мен нәтижесін көріп, шәкірттерім мен перзенттерім мақтанышыма айналды.
Ұлттық құндылықты құрметтеу, сақтау, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу алдыңғы толқын аға буын өкілдерінің еншісінде. Әр жанұяда қазақтың салт-дәстүрі ұлықталса, жөн-жоралғысы жасалса, оны көріп өскен ұрпақ міндетті түрде бойына сіңіреді. Сондықтан біз барынша ата-бабадан қалған ұлттық құндылықтарымызды ұрпағымыздың бойына сіңіруге тырысамыз.
Айта кетерлігі, өткен жылға өкпеміз жоқ. 2020 жылдағы жетістігіміз ретінде мектепті бітірген немерелеріміздің мемлекеттік грантпен оқуға түсуін айтар едім. Шұғыла мен Ажар елордадағы Назарбаев университетіне, Бауыржан Алматыдағы жоғары оқу орнына, Нұрбегіміз Тараз қаласындағы Қазақ-Түрік лицейіне оқуға түсті. Міне, адам ұрпағымен мың жасайды деген осы шығар,- дейді Еңсебек Түгелбайұлы.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close