El іshі

Жаны өнерге жақын жас өрен

Жақында Алматы қаласы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары арасында V халықаралық «Атадан – мұра» өнер мен білім байқауы өткен болатын.
Байқауда біздің ауданнан №29 орта мектебінің мектепалды даярлық тобының оқушысы Көркем Лесбек бағын сынап, «Бейнелеу өнері» жанры бойынша І орынды қанжығасына байлап қайтты. Сонымен қатар, Көркемге «Атадан – мұра» қоғамдық қорының 2020 жылдың наурыз айында Көкшетау қаласындағы «Балдәурен» ойын-сауық орталығында өтетін байқауына 50 пайыздық жеңілдікпен қатыса алатыны туралы сертификат қоса берілді.
Бұл көзайым жаңалықты бізге газетіміздің тұрақты оқырманы, Қарасаз ауылдық округі Көктас ауылынан еңбек ардагері Базаркүл Иманбердиева қуана жеткізді. Редакцияға арнайы келген Базаркүл апа оңтүстік астанадағы өткен байқауға немересін өзі апарып келгенін жеткізді. Сондай-ақ, апа Көркемнің бойындағы өнерге деген қабілеті барын байқаған, оны әрі қарай дамытуға атсалысып жүрген сынып жетекшісі Ләйлә Борановаға аналық алғысын білдірді.
– Қазақта немересінің тәрбиесіне әжесінің де қосар үлесі зор деп білемін. Осы ретте, Көркемнің бойындағы өнерін шыңдау үшін байқауға арнайы барып келдік. Бұл жеңіске біз оңайшылықпен жеткен жоқпыз. Алғашында жарты жолға жеткенде, ауылға кері қайтып, одан кейін қайта жолға шықтық. Бір сөзбен айтқанда, бұл сапардың қызығы мен шыжығы көп болды. Алматыға жетіп, таңертеңнен сайыс өтетін орынға барып, тіркеуге тұрдық. Оның өзі оңай болмады. Бізге тіркеуде жоқ болғандықтан, байқауға қатыса алмайтынымызды айтты. Дегенмен, байқаудың ұйымдастырушылары бұл мәселені шешіп берді.
Шара мәресіне жетіп, жеңімпаздарды жариялаған сәтте менің немеремнің есімі аталғанда, бойымды мақтаныш сезімі биледі. Қуаныштан көзімнен ыстық жастың ытқып шыққанын байқамай қалдым. Көркемнің бізге сыйлаған кішкене ғана жеңісі бір серпілтіп тастады. Бұл жеңісті оның өмірінің бастауы, алғашқы баспалдағы деп санаймын, – дейді Базаркүл апа.
«Ақыл жастан, асыл тастан шығады» дейді дана халық. Көркемнің бойындағы бұл қасиет тәрбие бастауы саналатын балабақшада да ерекше көзге түсіп, тәрбиешілері оны түрлі байқауларға қатыстырып, жеңімпаз атанған жайы бар. Оның бала арманы – өнер адамы болу, ән салу.
Ендеше, біз де Көркемге алар асуы мен жеңістері көп болсын деген тілегімізді жеткіздік.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close