El іshі

Ауылдан жеткен ақпарат

Билікөл
Ауылдық округте бірлігі мен ынтымағы жарасқан, қайырымды әрі ұйымшыл жандар ғұмыр кешуде. Бүгінгі қиын-қыстау сәттерде де ауыл тұрғындары мен жаны жомарт демеушілердің тарапынан қомақты қаржы жиналып, оған екі жылқы сатып алынды. Мал Құран бағышталып сойылып, округке қарасты төрт ауылдың тұрғындарына шикідей таратылды.

Қошқарата
«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, шаруалар қысқы мал азығын жинап, егін оруға кірісті. Ауданда егістік алқаптарында жиын-терім қызу жүруде. Бұл науқанға Қошқарата ауылдық округінің шаруа қожалықтары да атсалысуда. Жалпы ауылдық округте 2160 гектарға арпа егіліп, бүгінгі таңда 95 гектар арпа орылды. Елді мекенде барлығы 11 дана комбайн болса, бүгінде оның жеті данасы егін орағында. Шаруа қожалықтар жеңілдетілген жанар-жағармайды кезегімен алып отыр. Егістік алқабында егін жинауға «Ақтасты», «Жұмажан», «Құлынбай», «Дархан» шаруа қожалықтарының техникалары қатысуда.

Жетітөбе
Биылғы жылы ауылдық округтегі жалпы егістік көлемі 11 666 гектарды құрап отыр. Оның ішінде 1132 гектары күздік бидай, 3510 гектары арпа, 331 гектары мақсары болса, 3085 гектарды көпжылдық шөп құрайды. Бүгінде ауылдық округте егін орағы басталып, арпа орылуда. Соңғы екі жарым аптаның ішінде 2200 гектар арпа орылды, яғни 62 пайызды құрайды. Егін орағына округте 40 комбайн, бес жүк көлігі, сегіз дана МТЗ-80 тракторы қатысуда.

Көкбастау
Теріс ауылдық кітапханасының кітапханашысы Мәрзия Баққараева тұрғындарға қашықтан онлайн режимде қызмет көрсетуде. Оның ұйымдастыруымен кітапхананың тұрақты оқырмандары түрлі онлайн-байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Осы ретте кітапханашы әрбір баланың талантты екенін ескере отырып, өнерлі бүлдіршіндер Бөрте Нұржігіт пен Еркежан Жұпарбектің өнерлерін көпшілікке таныстыру мақсатында «Өнерлінің өрісі кең» атты онлайн-бейнетүсірілім түсірді. Бейнетүсірілім Теріс ауылдық кітапханасының әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеліп, көпшілік назарына ұсынылды.

Айгүл Қалымханқызы,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close