El іshі
Қазыналы қария болу – ұрпақ алдындағы парызымыз
Әне-міне дегенше, Сиыр жылы да аяқталды. Әр жылдың өзіндік ерекшеліктері бар. Биылғы Сиыр жылы толайым табыстармен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өттік. Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерімізді саралап, болашаққа бағыт-бағдар жасадық.
Аудандық төл басылымдарыңыз да жыл бойы ел ағаларымен, түрлі сала ардагерлері мен үздіктерімен осы мақсатта сұхбат құрып, назарларыңызға ұсынды. Бүгінгі жаңажылдық нөмірімізде «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы, Сейітқазы қажы Медетбекпен сұхбаттасқан едік. Сейітқазы қажының дін жолында, яғни асыл дінімізді насихаттап, рухани жетекші болып халыққа қызмет етіп жүргеніне 37 жыл болыпты. Сондықтан көргені, көңілге түйгені көп жанмен сұхбат құрып, оқырманға тағылымды мақала ұсынуды жөн көрдік.
-Сейітқазы қажы Әбдірұлы, осы сәтте ақын Мұхтар Шахановтың «Ең жоғарғы сый – көңілмен сыйлау, Ең жоғарғы тәрбие – сөзбен тәрбиелеу. Ең жоғарғы қуаныш – рухани қуаныш, Әлемде оны ештеңемен ауыстыруға келмейді» деген тамаша өлең жолдары есіме түсіп отыр. Аға, халқымыз Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттегі, алғашқы жылдардағы халықтың рухани қуанышын еске түсірейікші.
-Тәуелсіздік – бұл біздің бабаларымыздың, Алаш арыстарының асыл арманы, басты тілегі еді. Желтоқсан көтерілісіндегі жастардың тілегі, аңсары осы арыстарымыздың ұлы арманынан бастау алған. Қазақ жастарының, яғни Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың еліміздің болашағы үшін жасаған ерлігін біз ұмытуға хақымыз жоқ.
Мағжан Жұмабаев: «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты – Қырандай күшті қанатты. Мен жастарға сенемін!» деп жырлап, жастарға үлкен сенім артты. Жастарға бағыт-бағдар беріп, жол көрсетті, жігерлендірді. Ақынның сенімін жастар ақтады. Бұл Мағжанның көрегендігі, әулиелігі дер едім. Сенім шындыққа айналды.
Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Қазір енді біткен іске сыншы көп қой. Әрине, барлығын нөлден бастап, мемлекет ретінде қалыптастыру, оны дамыту өте үлкен, жауапты әрі ұлы іс. Мемлекетіміздің қалыптасу мен даму жолында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі орасан.
Тау халқында «Ақылды қариясы жоқ елде, ақылды жастар өсіп-өнбейді» деген сөз бар. Жастар ақылды болуы үшін қарияларда қариялық қасиет болуы керек. Қария болу да ұрпақ алдындағы үлкен парызымыз.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Наурыз мерекесін халық ерекше тойлаушы еді. Халықтың рухани қуанышы Ұлыстың Ұлы күнін мерекелеуде ерекше көрінетін. Халықтың көңілі дарқан, пейілі кең еді.
-Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктеріміз көп…
-Тәуелсіздік алған соң бір жылдан соң дүниежүзі қазақтары елімізде бас қосты. Сонда әлемнің төрт бұрышынан жиналған қандастарымыз ұшақтан түсе салып, туған Отанымыздың топырағын сүйді, көздеріне жас алып, тебіренді. Ұлы- таудағы Алашахан мазарына барып, екі рәкат намаз оқыды. Қандастарымыздың бұл ісінде өте үлкен мән жатыр.
Мағжан Жұмабев:
«Тұранда Түркі ойнаған ұқсап отқа,
Түркіден басқа от боп жан туған ба?
Көп түркі енші алып тарағанда,
Қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па?»,- деп жырлағандай, Қазақстан – түркі халықтарының қара шаңырағы. Сондықтан мемлекетіміз тәуелсіздігін жариялағанда бізді бірінші болып Түрік елі қуанып, құттықтады.
Егемендік алғанға дейін діни басқармамыз Орта Азияда, яғни Ташкентте еді. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң өз алдымызға Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы өз алдына отау тікті.
1991 жылға дейін елімізде 63 мешіт болса, бүгінгі таңда 3800-дей мешіт бар. Қажылыққа бару Ташкент немесе Мәскеу арқылы болатын. Қазір Аллаға шүкір, барлығын өзіміз шешеміз. Мұның барлығы бағалай білгенге үлкен жетістік.
Алғашқыда елімізде медресселер болмады. Қазақ жастары шет мемлекеттерге барып діни білім алды. Пәкістан, Үндістанда оқыды. Өкініштісі, олар елге олардың дәстүрлерін ала келді. Шын дін осы деп ұғынып, адасқан кездеріміз де болды. Аллаға шүкір, енді-енді етек-жеңімізді жиып, дұрыс бағытқа түсіп келеміз. Халқымыз «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң, қасіретің» деген. Сондықтан дін мәселесіне өте сергек қарау керек.
-Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістігіміз аз емес. Алайда, кемшін тұстарымыз да жетерлік. Осы кемшін тұстарымыздың ішіндегі ең маңыздысы – рухани азып бара жатқанымыз. Адам баласына, отбасына дүние-мүлік, киім мен тамақ қандай қажет болса, оларды өмір сүруде маңызды қажеттілік десек, рухани азықты, кітап пен газет-журналды да сондай қажеттілік деп санауымыз керек. Өкінішке орай, қазір рухани қажеттілікті соңғы орындарға сырып қойдық. Ақыл мен парасат тоғышарлық қасиеттің алдында бас иіп тұр. Осы орайда Сіздің жеке пікіріңіз қандай?
-Дұрыс айтасыз. Шәкәрім Құдайбердіұлы осы тұрғыда былай дейді:
«Біз семірттік денені азықпенен,
Байлап беріп жанды оған қазықпенен,
Ұйқы, тамақ күйлеген сорлы дене,
Құтылар ма осындай жазықпенен».
Тәнімізді ғана азықтандырмай, рухымызды да азықтандыруымыз керек. Сонда ғана біз толық адам бола аламыз.
Еуропада дін жоқ, исламдық бар, ал бізде дін бар, мұсылмандық жоқ. Осы мәселе мені қатты толғандырады. Еуропада халық өте кішіпейіл, қарапайым, білімге құштар, бір-біріне деген құрметі ерекше. Ал, бізде керісінше көрініс көбірек.
Баяғыда бір патша халқын сынамақшы болып уәзірлеріне көшеге ат басындай алтын қойғызып, тасалау жерге бақылаушы қояды. Кешке дейін әлгі алтынның жанынан төрт-бес кісі өтеді. Бірақ, ешқайсысы алтынға сұқтанып, алмайды. Сонда патша сол төрт-бес кісіні шақырып, «Әлгі заттың не екенін білесіңдер ме?» деп сұрайды. Олар: «Білеміз, алтын» дейді. Сонда олардан жеке-жеке «Онда неге алмадыңдар?» деп сұрайды.
Бірінші адам: «Бізге патшамыз ешқашан бөтеннің затын рұқсатсыз алма» деген дейді. Екіншісі: «Маған керек. Бірақ, мен алдағы уақытта адал бейнетіммен өз қаражатыма сатып аламын» дейді. Қалғандары да: «Ол менікі емес қой. Ол халықтікі. Халықтың еңбегін пайдаланған, ұрлаған адам Алланың алдында қатаң жазаланады» деп жауап беріпті. Мұндай жауапты естіген патша риза болып, «Менің халқым!» деп мақтаныш етіпті.
Менің айтпағым – халықтың мүлкін тонауды, жемқорлықты тоқтату керек. Айтып қана қоймай бұл істі әркім өзінен бастап, өзгеден талап ету керек. Жемқорлық – Алланың алдында да үлкен күнә. Ұлы ойшыл Абай атамыз:
«Мен көрдім дүние деген иттің көтін,
Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін.
Ойлы адамға азық жоқ бұл жалғанда,
Көбінің сырты бөтін, іші түтін» дейді.
Бүгінгідей заманда өмір сүру оңай. Бірақ, өмірімізді жұмаққа айналдыру да, тозаққа айналдыру да өз қолымызда. Өзіңнің өмір сүру қағидаңа, пейіліңе, ниетіңе байланысты. «Адамның күні адаммен» бір-бірімізге көмектесіп, демеп жүрейік. Өмірдің мәні осы ғана.
Ілім, ғылымды үйренейік. Президентіміз айтқандай, қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман. Ысырапшылдықтан аулақ болайық.
«Білімді мыңды жығады» деген қазақ. Заман көшінен қалмайық. Пайғамбарымызға (с.ғ.с) Алладан түскен алғашқы сүре «Оқы» сүресі. Сондықтан оқу керек. Өмір бойы өзімізді өзіміз дамытуымыз керек. Бауыржан атамыз «Тұрған су сасиды, ойламаған ми сасиды» деген.
Әлемдегі мықты дамыған Жапония ақылын сатып, байып отыр. Білім – таусылмайтын қазына, ал байлық ақылың болмаса, таусылады. Әр маман өз ісінің шебері болуға тырысуы керек.
-Сейітқазы қажы Әбдірұлы, келе жатқан Барыс жылында ел-жұртқа деген игі тілегіңізді білдірсеңіз!
-Халқымыз бай-қуатты болсын! Себебі, сананы тұрмыс билейді.
Қазақта «Кеткенің келсін, кемтігің толсын» деген» жақсы тілек бар. Мен халқыма осыны тілеймін! Не тапсаң да пейіліңнен табасың. Сондықтан пейіліміз кең болсын! Алла жоқшылықтан сақтасын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бірлігіміз бекем болсын!
-Әмин! Мағыналы сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»