El іshі

Үлгі боларлық шара

«Ел үмітін ер ақтар»
Ер атағын ел сақтар» – деп, халық айтса қалып айтпайтынындай, жақында Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Кәріқорған ауылының орталығындағы футбол алаңында аудандық мәслихаттың депутаты, аудан орталығындағы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Гүлнар Мұсаханованың демеушілігімен кіші футболдан жарыс өтті. Жарыс округ әкімдігінің мұрындық болуымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Додаға мектеп оқушылары мен қызметкерлерінен құралған Т.Әкімов атындағы орта мектептің командасы, аудандық №12 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкерлерінен құралған команда, ауданымыздың намысын облыстық жарыстарда қорғап жүрген «Жуалы ардагер» және «Жуалы Газ» мекемелерінің командалары қатысты. Әр команданың жасайтын қызметтері де, сонымен қатар жастары да әртүрлі.
Жарыс алдында округтегі ақсақалдар алқасының төрағасы Рахымжан Сатаев Гүлнар Махамбетқызының өмірбаянымен таныстыра келе, оның кезінде округіміздің екі мектеп ұжымын абыроймен басқарғанын және де депутат ретінде келешекте де нәтижелі жұмыстарды бірлесе атқара беретіндігіне сенім білдірді.
Гүлнар Мұсаханова ел сенімін үлкен жауапкершілікпен ақтау – өзінің өмірлік ұстанымы екенін, сайлаушыларымен тығыз қарым-қатынаста бола беретіндігін айта келе, жарысқа жиналған ауыл тұрғындарына ыстық ықыласын білдіріп, шексіз алғысын жеткізді.
Жарыс өте тартысты өтті. І орынды«Жуалы Газ» мекемесінің командасы, ІІ орынды Т.Әкімов атындағы орта мектептің командасы, ІІІ орынды «Жуалы ардагер» командасы мен №12 БЖСМ бапкерлерінің командасы иеленді. Бір айта кетерлігі, төрт команда да ақшалай сыйлықпен марапатталса, командалардың барлық мүшелеріне «тойдан тобықтай» демекші, түгелдей дерлік сыйлықтар табысталды.
Жарыс соңында ауыл ақсақалдары мен команда мүшелеріне тамақ беріліп, аяқдоп шеберлері осындай жарыстарды ұйымдастыру болашақта да дәстүрге айнала берсін деген тілекпен тарқасты.

Мейіржан Нұрлыбайұлы,
Жетітөбе ауылдық округінің
жастар ісі нұсқаушысы

Таңдаулы материалдар

Close