El іshі
Қызметіміз әрдайым елдің көз алдында
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғамдық диалогтың, ашықтықтың, ел-жұрттың мұң-мұқтажына жедел назар аударудың мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдығы болып есептелетінін айта келе, халықпен етене байланыстың маңызын ерекше атап өтті. Халықпен кері байланыс орнату, жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тәртібін жүйелендіру және оның тиімділігін арттыру мақсатында облыс әкімінің ағымдағы жылдың 13 наурыздағы №70-ө өкімімен бекітілген жұмыс алгоритміне сәйкес, ауылдық округтегі барлық бес елді мекенде халықпен кездесулер өткізуді тәжірибеге алдық. Одан бөлек, ауыл-аймақтағы түрлі сала өкілдерінің басын қосып, салада қордаланған проблемаларды талқылап, шешу жолдарын да қарастырудамыз.
Ауылдық округ әкімі аппаратының мақсат-міндеті – жергілікті жерде мемлекеттік саясатты жүргізумен қатар, халықтың мұң-мұқтажын ескере отырып, әлеуметтік осал топтағы азаматтардың тұрмыс жағдайының артуына жәрдемдесу болып табылады. Осы мақсатта 2019 жылдың басынан бергі аралықта ауылдық округ әкімінің 25 шешімі, 63 өкімі қабылданған.
Мекемелерден түскен кіріс және шығыс құжаттары арнайы журналға тіркеліп, азаматтардан түскен өтініштер мен хаттарға мерзімінде жауаптар қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Ауыл әкімі аптасына екі рет азаматтарды жеке қабылдау жүргізсе, бас мамандар жұмыс күндері күнделікті қабылдау жүргізіп отырады. Жеке және заңды тұлғаларды жеке сұрақтармен қабылдау кестесі, мемлекеттік қызмет көрсететін маманның жұмыс кестесі ғимаратқа кіреберіс дәлізде көпшілікке көрнекі жерге ілінген. Жеке және заңды тұлғалардан 40 өтініштер қабылданып, 39 өтініш қанағаттандырылды.
11 азамат әртүрлі деңгейдегі жұмыстарға тұрақты түрде қабылданып, зейнетақы жарналары аударылып, мәртебелері анықтылды. Қоғамдық жұмыстармен жыл басынан бері 10 адам қамтылды. Мерзімі біткендер шығарылып, жаңадан қабылданып жатқандары да бар. Жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған нәтижесіз жұмысшылар арасынан қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 8 азамат құжаттарын тапсырып, оқытылуда.
«Елді мекендерді абаттандыруды, санитариялық күтіп ұстауды және тазалықты қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі Қызыларық ауылдық округінде 2019 жылы атқарылып жатқан іс шаралар туралы» өкімге сәйкес абаттандыру жұмыстары аясында 1150 тал бұталып, 3200 тал ақталды, үш шақырым каналдар мен арықтар қоқыстан тазартылып, 0,5 тонна қоқыс шығарылып, арнайы қоқыс төгілетін орынға тасталды. Үш жерге гүлзарлар егілді. Санитариялық тазарту мен абаттандыру жұмыстарына 2019 жылы 200,0 мың теңге қаржы бөлініп, толықтай игерілді.
«Жасыл белдеу» жобасы бойынша үш жерге (Ы.Алтынсарин атындағы ОМ ауласына, Теріс-Ащыбұлақ ауылындағы «Теріс» өзені бойы, Қызыларық ауылы) тал-дарақтар егілді. Жалпы саны 2018-2019 жылы 100 түп жеміс ағаштары, 2200 дана қараағаш, 3000 дана терек егілді.
Елді мекендердегі тұрғын үйлер жанындағы телімдерді әрбір аула тұрғындары өздері санитариялық тазарту жұмыстарын жүргізеді. Жалпы 400 қоғамдық ғимарат пен тұрғын үйлердің алдыңғы жақтары ретке келтірілді. Санитариялық тазарту мен абаттандыру жұмыстарында тұрғындар мен шаруашылық субъектілері толықтай белсенділік танытты.
Тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын орын «Жасыл-Жуалы» МКҚК теңгеріміне өткізілді. Тұрғын үйлерден шығатын қоқысты тасымалдаумен айналысатын «Рәпілбек» ШҚ басшысы Н.Елекбаевпен келісім-шарт жасалған. Бұл туралы аудандық газетте жарияланды.
Төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын атқару үшін арнайы ерікті топ құрылып іс-шаралар жоспары әзірленген. Төтенше жағдайға қарсы ерікті топ құрамы тек өрт сөндірумен ғана емес, су тасқыны, қыстағы төтенше жағдай кезінде құтқару шараларын жүргізу үшін ерікті топ құрамы бекітіліп, кезекшілік кестесі әзірленді. Суда шомылу маусымына дайындық жұмыстары бойынша Теріс өзені бойында үш жерге ескертпе тақтайшалары орнатылып, шомылуға тыйым салынған жерлерге рейдтік жұмыстары жүргізілді. Өрт қауіпсіздігін алдын алу жұмыстары бойынша ескертпе тақтайшалары орнатылған.
Қазақстан Республикасының айтулы мерекелері (1, 8, 22 наурыз, 1 ,7, 9 мамыр) күндері ауылдық округке қарасты барлық мекемелерде іс-шаралар өткізілді. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында «Мүшел той» атты жастармен мерекелік кеш, 2019 жыл -Жастар жылы аясында «Әдептілік белгісі – иіліп сәлем бергенің» жастар мен имамдардың кездесуі, т.б. шаралар өткізілді.
Көктемгі әскерге шақыру бойынша 23 азаматқа шақыру қағазы таратылып, екі азамат Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарына аттануға дайын. Аймақта 120 шаруа қожалығы, 21 жеке кәсіпкер тіркелген. Көктемгі-күзгі дала жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіліп, шаруалар егістік алқаптарындағы дәнді дақылдарды, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін ысырапсыз жинап алу үстінде.
«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында Алатау ауылы Шет көшесін ағымды жөндеуге 2547,0 мың теңге, Сұрым ауылы Сламбай көшесін ағымды жөндеуге 960,0 мың теңге бөлінсе, «Елді мекендерді жарықпен қамтамасыз ету» бағдарламасы аясында Қызыларық ауылындағы Елекбаев көшесіне жарық шамдарды орнатып, жарық жүргізуге 1528,0 мың теңге қаражат бөлінді. Аталған жұмыстар толық орындалды.
Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге бюджеттен жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеу жұмыстары аудан әкімдігінің тиісті бөлімі арқылы жасалып, 2019 жылы аудандық бюджеттен Сұрым, Теріс-Ащыбұлақ, Алатау ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз етуге жобалық-сметалық құжаттама жасату үшін 4 644,0 мың теңге бөлінді. Жер таңдау жұмыстары жүріп жатыр.
Марат ҚАСЫМБЕКОВ,
Қызыларық ауылдық
округінің әкімі