El іshі
«Баянды бақытқа тек еңбекпен жетесің»
Аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында аудан әкімдігі бойынша «Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін одан әрі жетілдіру, оның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» бағдарламасын іске асыру шеңберіндегі жоспары аясында «дөңгелек үстел» өтті. Мемлекеттік қызметшілердің ғылыми және шығармашылық интеллигенцияның танымал өкілдерімен, спортшылармен, өңірлердің құрметті азаматтарымен «development day» нысандарында мемлекеттегі және қоғамдағы өзекті мәселелерді, трендтерді талқылау бойынша өткен шараға аудандағы түрлі саладағы жас мемлекеттік қызметшілер мен «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша еңбек етіп жүрген жастар қатысты. «Дөңгелек үстелдің» қонағы – ауданның Құрметті азаматы, «Зылиха» шаруа қожалығының жетекшісі, ауылшаруашылығы саласындағы «Еңбек даңқы» І-ІІ дәрежелі төсбелгілерінің иегері Керімқұл Бегалиев болды.
Іс-шараны аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов ашып, «дөңгелек үстелдің» мақсатымен таныстырып, сөз кезегін Керімқұл Мамырұлына берді.
-Еліміздің болашағы – жастар, сендерсіңдер.
Біз де жас болдық. Біз мектепте оқыған жылдары көмекке мұқтаж жандарға көмектесетін «Тимуршылар» командасы деген болатын. Команда болып қуанып қарияларға көмектесуге асығатынбыз. Біз еңбекті сүйіп өстік.
Еліміз тәуелсіздігін алған жылдары халықтың жағдайы қиын болды. Бәрін жаңадан нөлден бастау қажет болды. Ауылдардағы барлық үкімет меншігіндегі нысандар жекешеленді. «Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетіп жатты. Көптеген ауылдардағы ғимараттар талқандалып кетті.
Осы жылдары, яғни 1996 жылы біз «Зылиха» шаруа қожалығын құрдық. Алғаш бастағанда көптеген қиындықтар болды. Бірақ тірліктің көзін тауып, аяғынан тұрғыздық. Әрине, барлығы еңбектің арқасы. Еңбектің арқасында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының қолын алу бақыты бұйырды. Еліміздің еңбегімен танылған азаматтарының қатарына кірдім. Егер мен «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін» жалқау немесе ұры-қары болсам ондай мүмкіндік, бақыт менде ешқашан болмайтын еді. Сондықтан еңбекті сүйіңдер, еңбектен ешқашан қашпаңдар. Еңбек етіп өздеріңнің қабілеттеріңді көрсетіп, абыройға бөленіңдер. Елге қызмет етіңдер, қолдарыңнан келгенінше халыққа көмектесіңдер.
Біздің елдің бүгінгі жастары бақытты. Себебі, жастардың білім алуына, кәсіп ашуына, еңбек етуіне бар жағдай жасалуда. Тек «Алма піс, аузыма түс» деп қарап отырмай іздену керек. «Дипломмен – ауылға!», «Болашақ», «Жас прожект», «Жастар тәжірибесі» деген бағдарламалардың пайдасын көптеген жастар көріп жатыр. Биыл Жастар жылы деп жарияланып, тағы да басқа бағдарламалар қолға алынып, жастардың өз беттерінше кәсіп ашуларына мүмкіндіктер тууда, – деп Керімқұл Мамырұлы Елбасымен кездескен сәтін жастарға әңгімелеп берді.
Жиынды Серік Дүйсенбайұлы қорытындылады.
-Бүгінгі жиынымыздың мақсаты – жастарды мемлекеттік қызметке тарту отансүйгіштік пен еңбекқорлыққа, адалдыққа тәрбиелеу болатын. Бүгін Керімқұл Мамырұлының еңбек жолымен танысу арқылы тек мақсаткерлік, еңбекқорлықпен ғана баянды абыройға, бақытқа жетуге болатынын білдіңіздер.
Еңбек етіңіздер, неғұрлым еңбек еткен сайын ширайсың, тәжірибең молаяды,- деген аппарат басшысы шараға қатысқан жастарға алғыс білдірді.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»