Алыстағыны алғанша жақын жердегі затты ал, ол әрі оңай, әрі тиімді, яғни алыстан арбамен ауыр зат алғанша, жақында тұрған затты дорбамен ала сал, жақыныңды жарылқа, өзіңде барды ит арқасы қиянда, шалғайда жатқан өзгеден емес, өзіңнен алып пайдалан деген мағынаға саятын «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дейтін қазақ мәтелінен бүгінде мән кетіп тұр.
Суық түскелі бері таулы өңірдегі ауылдардың халқы қыстық отын-суын қамдау үшін көмірді аудан орталығынан емес, Тараз қаласынан, немесе шалғай көршілес Түркістан облысының аудандары мен Шымкент қаласының отын базаларынан тасып, қосымша шығынға батып жүр. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, таулы өңірдегі ағайын жақыннан дорбалайын десе, жергілікті отын базаларында бір түйір көмір жоқ. Бұрнағы жылдары көмір таудай болып үйіліп тұрған базаларда қазір тақыр жерден басқа ешнәрсе қалмаған. Сонда халық өз қамын өзі осылай күйттемегенде не істемек?
Аудан мекемелері мен халқына ұзақ жылдардан бері көмір тасымалдау және сату қызметімен айналысып жүрген «Жібек жолы» шаруа қожалығының төрағасы Нұралы Орынбасармен хабарласып, халыққа қажетті көмірдің не үшін кешігіп жатқанынын сұрағанымызда, ол былай деп жауап берді:
– Мен өзім Савченко облыс әкімінің орынбасары болып тұрғанда, осындай жағдайға тап болғанмын. Ол кезде біз көмір разрезіне тікелей барып, ала беретінбіз. Бірде көмір жөнелтуге жауапты маманның кабинетіне кірсем, вагондардың жоқтығын айтып, сылтауратты. Мәселеге Савченконы араластырып, әйтеуір не керек, 60 вагон алатын болдым. Содан әлгі маманға қайта барсам, «бізге сенің вагондарың қажет емес» деп қарап отыр. Мен сол арада «вагон жетпей жатса, өзіме тиесілі вагондардың жартысын берейін, маған көмір артып беріңіз» деп жалындым. Аудан халқына қажетті көмірге сөйтіп қол жеткізгенмін.
Сонда мен «көмір тасуға вагондар мен локомотивтер жетіспейді» дегеннің бос сөз екеніне көз жеткіздім. Бұл жоғарыдағылардың халықты жұбату үшін айтатын әңгімесі.
Қазір көмір алу тіптен қиындап кетті. Көмір сататын биржаға біз секілді ұсақ-түйек сатып алушыларды маңайлатпайды. Ол жердің өз заңдылықтары мен тәртібі бар. Тек қалталылар мен алпауыттар ғана қатысады, біз көмірді үшінші не төртінші қолдан аламыз.
Халыққа қажетті көмірге өтінімді тамыз айының соңында беріп, алғы төлемді жасап қойғанбыз. Біздің өтінімімізді алған адам күнде ертеңмен уәде беруден аспай тұр. Қазір де хабарластым, телефонын алмады.
Орынбасар Нұралы отын базасына әлдекімдердің облыс орталығынан ауыр жүк көліктерімен көмір әкеліп, сатып жүргенін де айтып қалды. «Бұл теңізге тамған тамшыдай. Әкелгенін әкелгендей, пышақ үстінен бөліп әкетіп жатыр» деді ол.
Біз аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағыға көпшілікті алаңдатып отырған жағдайға қатысты түсініктеме беру үшін хабарласып едік. Алайда, ол не жұмыс телефонына, не ұялы телефонына жауап бермеді.
Аудан әкімдігі ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, аудан халқының қыстайғы жағатын көмірі 3 000 тоннадай болса, бүгінгі таңда соның үштен бірі ғана жеткізілген.
Күреңбел ауылдық округінен редакцияға қоңырау шалған сол аймақтың тұрғыны Еркебай Нағашыбеков Қаратас ауылына уәде етілген табиғи газдың биыл кіргізілмей қалғанын, ел-жұрттың бәрі көмір іздеп, тентіреп, қала-дала кезіп кеткенін айтты. «Ауылдың жеті-сегіз тұрғыны 35-40 мың теңгеге көлік жалдап, Тараз қаласынан көмірді тоннасын 18 000 теңгеден тасып алды. Мұндай шығынды ауылдағы екінің бірі көтере алмайды. Түркістан облысының Ақсукент ауылында көмірдің бір тоннасының бағасы 15 000 теңге тұрады. Тараз қаласында көмір қымбат, бірақ сол қымбат көмірдің өзі жоқ» дейді ол.
Боралдай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Абдалиевпен телефон арқылы хабарласқанымызда, ол округке қарасты елдімекендер халқының 80 пайызының отын-сусыз отырғанын, көмірді Шымкент қаласынан тасып жатқанын айтса, Қошқарата ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Андасбек Мырзалиев бұл өңір тұрғындарының да көмірді Шымкент қаласынан тасып жатқанын жеткізді.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Жалпы, қазір қыстың қыр астында тұрғаны, қыныбынан қылышын суырып, қаһарына міне салуы әп-сәтте екені айдан анық ақиқат. Мұны осы өңірде тұратын әркім жақсы біледі. Әрі десе, таулы өңірдің ауа райын ешкім болжап болмайды. Қазір күн күлімдеп, жайма-шуақ болып тұрса да, бір пәсте-ақ бұзылып, түнеріп шыға келетіні де бар.
Дегенмен, Құдайдың күні әлі де қарайласып тұр. Күндіз жылы болғанымен, түнде сынап бағанасы нөлге түсіп жүр. Сондықтан осы шақты пайдаланып, атқарушы билік бар, көмір тасымалдаушылар бар, бірлескен қимыл танытуы қажет-ақ. Аудан халқының ортақ мәселесі, батырып айтсақ, жанайқайы болғандықтан, көмір жеткізуді енді кешеуілдетуге болмайды.
Әкімдік те «бұл біздің шаруа емес, өзі шешсін» деп көмір тасымалдаушыға ысырып тастамай, қалыптасқан жағдайға сергек қарап, тиісті органдардың алдына мәселені қабырғасынан қоятын кез жетті!