El іshі
Ауыр техниканы тізгіндеген Шәриякүл апай
Жақсылық күн секілді, кейде бұлт астына жоғалып, кейде сәулесін мол шашып, нұрын төгеді. Осындай жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын жақсы адамдар менің қасымда өте көп. Олар: менің әкем мен анам, оқу-білімге үйреткен ұстаздарым, достарым, туған-туысқандарым. Олар маған үнемі жақсылық жасап, қиын кезде көмектесіп, өмірімнің мәнді де сәнді өтуіне септігін тигізуде. Осыған қарап, өмірде жақсы адамдар аз деп айта алмаймын. Ал, еліміз үшін халқымның қамын, бүгінгісі мен болашағын ойлап жүрген жақсы адам Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Ол кісінің жақсылығының арқасында осындай тыныш та бейбіт, бақытты күн кешудеміз. Ендеше, осындай жанымызда жүрген жақсы адамдардың қадірін біліп, құрметтеп, сыйлап жүрейік. Әрбір адамның қасында жақсы жанның жүруі үлкен бақыт.
Шәриякүл Бегдашева 1961 жылы Күреңбел ауылында дүниеге келген. Әкесі Тұяқбай Әбдіұлы қойшы болса, анасы Ұлсүйген Қалабайқызы үй шаруасымен айналысқан.
Шәриякүл Бегдашева 1979 жылы осы ауылдағы №10 В.Ленин атындағы орта мектептің (Күреңбел орта мектебі) 10 сыныбын аяқтаған соң, ауылдағы Чапаев колхозында 7 қызбен бірге комсомол бригадасын құрады. Трактор айдауды алғашында, осы колхоздағы инженер, механик, тракторшы ағалардан үйренеді. Кейіннен трактор айдаудың шеберіне айналады. Көп ұзамай осындағы 7 қызға есімдері жазылған су жаңа трактор сыйға беріледі.
Шәриякүл Бегдашева небәрі 18 жаста болса да жұмысынан еш қымсынбай, егін орағы басталғанда, шөп науқаны кезінде, жер жырту, шөп ору сынды жұмыстарды да белсенділікпен атқарады. Жұмыс жасай жүріп Түркістан қаласындағы Түркістан индустральді педагогикалық техникумын техник-механик мамандығы бойынша сырттай оқып, аяқтайды. Жұмыста тіпті, тракторы бұзылып қалса жөндеу жұмыстарын да өзі жүргізген кездері де болған. Одан бөлек малшы ауылға қысқы шөп тасу кезінде трактормен бірге аударылып қалғанын да, үлкен тебіреніспен еске алады.
Осылайша ауыр техниканы тізгіндеген ару қыз 1984 жылы күреңбелдік Алтай Бегдашев есімді азаматқа тұрмысқа шығады.
1989 жылы жолдасы екеуі Б.Момышұлы ауылына қоныс аударып, 2004 жылы №16 Жуалы колледжінде бірі дәнекерлеуші болса, енді бірі Өндірістік оқыту шебері болып жұмысқа орналасады.
-Ұл-қыздарыма қаталдау тәрбие бердім. Еркелететін жерде еркелетіп, ұрысатын жерде ұрсып алатынмын. Сондықтанда балаларым тәрбиелі, айтқан сөзді екі етпейді. Бүгінде үш келінім бар. Барлығы да көргенді жердің қыздары.
Ал, №16 Жуалы колледжіндегі білімгерлеріме келер болсақ, қазіргі жастардың мінезі қиындау-ма деп қаламын. Себебі, мұғалімдерді сыйламау, сөз қайтару, амандаспау деген секілді әдеттерін жиі байқаймын. Бұрындары біз мұғалім келе жатса, тығылып қалатынбыз. Мұғаліммен қол беріп амандасу деген болмайтын. Ұстазды сыйлайтынымыз сонша айтқандарын орындайтынбыз. Ал, қазіргі балаларды ұрып тәрбиелей алмайсың. Заңды меңзеп қойып отыратын бұзық балалар да кездеседі. Бірақ, шамамыздың келгенінше сабаққа назар аудартуға, қызығушылықтарын арттырып сабақты қызықты етіп өткізуге тырысамыз, – дейді Шәриякүл Тұяқбайқызы.
Ардақты ұстаз еңбегі еленіп, бұл күнде «Қазақстандық салалық білім облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар, «Отан қорғаушының анасы» медалімен бірге, «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталған.
Көп жылғы еңбегінің жемісі мен жеңісін көру – ол да бір ғанибет. Өзі білім берген көптеген шәкірттері бұл күнде еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп, ел құрметіне бөленуде. Еңбегің жанды деген осы емес пе?!
Өнегелі де ардақты жан Шәриякүл Тұяқбайқызы жолдасы Алтай Бегдашевпен бірге тату-тәтті өмір сүріп, алты перзентін ұяға қондырған бақытты ата-ана, 12 немерелі абзал жандар.
Ағымдағы жылдың 29 қазан күні 60 жасқа толатын ұлағатты ұстазды өз ұжымы зейнеткерлікке шығарады. Білім беру мекемесінде 17 жыл тынбай еңбек еткен жайдары да жайсаң ұстазға ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат пен амандық тілейміз.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»