Жуалы ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Жуалы-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 2008 жылы құрылған. Бүгінгі күні мекеме аудан орталығындағы және Нұрлыкент, Қызыларық, Қарабастау, Жылыбұлақ, Дарбаза, Қарасаз, Қайрат, Диқан, Талапты, Көлбастау, Күреңбел ауылдарының тұрғындарын және заңды тұлғаларды ауыз сумен қамтамасыз ету, аудан орталығында кәріз, шайынды суларды алып кету және орталық қазандықта жылыту қызметтерін атқаруда.
Кәсіпорын басшысы Қуанышбек Болысбаевтың айтуынша, мекеме 220,65 шақырым су тарату желісін, 5,88 шақырым кәріз су желісін, алты су тарту нысанын, бір кәріз су айдау станциясын, 4,8 га жерде орналасқан сүзгі алаңын күтіп баптау және пайдалану жұмысымен шұғылданады.
Бүгінгі таңда ауыз су желілері мен су жеткізу қызметі үшін белгіленген орташа босату бағасы 1 текше метр үшін ҚҚС-сыз 89,70 теңгені, тұрғындарға 39,18 теңгені, бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерге 156,49 теңгені, басқа тұтынушыларға 99,11 теңгені құрайды. Одан бөлек, шайынды суларды бұру қызметтеріне арналған орташа босату бағасы 1 текше метрге ҚҚС-сыз 40,32 теңгені, тұрғындарға 17,64 теңгені, бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерге 42,20 теңгені, басқа тұтынушыларға 39,08 теңгені құрайды.
Кәсіпорын биыл жазда жоспарға сай бірқатар елді мекендердің, атап айтқанда Көкбастау ауылдық округіндегі Көктөбе ауылының А.Иманалыұлы, Жамбыл және Бейсен ата көшелеріндегі орталық ауыз су жүйесінде, осы ауылдық округтің Қосбөлтек ауылында орталық ауыз су жүйесінде, Мыңбұлақ ауылдық округіндегі Көлбастау ауылында орталық ауыз су жүйесінде, Ақсай ауылдық округіндегі Диқан ауылында орталық ауыз су жүйесінде ағымды жөндеу жұмыстарын атқарған. Аталған объектілерде мамыр-шілде айларында атқарылып, бөлінген қаражат толықтай игерілді. Одан бөлек, аудан орталығындағы Мұнайшы, Қожық батыр, Бірлік, Пахомов және Абылайхан көшелерінің екі қиылысындағы орталық ауыз су жүйесінде ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауызсу құбыры тартылған.
Мекеменің жарғылық мақсаттарына су тоғандарын (ашық су көздерін) тазалау, су ұңғымаларын қазу, су есептегіш құралдар орнату жұмыстары да кіреді. Осы мақсатта Күреңбел ауылдық округінің Күреңбел ауылындағы су тоғанын тазалау, Қайрат ауылының жоғарғы аймағындағы су ұңғымаларын электрмен жабдықтау, Көлбастау, Қайрат ауылдарындағы су ұңғымаларын қаздыру, Мыңбұлақ ауылдық округіндегі Көлбастау ауылында орталық ауыз су жүйесіне қосымша су жіберу, Көлбастау ауылының жоғарғы беткейінде су ұңғымасын қазу жұмыстары атқарылды.
Қайрат ауылындағы «Қайрат» су тарту нысанының жоғарғы жағында су ұңғымасын қазу жұмыстары атқарылды. Б.Момышұлы ауылы орталық ауыз су жүйесінде су есептегіш құралдарын қою жұмыстары атқарылған. Көлбастау ауылындағы Ковешников көшесінен Қ.Рысқұлбеков көшесіне бұрылыстағы құдықта және Әбден Рысбек көшесінің басындағы құдықта диаметрі 100 мм 2 дана су есептегіш құралы қойылды. Ағымды жылдың қазан, қараша айында жоспарға сай диаметрі 150, 100 мм су есептегіш құралдарын Бауыржан Момышұлы, Қайрат ауылдарындағы орталық ауыз су жүйесінің бастапқы көшелері қиылысында қою жұмыстары атқарылуда.
Билікөл ауылдық округіндегі Дарбаза-Жылыбұлақ ауыз су жүйесінің су тарту нысанында 0,4 кВт электр желілерін қайта қалпына келтіру, Көкбастау ауылдық округінің Көктөбе ауылындағы су тарту нысанында техникалық шартқа сай электр қуатымен қамтамасыз ету бактерицидтік қондырғы орнату жаңа су сорғысын түсіріп ауыстыру, қоршау жұмыстары жүргізілген.
Шақпақата аймағындағы «Байсейіт», Көкбастау аймағындағы «Бектеміс», Қарасаз аймағындағы «Жұрымбай», «Көктас», Қызыларық аймағындағы «Краснов», «Мамырбай», Жетітөбе аймағында «Қосмұрат» суару арналарында топырақтан тазалау, сыртқа шығару жұмыстары атқарылған.
Су көздерін молайту мақсатында Көлбастау ауылының жоғарғы беткейінде және Қайрат ауылындағы «Қайрат» су тарту нысаны жоғарғы аймағында 2 су ұңғымалары қазылып, орталық ауыз су жүйесіне қосымша су беру қамтамасыз етілді. Сонымен бірге Диқан және Қайрат ауылдарының арасындағы «Қарабастау» су тарту нысанында ГНОМ 40-25 су сорғысы, Диқан ауылындағы су тарту нысанында жаңа ЭЦВ 6-10-50 және Қайрат ауылындағы «Қайрат» су тарту нысанында ЭЦВ 8-40-60 су сорғысы, «Мыңбұлақ» және «Тәукебай» су тарту нысандарында екі дана ЭЦВ 6-16-90 су сорғылары, Көлбастау ауылында №1 су ұңғымасына ЭЦВ 8-40-60, Бауыржан Момышұлы ауылы «Әулие бастау» су ұңғымасына ЭЦВ 8-40-60 су сорғысы, Күреңбел ауылында су тарту нысанында ЭЦВ 6-16-90 су сорғысы, Көктөбе және Қосбөлтек ауылдарындағы су ұңғымаларына екі дана ЭЦВ 8-40-60 су сорғылары орнатылған.
Бауыржан Момышұлы ауылының «Әулие бастау» су тарту нысанында ЭЦВ 8-40-60, «Мыңбұлақ» су тарту нысанында ЭЦВ 6-16-90, «Жамбыл» су тарту нысанында ЭЦВ 6-10-50 су сорғылары ауыстырылып қойылған. Диқан, Көлбастау, Көктөбе ауылдарындағы орталық ауыз су жүйесінде барлығы 28 дана өртке қарсы гидранттары қойылған.
– Биыл кәсіпорынның атқарылған қызметтерден түскен қаражаттардың есебінен қызметке аса қажетті техникалар сатып алынды. Бұлар – 27 860,0 мың теңге жүк тиегіш-экскаватор «SDLG» Модель LGB 877F және 3 700,0 мың теңге шынжырлы экскаватордың ЭЦ-1600 НО (қазу тереңдігі 1600 мм) тіркемелі құрылғысы.
Мекеменің қоймасында бүгінгі күнге мемлекеттік тапсырыспен заң талаптарына сай сатылып алынған диаметрі Ф110 мм – 1000 метр, 50 мм – 400 метр, Ф75 мм – 150 метр полиэтилен құбыр бар, диаметрлері әртүрлі бұрамалар, бұрандалар, ернемектер, бейімдегіштер, орын алған ақауларды қалпына келтіруде аса қажетті тағы басқа материалдар мен заттар сақталуда, – дейді кәсіпорын басшысы.
Елді мекендерде орталық ауыз су жүйесінен су пайдаланушы тұтынушыларға жыл басынан барлығы 869 дана су есептегіш құрал қойылған.
Тұрғындардың сұранысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз ету үшін және орталық кәріз су жүйесіне қосу үшін бірқатар жұмыстарды атқарды. Атап айтқанда, Ақсай ауылдық округі Қайрат ауылының Абай, Т.Тілеуқұлов, Ә.Молдағұлова көшелерінде орталық ауыз су жүйесінен су құбырын тарту, Бауыржан Момышұлы ауылының В.Латикант, Мұнайшы көшелерінде орталық кәріз су жүйесіне құбыр тарту жұмыстары атқарылды.
Бүгінде ауданның бірқатар елді мекендерінде жаңадан пайдалануға берілген 14 су тарту нысанында қабылдау-өткізу шаралары жүргізілуде.
Мекемеде бүгінгі таңда барлығы 119 қызметкер, оның ішінде 14 әкімшілік-басқарушы қызметкер, 105 жұмысшы қызмет атқарады. Қажеттілікке байланысты келісім-шартқа сай 8 жұмысшы уақытша жұмысқа қабылданған.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»