El іshі

Ірі қара етін өндіруге үлес қосуда

 

Халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету ісі қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі. Бұл саладағы түйткілдер ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында халықаралық қоғамдастықты шындап ойландыра бастады. Әсіресе 2008 жылы орын алған дағдарыс азық-түлік қауіпсіздігі саласына жаңаша көзқарас қажет екенін ұқтырды. Осы дағдарыс кезінде тамақ өнімдерінің құны бірнеше есеге өсіп, көптеген елдерде әлеуметтік толқулар болды. Бұл азық-түлік мәселесін шеше алмаған елдерде саяси-әлеуметтік тұрақтылықтың болмайтынын, мұның соңы түрлі кикілжіңдерге ұласып, ақырында жаһандық қауіпсіздікке нұқсан келтіретінін білдіреді…

Экономикалық дамуында ауыл шаруашылығы саласын негізгі күш ретінде қа-растыратын Қазақстан бүгінде азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты жаһандық ауқымдағы жауапкершілікті терең сезінуде. Бұл орайда біздің еліміз өзінің ішкі сұранысын қанағаттандыра отырып, әлемдік азық-түлік саласын жақсартуға өз үлесін қосуға ниетті. Тамақ бағасы шарықтаған дәл мынадай кезеңде де азық-түлік өндірудің маңыздылығы айтпаса да түсінікті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Дамыған агроөнеркәсіп кешені» деп аталатын тапсырмасында бұл жөнінде кеңінен айтылып, тиісті ведомствоға нақты тапсырмалар жүктеліп отыр. Онда ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негізделуден бас тарту, сонымен қатар, өнім өңдейтін кәсіпорындардың әлеуетін арттыру жайы да кеңінен айтылған.

Одан бөлек, «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауда да Президент негізгі міндеттерге әлеуметтік азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру туралы да міндет қойып отыр. Бұл мемлекеттің алға қойып отырған басым бағыттарының бірі екені даусыз.

Ауыл шаруашылығын дамыту ісі Боралдай ауылдық округінде де мықтап қолға алынған. Округ шаруалары төрт түліктің басын көбейтуге, ақ егістің көлемін ұлғайту бағытында жүйелі әрі жемісті жұмыс жасап келеді. Ауылдық округтегі шаруа қожалықтар негізінен сүт және ет өндірумен, сонымен қатар, егін егу  жұмыстарымен айналысады. Таулы өңірде орналасқан ауылдық округтің орталығы Көлтоған ауылында, сондай-ақ, округке қарасты Ертай, Рысбек батыр ауылдарында мал басын көбейтіп, ел ырысын еселеуге, сол арқылы ел тұрғындарын сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен, оның ішінде етпен қамтамасыз етуге молынан үлес қосып отырған шаруалар баршылық. Солардың қатарында Рысбек батыр ауылында тұратын Марғұлан Сманбаевтың отбасы да бар.

Бүгінде жігіт ағасы жасындағы Марғұлан ағамыз ауылдағы еңбек ардагері Шырынәлі Сманбаевтың отбасында тәрбиеленген. Рысбек батыр ауылындағы Жамбыл атындағы сегіз жылдық мектептен соң Қайрат ауылындағы қазіргі №2 Мыңбұлақ орта мектебінде оқып бітірген.

Ауылдағы өсіп-өнген, үлгілі әулеттердің бірі саналатын Шырынәлі ақсақал мен Мария апаның отбасында барлығы 11 ұл-қыз тәрбиеленген. Марғұлан ортаншы ұл. «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» демекші, мал шаруашылығын өркендетуге ниет еткен азамат 2005 жылы Аида есімді аруға үйленіп, отбасы құрған соң бұл іске шындап кірісе бастады. Өйтпесе болмайды.

Ауылдық жерде мал мен егін шаруашылығынан басқа табыс көзі жоқ. Ауылда туып, ауылда өскен балаға малдың жайын білу онша қиын емес екені белгілі. Алғашқыда олар екі жылдай ата-аналарының қолында тұрды. Одан кейін күнкөріс қамымен елорда жақта да бір-екі жыл жұмыс істеген соң ауылға қайта оралды. Ата-аналары оларға өз ауылынан үй сатып алып беріп, жас отбасыны бөлек шығарады. Бұл 2010-шы жыл болатын. Міне, содан бері бұл еңбекқор жас отбасы тірлік істеуге бел буып, тана-торпақ бордақылауға кірісті. Алғашында ауылдан бір-екі бас бұзау сатып алып, оны өсіріп бағып, семіртіп, айналдырып көрген соң, отағасы Марғұлан ірі қара бордақылау ісіне шындап кірісіп кетті.

Мал бордақылаумен айналысатындар жақсы білетіндей, басқа малдан қарағанда, мүйізді ірі қара мал ұзақ бордақылауды қажет етеді. Бұқа кем дегенде бес-алты ай, кейде бір жылға дейін байлауда тұрады екен. Оған жемшөп те, уақыт та көп кетеді деген сөз. Пайдасы да жаман емес. Қазіргі таңда бұл отбасы бұқаның басын көбейту арқылы экологиялық жағынан таза ет өндіруді қолға алды.

– Өткен ғасырдағы тоқсаныншы жылдардың іші, одан кейінгі 2000-шы жылдардың басында болған әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар халқымызға оңай тимегені белгілі. Мен көпбалалы шаруа отбасында өстім. Ата-анам колхозда, колхоз тарағаннан кейінгі жылдары мал шаруашылығымен айналысты. Мен де колхоз кезінде қой қырқынға, шөп, егін жинауға шығып, жұмыс істедім. Өзім үйдің ортаншысымын. Бәріміз еңбекпен есейдік. Алдымдағы аға-әпкелерім бірінен соң бірі үйленіп, тұрмысқа шығып жатты. Барлық баланың өз нәсібесі бар. Дегенмен, ата-анаға салмақ салмайық деп, сыртта екі-үш жыл жұмыс істеп те көрдік. Бәрібір өз ауылыңдай болмайды екен. Содан ауылға қайта келіп, бір жүйеге түсіп ауылдың тіршілігімен біржола айналысып жатырмыз.

Мал бағу, оны бордақылау – отбасылық кәсіп. Оны жыл он екі ай бойы айналдырасың. Семіргендерін сатып, орнына басқасын бордақылауға қоясың. Мал ұстап, оны бордақылап етке өткізу үшін қора жайың кең болуы қажет. Былтыр ұзындығы 33 метр болатын төбесі жабық бастырма салған болатынмын. Оның ішіне жемшөп салатын арнайы темір астаулар жасап, мал байлауға арнап жабдықтап алдым. Су осында мотормен тартылған. Жемшөбін қолмен саламыз. Осы қораны жабдықтағаннан кейін жұмысымыз біршама жеңілдеп қалған сияқты. Қазір үйде 30 басқа жуық бұқа бордақылап отырмыз. Оған жем-шөп қорымыз жеткілікті,- дейді Марғұлан Шырынәліұлы.

Шаруа азамат бордақыға байланатын жас бұқаларды бұрын ауыл-аймақтың төңірегінен және аудан орталығындағы мал базардан сатып алып жүрсе, былтырдан бері байлауға қажетті малды Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш мал базарынан тасымалдауды қолға алды. Өйткені, ондағы малдардың тұқымы ірі әрі етті салмақты келеді екен. Қазір Марғұланның қорасында «Әулиекөл» және «Қызыл ақбас» тұқымды дене тұрқы ірі екі жасар бірыңғай бұқалар бордақылануда. Етке толған бұқалар көбінесе тірі салмақпен саудаланып және сойылып, сатылады екен. Семіз малға алымсақ қай жерден де табылады. Бордақы мал үшін жыл сайын 30 тоннаға дейін тартылған арпа жем және екі мыңдай тайланған шөп, сабанмен қоса топан дайындалады. Бұл мақсатта шаруа 20 гектар егістік жерге арпа және жоңышқа егіп, жемшөпті өзі дайындайды. Жерді игеруге «МТЗ-80» маркалы тракторы соқасымен және дәнсепкішімен жарап тұр.

Ендігі кезекте туған ауылына туын тігіп, ауылда мал шаруашылығын дамытып отырған шаруа азамат Марғұлан ағамыздың отбасы жөнінде де айта кетейік. Ол 2005 жылы Б.Момышұлы ауылының қызы Аида Мәуленбекқызы екеуі құрған құтты шаңырақтың отағасы. Отанасы үй шаруасында. Отбасында Баян, Жидебек, Іңкәр есімді бүлдіршіндерді тәрбиелеп отыр.

Мал бағуды оңай жұмыс деп айта алмаймыз. «Бақпасаң мал кетеді…» демекші, қазақ халқы үшін төрт түліктің амандығы, көбейгені маңызды. Кейінгі жылдары аудан көлемінде мал басының күрт көбеюіне байланысты бұрынғы жайылым жерлердің де көлемі тарылып барады. Жем-шөп қорын молынан дайындап алып, малды үйде ұстаудың қажеттілігі кейінгі жылдары аз айтылып жүрген жоқ.  Бұл мал шаруашылығын, оның ішінде ет экспортын дамытудың негізі болмақ.

Нұржан манасұлы,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close