Qoǵam

Әйел проблемасы қалай шешілуде?

Халықаралық аренада әйелдердің саяси көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Қоғам мен мемлекет тарапынан да нәзік жандылардың іскерлік белсенділіктері мен саяси ықпалдастықтарына деген сенім жоғары деңгейде көрініс табуда. Қоғамдағы әйелдің рөлі елімізде қабылданған «Гендерлік саясат туралы», «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР Заңдарымен реттеледі. Бүгінде әйелдер саясатта, бизнесте, экономикалық барлық салаларында ер азаматтармен қатар еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп- өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Отбасының ұйтқысы, өмірдің тірегі – әйел-ананың бүгінгі таңда хал-жағдайы қандай, олардың қоғамдағы рөлі қандай деңгейде және әйелге қатысты қандай өзекті мәселелер шешілуі тиіс? Осы жөнінен аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Ербол Сәкенұлы Жаңабаевқа бірнеше сұрақ қойып, сұхбаттасқан едік.

– Ербол Сәкенұлы, жалпы әйел біздің халқымыз, қоғамымыз үшін, мемлекетіміз үшін қашанда ардақты саналады. Халқымыздың тең жартысы әйел қауымынан тұрады. Бүгінде әйел түрлі салада белсенді еңбек етіп, отбасын да, жұмысын да жарасымды үйлестіріп отырғаны жасырын емес. Осыған байланысты біздің ауданның білікті, белсенді әйелдер қауымының рөлі қаншалықты бағаланып келеді? ҚР «Гендерлік саясат туралы» Заңы қалай орындалуда? Әйелдердің басшылық қызметтердегі саны қаншалықты жоғары?
– Әрине, қоғамда белсенді, білімді, білікті әйелдер аз емес. Олар саясатта да, басқа да салаларда қажырлы еңбегімен ерекше көзге түсіп жүр. Әйелдерге әрдайым қолдау көрсетіледі. Көбінде әйелдер ерлерден де жақсы жұмыс істейді. Ал біздің ауданға келетін болсақ, бүгінгі таңда өңіріміз дегендерлік саясат тұрақты түрде іске асырылуда. Бұл- қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет. Гендерлік саясат еліміздің тәуелсіздік алған 90-шы жылдары бастау алып,қазіргі күнге дейін жалғасын тауып отыр. Біздің ауданда гендерлік саясат жүргізу жөніндегі жұмысты аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы үйлестіреді. Оның негізгі міндеті отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады. Сондай-ақ, аудандық полиция бөліміндегі әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық арнайы тобы жұмыс істейді.
Басшы әйелдер туралы айтатын болсақ, ауданда барлығы 112 мекеме болса (онда 4846 адам жұмыс істейді), соның тең жартысын, яғни 61-н әйел басқарады. Әйелдер қызмет көрсету саласында көп кездеседі. Мысалы, білім, денсаулық сақтау, саудада, ақпарат және құжатпен қамтамасыз ету, коммуналдық қызмет көрсету, және т.б. Атап айтқанда, білім мен мәдениет саласының 84 мекемесінде 4681 қызметкер еңбек етсе, оның 49 басқарушы лауазымда. Коммуналдық мемлекеттік мекемелерде 28 бөлім және ауылдық округтерде 165 мемлекеттік қызметшілер бар. Олардың 12-сін әйел басқаруда немесе ол 7,3%-ды құрап отыр. 13 аудандық мәслихат депутаттарының үшеуі әйел. Ал, саяси және мемлекеттік қызметшілер арасында әйелдер қауымының аз болғаны, ол ,әрине, жұмысқа қабылдау барысында арнайы тесттен өтуіне де байланысты.
– Аудан әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның негізгі міндеттері мен мақсаттары жайлы айтсаңыз және ол қаншалықты әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға ықпал етуде?
– Аталған комиссияны мен өзім басқарудамын, оның құрамына сегіз жауапты тұлға кірді. Комиссияның негізгі мақсаты мен міндеті – Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру болып табылады. Сондай-ақ, отбасы, әйелдер және балалар мәселелеріне қатысты азаматтардың өтініштерін, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын қарау және комиссияның бекіткен жылдық жоспарына сәйкес іс-шаралар кешенін жүргізу, оның отырысын тоқсан ішінде бір рет өткізу, әйелдерге, балаларға қарсы зорлық- зомбылықтың алдын алу, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың проблемаларын шешу және зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету болып табылады. Биылғы жылы комиссияның екі отырысы өтті. Онда атқарылып жатқан шаралармен қатар жоспарда тұрған мәселелер талқыланып, қаралды. Оның ішінде, әрине, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған 1 сәуірден бастап тағайындалып жатқан мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы тиісті мекеме қызметкерлерінің мәлімдемелерін тыңдадық және биылғы жылы да елімізде өткізілетін «Мерейлі отбасы-2019» ұлттық конкурсына қатысты әңгіме өрбіді.
– Ербол Сәкенұлы, бүгінгі күннің маңызды проблемасына айналып отырған мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тағайындалып жатыр және әлеуметтік қолдау қалай жүзеге асырылуда?
– Бүгінгі таңда жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін елімізде құрылған «Е-Халық» бағдарламасы жұмыс істеуде. Осы бағытта аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Жұмыспен қамту орталығы көп жұмыс атқаруда. Олар әрбір отбасымен арнайы жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта жуырда ғана бес ауданның қызметкерлері мен ауыл әкімдерінің қатысуымен біздің ауданда облыстық аймақтық семинар-тренинг өткізілді. Атап айтқанда, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 7976 адамы бар1793 отбасына 131707,6 мың теңге тағайындалып, 81197,7 мың теңгесі төленді. Оның ішінде 3 айда 2464 адамы бар 404 отбасына 46056,0 мың теңге төленді.
Ал, 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 1180 отбасынан «Е-Халық» бағдарламасы арқылы өтініштер қабылданып, 1941 отбасының 9871адамына 334954,0 мың теңге көмек тағайындалып, төленді. Одан басқа биылғы жылы 444 адамға қызмет көрсетіліп, оның ішінде өмірдің қиын жағдайына ұшыраған азаматтардың жекелеген топтарындағы 25 көпбалалы аналарға 875,0 мың теңге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.
– Аудандық әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ауылдық округтердегі әйелдермен және әйелдер басқаратын үкіметтік емес ұйымдар, іскер әйелдер қауымдастығымен және басқа да қоғамдық ұйымдармен байланысы бар ма?
– Аталған комиссия барлығымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мысалы, жуырда ғана комиссияның отырысында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қалыптастырылған «Отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу қызметін ұйымдастыру» жобасын жеңіп алған «Мехрибан-Шаңырақ» қоғамдық бірлестіктің биылғы жылға арналған іс- шара жоспарымен таныстық. Сондай ақ, елімізде өтетін сайлаудан кейін «Жуалы-Қанағат» ҚБ жеңіп алған «Қазақстан ауыл әйелдерінің форумын ұйымдастыру» жобасын іске асыратын болады. 10 жыл бұрын құрылған аудандық іскер әйелдер қауымдастығының қайырымдылық шараларына да көңіліміз толып отырады. Қоғамдық ұйымды басқарып отырған аудандық мәслихаттың депутаты, «Жуалы әйелдері» ҚБ төрайымы Күлбақыт Айтқұлова көпбалалы аналар мен әлеуметтік осал топтармен тығыз жұмыс жүргізуде.Оларға біз әрдайым қолдау көрсетіп отырамыз. Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова көпбалалы отбасылардың мәселелерімен де көп айналысады. Ауданның кәсіпкерлері де көптеген ауданда өтетін қайырымдылық шараларға қатысып, үлес қосады.
– Жақында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Көпбалалы аналардың жағдайы- әлеуметтік саланың барометрі»-, деді. Ол алға қойған жоспарларымен де бөлісті. «Бұл бұлжымайтын жоспар» деді, яғни, Президент алға қойылған тапсырмалар міндетті түрде атқарылуға тиіс деп шегелеп айтты. Ал, біздің ауданда көпбалалы аналар мен әлеуметтік осал топтардың жағдайын түзету бағытында нендей жұмыстар атқарылып, іске асырылады?
– Жылдың басында аудан көлемінде тұрмысы төмен отбасылардың жағдайларын зерделеу, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ауылдық жерлерде ауыл әкімдері мен кәсіпкерлер бекітіліп, мұқтаж отбасыларға қажетті көмек көрсетілуде. Ал, жалпы ауданда арнайы ашылып, жұмыс істеп тұрған Б.Момышұлының қоры арқылы жағдайы өте төмен бір отбасына тұрғын үй сатып алынатын болды. Одан басқа №16 Жуалы колледжінің екі көпқабатты бос тұрған бұрын жатақхана болған ғимараттары жөнделіп, тұрмыс жағдайы төмен, баспанасы жоқ отбасыларға пәтер ретінде беріледі. Қазіргі таңда ол мәселе облыс басшыларымен келісіліп, жобалық- сметалық құжаттары жасалу бағытында жұмыс атқарылып жатыр.
-Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Гүлмира ДЕМБАЕВА.
Суретті түсірген Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close