Qoǵam
Жүйелі жұмыстар атқарылуда
аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Әнуарбековпен сұхбат
– «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда жыл басынан бері нендей жұмыстар атқарылды?
– 2019 жылға арналған аудандық халықты жұмыспен қамту кешенді жоспарына сай Бағдарламаға жалпы 2756 азаматты қатыстыру жоспарланған болатын. Есепті мерзімде жалпы 1 190 адам Бағдарламаға қатысушы ретінде тартылып, 907 адам, соның ішінде тұрақты жұмысқа 328, уақытша жұмысқа 579 адам жұмыспен қамтылды. Жылдық жоспардың орындалуы 43,1 % құрады.
Белгіленген жоспарлық индикаторлық көрсеткіштер талапқа сай орындалуда. Жұмысқа орналасу мәселесімен жүгінген адамдардың ішінен жұмысқа орналасқандар үлесі 70,0% құрады, құрылған жаңа жұмыс орындарының ішінде тұрақты жұмыс орындарының саны – 151.
Жұмыспен қамту органдарына қайырылған еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі 20 азамат жұмысқа орналастырылды .
– Бағдарлама үш бағыттан тұратыны белгілі, біріншісі Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, екіншісі жаппай кәсіпкерлікті дамыту, үшінші бағыты халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Енді осы аталған бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарды тарқатып айтып берсеңіз.
– Бағдарламаның бірінші бағытының шеңберінде 2019 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына жалпы 200 азаматты жолдау жоспарланды. Есепті мерзімде №16 «Жуалы» колледжіне және облыстағы колледждерге жалпы 165 азамат оқуға жолданды (аспаз – 22, тігінші – 20, тракторшы- 20 адам, электрик – 16 адам, электргазбен дәнекерлеуші- 20 адам, шаштараз ұстасы- 22 адам, маникюр ұстасы- 20 адам, «В» санат бойынша автокөлік жүргізушісі – 10 адам); 14 адам оқудан бас тартты, нақты оқуға қатысқан азаматтар саны 151 адамды құрады.
Осы бағыт аясында аудан әкімдігінің білім бөлімінің ұйымдастыруымен құрылған мобильдік топтармен ауылдарда бағдарламаға кәсіптік даярлауға қатысатын 9-11 сынып түлектері қатарынан үміткерлер тізімдерін жинақтау, тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Тамыз айында аудандық комиссияның шешімі негізінде үміткерлер кәсіптік даярлау оқуына жолданатын болады.
Бағдарламаның екінші бағыты негізінде кәсіпкерлік істерін ашуға немесе кеңейтуге ниет білдірген 127 үміткер тізімге тіркеліп, оларға микрокредиттік ұйымдарға жолдамалар берілді. Кәсіпкерлікті дамытуға 142 қатысушыға 597600,0 мың теңге берілуі қарастырылған. Есепті мерзімде 25 адамға жалпы 81 млн. 900 мың теңге шағын несие берілді, оның ішінде 4 жас азаматтарға 15 млн.теңге берілді.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бойынша 7 қатысушыға жалпы сомасы 1 768,0 мың теңге қайтарымсыз гранттар берілуі қарастырылған, сонымен қатар аз қамтылған (көп балалы отбасыларға) арналған 7575,0 мың теңге гранттар 15 отбасына қарастырылған, 42 жасқа 21210,0 мың теңге гранттар берілуі көзделген.
Бүгінгі таңда аталған санаттағы 23 үміткердің құжаттары мен бизнес-жобалары облыстық комиссиясының зерделенуіне тапсырылды.
Кәсіпкерлік ісін жаңадан ашуға ниет білдірген үміткерлерді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 2019 жылы кәсіпкерлік негіздеріне 135 адамды оқыту жоспарланып, 101 білімгер оқуға жолданып, 92 азамат оқуларын аяқтады.
Жыл соңына дейін Кәсіпкерлер палатасымен «Бастау-Бизнес» жобасы аясында қосымша 210 адамды және «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 100 жас азаматтарды оқыту жоспарланған.
Бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде уақытша жұмыстарға жалпы 579 адам жолдама алды. Қоғамдық жұмыстарға 318 жұмыссыз адамды орналастыру жоспарланды. Есепті мерзімде 261 азамат жұмысқа жолданды (жылдық жоспардың орындалуы- 82,0% құрады), «Жастар тәжірибесіне» 120 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, 158 жас маман жұмысқа жолданды (орындалуы- 131,6%); әлеуметтік жұмыс орындарына 120 адамды орналастыру жоспарланып, 160 азамат жұмысқа жолдама алды ( орындалуы- 133,3%).
– Азаматтардың басқа санаттарын жұмыспен қамту міндеті қалай шешілуде?
– Есепті мерзімде аудандық пробация қызметінде тіркелген жазаны өтеуден босатылған және қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаны өтеп жүрген 26 азаматтың ішінде 18 адам жұмыссыз ретінде ресми тіркеліп, жұмыспен қамтылды, себепті жағдайларға байланысты 2 азаматтың әлеуметтік бағдарламалары кері қайтарылды және 6 азамат бас тартты.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған бір адам «Жуалы су» КММ-де қоғамдық жұмысқа жолданды. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарға 8 жұмыс орнына, шартты түрде сотталған тұлғаларға 8 жұмыс орнына квотасы белгіленіп, жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда квота бойынша 2 азамат жұмысқа орналастырылды.
– «Еңбек» мемлекеттік бағдарларламасы жұмыссыз азаматтарды жұмыс күші артық облыстардан жұмыс күші тапшы облыстарға ерікті түрде көшіру көзделген. Бұл мәселе қалай шешімін табуда?
– Бағдарламаның аталған тиісті ұйымдастырушылық іс-шаралар қабылданып, жалпы 5 отбасы (құрамында 16 адамы бар) ерікті түрде қоныс аударды (жылдық жоспар- 8 отбасы): Солтүстік Қазақстан облысына- 1 отбасы (5 адам); Павлодар облысына- 1 отбасы (3 адам); Шығыс Қазақстан облысына – 3 отбасы (8 адам). Оларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп, келу өңірлерінде баспанамен және жұмыспен қамтылды.
– Биыл сәуір айынан бастап мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің жаңа пішімі енгізілгені мәлім. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүргізілуде?
– Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша жыл басынан бері ауылдық округтерде жұмыс жасайтын ассистенттер 27428 адамы бар 5 380 отбасымен сұхбаттар жүргізді. Соның ішінен аз қамтылған отбасылардан барлығы 15 213 адамы бар 2983 отбасынан өтініштер қабылданды. Оның ішінде шартсыз ақшалай көмекке 1144 адамы бар 286 отбасының және шартты ақшалай көмекке 11745 адамы бар 2302 отбасының өтініштері оң шешімін тапты. Барлығы 12889 адамы бар 2588 отбасына 721812,6 мың теңге көлемінде көмек тағайындалып, төленді.
Шартты ақшалай көмектің шарты бойынша отбасылардағы еңбекке қабілетті жұмыссыз 415 азамат жұмыспен қамту белсенді шараларымен қамтылды.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан аумағында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында халықты жұмыспен қамту орталығының әкімшілік ғимаратында өзіне-өзі қызмет көрсету аумағында жалпы 731 азамат enbek.kz порталындағы «Еңбек биржасы» интернет-ресурсын пайдаланып, оның ішінде 629 азамат үйретіліп, жұмыс іздеуші 166 азамат түйіндемесін енгізді. Сонымен қатар, 167 жұмыс берушілер өздеріндегі бос жұмыс орындары туралы мәліметтерін енгізіп, оларға осы портал арқылы тиісті қызметтер көрсетілді. Осы портал арқылы бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасқандар саны 328 адамды құрады.
Мекеме тарапынан осы бағытта жұмыстар нығайтылып, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және электрондық қызметтердің мүмкіндіктерін пайдаланып, өздері өздеріне қызмет көрсету арқылы уақыттарын үнемді пайдалануды ұйымдастырып келеді.
Халықты жұмыспен қамту орталығы аудан тұрғындарын Бағдарламаға кеңінен қатыстыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда.
– Әңгімеңізге рақмет, жұмысыңызға табыс тілеймін!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»