Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде 1 ақпаннан бастап жаппай тұрғындарға екпе салына бастады. Аты жаман індеттің екпінін қайтару мен ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін бұл шараның өте маңызды екенін денсаулық сақтау саласының мамандары да мәлімдеді.
Қазіргі таңда бастапқыдай емес, тұрғындардың вакцинаға деген көзқарасы өзгерген. Басым көпшілігі ауруханаға өз еркімен келіп, екпе ектіруде.
Ескеретін жайт, біз жасыл аймақта екенбіз де арқаны кеңге салуға әлі ерте. Себебі, індет жұқтырушылар әлі де бар. Әсіресе инфекционист-дәрігерлерінің айтуынша, қазіргі таңда коронавирус індетімен екпе салдырмағандар ауыруда. Сонымен қатар «жай тұмау» деп салғырт қарап үй жағдайында емделетін науқастар бүгінде індетті одан сайын ушықтырып алып жатқанын айтады.
-Қазан айында аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне коронавирус індетіне шалдыққан 12 науқас келіп түсті. Оның ішінде ауыр жағдайдағы үш науқас Тараз қаласындағы ауруханаға ауыстырылды. Одан бөлек жан сақтау бөліміне екі қаралушы жатқызылған. Қазіргі уақытта төрт індетке шалдыққан науқастың жағдайы тұрақталды. Оларға дер кезінде қажетті ем-дом жұмыстары жүргізілуде, – дейді аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің инфекционист-дәрігері Ақмар Демеуова. Оның сөзіне сүйенсек, COVID-19 індетінің алғашқы белгілері дененің температурасының жоғарылауы, ауа жетпей ентігу, тұншығу, тәбеттің жоғалуы және қатты әлсіздік болуы.
Айта кету керек, бүгінде екпенің I компонентін – 24 605 адам, II компонентін – 23 165 адам салдырған. Сондай-ақ, қазіргі кезде ауданға қарасты 12 ауылдық округ екпені 100 пайыз аяқтаған. Олар, Ақсай, Мыңбұлақ, Шақпақ, Нұрлыкент, Билікөл, Қарасаз, Боралдай, Күреңбел, Қошқарата, Жетітөбе, Қызыларық, Ақтөбе ауылдық округтері.
Бұл ауру жас-кәрі деп таңдап жатқан жоқ. Үлкені де кәрісі де індеттің ілмегіне ілігіп жатыр. Сондықтан екпе алуға немқұрайдылық танытпаған абзал. Сонымен қатар, екпе алдым екен деп медициналық бетпердесіз жүруге де болмайтынын дәрігерлер ескертуде!.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»