Qoǵam

Суретшілер байқауы өтті

Жақында Шақпақ ауылдық округіндегі №4 Балалар өнер мектебінің ауласында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жастар ісі жөніндегі испекторының ұйытқы болуымен және өнер мектебінің ұстаздары Салтанат Сабырова, Еркебұлан Мадуанның атсалысуымен аймақтық деңгейде «Еңселі Елорда тұрғызған Елбасы» атты жас қылқалам шеберлері арасында сурет салу байқауы ұйымдастырылды. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру мақсатында өрбіді.
Байқаудың мақсаты – жасөспірімдер арасында елімізге, Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласына деген сүйіспеншіліктерін арттыру, әрбір бала бойынан елжандылық, отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді оята отырып, балалардың бойындағы талаптарын одан әрі жетілдіру болып табылды.
Байқау барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді. Байқауға жалпы 25 үміткер қатысты.
Іс-шараны Шақпақ ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Ақжан Ахметов ашып, қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі. Байқауда 9-13 жас аралығындағы бүлдіршіндер бақтарын сынады. Олар негізінен Нұр-Сұлтан қаласының символдары – «Бәйтерек» пен «Хан шатырды», жайқалған жасыл желек пен ашық аспанды, Ақорда мен әсем ғимараттарды қағаз бетіне түсірді.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды №4 Балалар өнер мектебінің оқушысы Аяулым Шотбай еншілесе, ІІ орын Асылай Әмірбекке бұйырды. Ал, ІІІ орынды №37 Ынтымақ негізгі мектебінің оқушысы Шұғыла Әбілқасым жеңіп алды. Сонымен қатар, ынталандыру сыйлығымен байқауға қатысушы сегіз оқушы марапатталды.
Жүлделі орынға ие болған оқушыларға «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Аудандық жастар
ресурстық орталығы

Таңдаулы материалдар

Close