Qoǵam
Ардагерлер бас қосты
Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төралқасының отырысы өтті. Басқосуға кеңестің төралқа мүшелерімен қатар, ауылдық округтердегі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары мен белсенді мүшелері шақырылды.
Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков ашып, күн тәртібіндегі қаралатын мәселелердің маңыздылығына тоқталды. Бірінші кезекте Ұлы Жеңістің 75 жылдығын лайықты қарсы алуда Ұлы Отан соғысы, тыл, ауған т.б. дәрежедегі ардагерлерді қолдау және Еріктілер жылына байланысты жастар арасында патриоттық тәрбие беру бағытында жастармен кездесулер өткізу және осы бағыттағы Б.Момышұлы ауылы ардагерлер ұйымының атқарған жұмыстары туралы аталған ұйымның төрағасы Кемелбек Дәуренов ауқымды баяндама жасады.
-Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі. Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік пен өрліктің ерен үлгісін көрсеткен майдангерлерді мадақтау, олардың рухының алдында бас ию – бүгінгі ұрпақтың бұлжымас парызы. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. «Көп жасаған қария – ақылы терең дария» демекші, Б.Момышұлы ауылында зейнет жастағы қария кісілер саны бүгінгі таңда 1215 адам. Оның ішінде ҰОС қатысқан ардагерлер – 2, тыл ардагерлері 69, Ауған соғысы ардагерлері -12 және Чернобыль атом электр станциясындағы апатқа қатысқандар саны – 8 және Семей полигонынан зардап шеккендер – 20. Одан басқа 265 мүгедек, асыраушыларынан айырылғандар 128 отбасыны құрайды. Арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж 49 жалғызбасты қария бар. Көпбалалы аналар саны 730, оның ішінде «Алтын алқа» алқасының иегерлері-220, 510-ы «Күміс алқа» иегері.
Барлық санаттағы ардагерлер, әсіресе, жылдан-жылға азайып бара жатқан ҰОС ардагерлері, олардың жесірлерінің және жалғызбасты қарттардың жай-күйін, тұрмыс-тіршілігін тұрақты түрде біліп отыру, өтініштеріне қарай дер кезінде көмек көрсету, талап-өтініштерін жоғары құзырлы орындарға жеткізу, орындалуына атсалысу, сол сияқты ардагерлерді мүмкіндігінше қоғамдық жұмыста белсенділігін арттыру, ардагерлер кеңесінің міндеті және тұрақты бақылауында.
Мемлекет тарапынан үзбей көрсетіліп жатқан моральдық-материалдық қамқорлықты ауданда тұрып жатқан 1215 зейнеткер айқын сезініп отыр. 2019-2020 жылдары жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек ретінде 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай ҰОС 2 ардагеріне бір миллион теңгеден, Ұлы Жеңісті жақындатуға орасан үлес қосқан 69 тыл ардагерлеріне 50 000 теңгеден бір реттік жәрдемақы берілді.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай аудан әкімі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы және Б.Момышұлы ауылы ардагерлер төрағасы ҰОС ардагерлері Николай Лебединскидің және Шәріпбай Ақжоловтың отбасына арнайы барып, Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, сый-сияпат көрсетілді. Сол сияқты бірнеше тыл ардагерлеріне де сый-сияпаттар жасалды.
Жасы 80, 90, 100-ге толған ардагерлеріміздің отбасына барып, мерейтойларымен құттықтап, қал-қадірімізше сый-сияпат беріп тұру тұрақты дағдыға айналған. Мәселен, өткен жылы ауданның Құрметті азаматы Мейірхан Жаманқұловты 80, зейнеткер ұстаз Бекзат Пәнееваны 70 жылдықтарымен құттықтап, сый-сияпат көрсетілді. Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесі алқа мүшелерінің шешімімен тыл ардагері Шәкір Рахманқұлов, ардагер Шорабай Ысқақов «Жуалы ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталса, сол сияқты аудандық мәслихаттың шешімімен ардагер теміржолшы Шалқар Әміров «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуына орай ардагерлердің бір шоғыры «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медальдармен марпатталды.
Мың өліп, мың тірілген қазақ елінің тарихы ерлікпен, батырлықпен, қаһармандықпен жазылғаны даусыз. «Өсер ел тарихын таспен жазады, өшер ел тарихын жаспен жазады» дейді дана халқымыз. Осынау кең-байтақ қазақ жерін найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, бізге мұра етіп қалдырған батыр бабаларымыздың ерлік істері ұшан-теңіз. Патриот – өз отанын, халқын, жері мен суын шынайы сүйетін, елінің мүддесі үшін бар күшімен қуатын, сезімі мен қабілетін аямайтын адам.
Жастарды отаншылдыққа, патриотизмге тәрбиелеудегі бабалар өнегесінің маңыздылығы туралы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұланғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ, олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Патриоттық тәрбие берудің бірден-бір мысалы егіз ерлікті ет жүрегіне сыйдырған ерлік пен қаһармандықтың феномені Бауыржан Момышұлының өзі жастарға таусылмас өнеге екені даусыз. Қолбасшы Б.Момышұлы былай дейді: «Тәртіп – табыстың көзі, тәртіпсіз – елдің езі. Тәртіп бәрімізді қуанышқа бөлейді, халқымызға жақсылық жасауға міндеттейді. Мұны атүсті емес, ақыл-парасаттарыңмен, бүкіл жан дүниелеріңмен түсініңдер» деп атап өтті.
2020 жылдың 6-шы мамырында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының Ардагерлер туралы» заң қабылданды. Мұндағы мақсат – қосымша әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылатын ардагерлер санатын айқындау. Біз бұған өте қуаныштымыз. ХХІ ғасыр – жаһандық қуатты және талантты адамдардың дәуірі. Сондықтан жастарымыз үздіксіз ізденіп, білімдерін жан-жақты жетілдірулері тиіс. Ендеше, бүгінгі жас ұрпақты әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтап, қазіргі қазақ қоғамында жастарды имандылық жолдарына тарту – біздің қариялық борышымыз деп білемін,- деді Кемелбек Дәуренұлы.
Одан кейін сөз алған кеңес төрағасы бастауыш ұйым мүшелерінің мерзімді басылымдарға жазылу мәселесін қозғады. Атап айтқанда, «Ардагерлер айнасы» республикалық ардагерлер газеті және «Ғұмыр-Дария» газеттеріне 2020 жылдың екінші жартыжылдығына жазылу жұмыстарын ұйымдастыру туралы мәселе қаралды. Естемес Аманбекұлы өз сөзінде бастауыш ұйым мүшелерінің газет-журналдарға жазылу жұмыстарының тым баяу жүріп жатқанына қынжылыс білдірді. Сонымен қатар, ол ауыл-ауылдағы беделді, ықпалды қария жастағы азаматтардың белсенділігін арттыру мәселесіне де тоқталды.
Отырыстың күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудандағы билер кеңесінің атқарып жатқан жұмыстары туралы билер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов баяндады. Ол өз сөзінде би болып сайланған азаматтардың белсенділігін арттырып, ел ішінде ынтымақ-бірлікті арттыруға, араздасқан азаматтардың ісін сотқа жеткізбей қарап татуластырып, бітістіруге күш салуды ұсынды. Басқа да ұсыныстарымен бөлісті.
Баяндамаларға орай ардагерлер арасынан Аманжол қажы Дүрәліұлы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев, зейнеткер Нұртаза Омаров т.б. азаматтар сөйлеп, ой-пікірлерін білдірді.
Нұржан Манасұлы,
“Жаңа өмір”