Qoǵam

Жолдау талаптарын орындау – баршамыздың міндетіміз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазақстандық, яғни Назарбаев моделінің негізінде өркендеудің жаңа кезеңіне шығу жолын айқындады. Бұл құжат Президентіміздің сайлауалды бағдарламасын іске асырудың өзегі болып табылатын бес басымдықты белгілеп берді. Президент: «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» деп ерекше атап өтті. Халықпен кері байланыс орнату, жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тәртібін жүйелендіру және оның тиімділігін арттыру мақсатында облыс әкімінің ағымдағы жылдың 13 наурыздағы №70-ө өкімімен бекітілген алгоритмге сәйкес, барлық 14 ауылдық округте халықпен кездесулер өткізілуде.
Мемлекет басшысы «Ата Заңымызға сәйкес азаматтардың өз ойын еркін айтуға құқығы бар» екендігін баса айтты. Ауданда бейбіт акциялар және наразылық шараларын ұйымдастыру тәртібі мен өткізу орындары анықталған. Ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында, аудандағы оннан астам ұлт өкілдерінің ұстанымы «Ел бірлігі – оның әралуандығында!» қағидатында болуы керек. Сонымен қатар, Жолдауда жақын арада үкіметтік емес ұйымдардың жауапкершілігін арттырып, жаңа міндеттер жүктейтін «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы» қабылданатындығы айтылды.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің барынша ашық болуын қамтамасыз ету, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында төрт мемлекеттік орган басшысының жұмыс кабинеттері ғимараттың бірінші қабатына көшірілді.
Мемлекет басшысы шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруды тапсырып отыр. Осы ретте үстіміздегі жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша ауданымыздың жалпы өңірлік өнімінің көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 33,3 пайызға артып отыр.
Бүгінгі күнге тіркелген 4487 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің ішіндегі жұмыс жасайтындарының үлесі 92,4% (4150) жетті.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың сегіз айында 91 млн 422 мың теңгеге алты жаңа жоба, 29 жасқа дейінгі жастар арасында 32 500 млн теңгеге 15 жоба іске асырылуда. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемесі субсидияланатын несие алу және инфрақұрылымды дамыту мақсатында ауданның ауылдық округтерінен келіп түскен ұсыныстар (жобалар) қаралып, нақты 6 жобамен жұмыстар жүргізіліп, «Даму» КДҚ-ның қолдауына ие болып, барлығы 80,4 млн. теңге несиеге қол жеткізілді. (Индикатор бойынша жоспар 9-айға 34,2 млн).
«Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында кепілдік беру бағыты бойынша 5 жоба өтіп, «Даму» қорынан 112,0 млн теңге несиеге қол жеткізді. Кепілдік беру 17,0 млн теңгені құрап отыр.
«ҚазГидроОперейтинг» ЖШС «Көксай» каналының бойынан құны 5,2 млрд теңгені, қуаттылығы 18 мВт құрайтын кіші су электр станциясының құрылысын жүргізілуде. Келесі жылы жобаны толықтай іске қосу жоспарлануда.
Президент әлеуметтік бағыттар – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керектігін тапсырды.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу бойынша бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Аз қамтылған отбасылардан барлығы 20 426 адамы бар 4 005 отбасынан өтініштер қабылданды. Оның ішінде шартсыз ақшалай көмекке 1 225 адамы бар 314 отбасының және шартты ақшалай көмекке 15 280 адамы бар 2 996 отбасының өтініштері оң шешімін тапты (барлығы 16 505 адамы бар 3 310 отбасы). Есепті мерзімде барлық отбасыларға жалпы 68 млн 814 мың теңге көлемде көмек тағайындалып, 66 млн 958 мың теңгесі төленді.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында кәсіпкерлік істерін ашуға немесе кеңейтуге ниет білдірген 165 үміткер тізімге тіркеліп, оларға микрокредиттік ұйымдарға жолдамалар берілді. Ағымдағы жылы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 142 қатысушыға 597 600,0 мың теңге берілуі қарастырылған.
Есепті мерзімде 66 адамға жалпы 225 млн 800 мың теңге шағын несие берілді, соның ішінде 10 жас азаматқа 30 млн теңге берілген. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бойынша жеті қатысушыға жалпы сомасы 1767,5 мың теңге қайтарымсыз гранттар берілуі қарастырылған, сонымен қатар аз қамтылған (көпбалалы отбасыларға) арналған 7575,0 мың теңге гранттар 15 отбасына қарастырылған, 42 жасқа 21210,0 мың теңге гранттар берілуі көзделген.
Бірінші жартыжылдықта 2 857 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды (14 276 адам). Біздің мақсатымыз – осы отбасылардың өз кәсібін ашып, кәсіпкерлікпен айналысуға бейімдеу, олардың санын қысқарту.
Елбасының үстіміздегі жылдың 30 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлерде скрининг өткізу туралы тапсырмасы аясында аудандағы 49 елді мекендегі 10 144 аула зерделеніп, сауалнамалар толтырылды. Нәтижесінде жалпы құны 983 716,2 мың теңге көлемінде 171 жоба ұсынылды.
Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз. Аудан егін өсіруге де, мал баптауға да географиялық тұрғыдан өте қолайлы аймақ. Есепті мерзімде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарымы 9 млрд 720,7 млн теңгені құрады (8 млрд. 443,7 млн. теңге). Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 101,1 пайызды құрады. Оның ішінде тұтастай көлемін мал шаруашылығы өнімдері құрап отыр.
Шет мемлекеттен (Чехиядан) асыл тұқымды сүтті, етті бағыттағы 64 бас мүйізді ірі қара сатып алынып, жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін бес кәсіпорын жұмыс істеуде, олардың үшеуі сүт, біреуі ет өнімін, тағы біреуі өсімдік майын өңдеуге маманданған.
Президент төртінші міндетінде әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін айқындады. Бүгінде аудан бюджеті экономиканы дамыту, адами капиталдың сапасын жақсарту және басқа да әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған.
Сапалы білім беру – оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үрдісі. Білім беру саласының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында ауданда соңғы үш жылда жаңадан бір мектеп салынып, пайдалануға берілсе, сегіз мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы білім саласына өткен жылы 5,6 млрд теңге бөлінсе, биыл 5,8 млрд теңге бөлініп отыр.
Қазіргі кезде білім берудегі мақсат – жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім өзіндік ой-талғамы бар адамгершілігі жоғары қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Оқу процесін ұйымдастыруда қолданылатын педагогикалық тәсілдер, әдістемелер, технологиялар тақырыптық оқыту семинарлары, оқушылардың жеке шығармашылық қабілетін жетілдіру мақсатында олимпиадалар, ғылыми жобалар жарысы, бастауыш сынып оқушылары үшін білім сайысы т.б. зияткерлік ойындар ұйымдастырылып, оқушыларды қатыстыру жоспарлануда.
Өткен жылы ауданда бір IT сынып ашылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін осындай үш IT сынып ашу жоспарлануда. Аудандағы 13 (33%) мектеп робототехникасы кабинеттерімен жабдықталған. Биыл оқу жылында тағы 10 мектепті жабдықтауды жоспарлап отырмыз.
Ауданда қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту мақсатында бір мектептің жанынан (Ақтөбе ОМ) «Тірек» мектебі (ресурстық орталық) ашылып, жұмысын жүргізуде.
Жолдауда аталғандай, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясы кеңейтіліп, жұмыс жаңа деңгейде жалғастырылуда. Осыған орай, ауданда бірінші кезекте қажетті мамандықтарға басымдық берілуде.
2019 жылдың маусым айынан бастап бюджет саласының айлығы төмен қызметкерлерінің жалақысын көтеруге мектептерге республикалық бюджеттен 383 213,0 мың теңге бөлініп, 1754 педагог қызметкердің жалақысы 15-25 пайыз аралығында өсті. Жоғарғы білімді мұғалімнің ең төменгі жалақысы 72 557 теңгеден 90 697 теңгеге 25% көтерілсе, ең жоғарғы жалақы 103 970 мың теңгеден 119 676 мың теңгеге 15% көтерілді (15 706-18 140 теңге аралығында қаражат қосылды). Орта білімді мұғалімнің ең төменгі жалақысы 60 833 теңгеден 71 230 теңгеге 17% көтерілсе, ең жоғарғы жалақы 86 052 мың теңгеден 99 988 мың теңгеге 16% көтерілді (10 397-13 936 теңге арлалығында қаражат қосылды.
Президент Жолдауда ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасау міндетін қойды.
Жолдауда сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау қажеттігі айтылды. Бүгінгі күні аудан бойынша 112 спорт нысанының барлығы тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануы үшін қолжетімді (оның 25-і Б.Момышұлы ауылында, 87-сі ауылдық округтерде). Ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 15 547 адамға жуықтады немесе 29,6%-ға жетті.
2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланғаны белгілі. Еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру – маңызды міндет.
Облыс әкімдігінің ағымдағы жылдың 14 наурызындағы №52 қаулысымен бекітілген «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы аясында 100-ге жуық ерікті 10 114 отбасын аралап, 2 361 отбасына әлеуметтік сауалнама толтырып, мұқтаждықтары сараланды. Жоба аясында ауданда бір қайырымдылық дүкені ашылды.
Жолдауда Президентіміз мәдениет саласына ерекше тоқталды. Бүгінде мәдениет саласында 229 қызметкер жұмыс істесе, олардың орташа айлық жалақысы 88 мың теңгені құрайды.
Аудан әкімдігіне қарасты мекемелердің жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап төмен жалақы алатын бас мамандардың айлық жалақысы 30 пайызға, бөлімше басшылары мен сектор меңгерушілерінің айлық жалақысы 10 пайызға өсті. Бұл мақсатқа республикалық бюджет есебінен 31 067,0 мың теңге бөлінді.
Ауданда тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында мақсатты жұмыстар атқарылуда. Бауыржан Момышұлы ауылында «Көктөбе» жаңа тұрғын үй алабы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп, аяқталды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізуге және кезекте тұрған 170 азаматты жер телімімен қамтамасыз ету мүмкіндік береді.
Қарасаз ауылының су жүйесінің құрылысына республикалық бюджеттен 2019 жылға жалпы сметалық құны 616,29 млн теңгені құрайтын құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алудың ашық конкурсының нәтижесіне сәйкес «КДСМ» ЖШС жеңімпаз болып анықталды. Жұмыстар мамыр айының бірінші жартысында басталып, су жинау ғимаратының орнын дайындау және жол бойында су құбыры желісін тарту жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстары бүгінгі күнге 70 пайыз орындалды. Құрылыс жұмыстары өз деңгейінде жүруде.
Сонымен қатар, биыл кезекте тұрған аз қамтылған көпбалалы бес отбасына аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен «Бауыржан Момышұлы» қайырымдылық қоры арқылы баспана сатып әперілді. Жыл соңына дейін тағы екі отбасына пәтер алып беруді жоспарлап отырмыз.
Президент тұрғындардың таза ауыз суға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына біркелкі қол жеткізуді тапсырды. Ауданда 49 елді мекеннің 15-і немесе 31 пайызы газдандырылған. 2027 жылға дейін тағы да 19 елді мекенді газдандыру жоспарлануда.
Елді мекендердің 31% немесе 5 ауыл орталықтандырылған ауыз сумен, 10 ауыл орталықтандырылмаған сумен қамтылған. 2023 жылы аудан тұрғындарын 85,7% таза ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Себебі, жеті елді мекенде үй саны 50-ден кем болуына байланысты ауыз сумен қамтамасыз ету тиімсіз.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2019 жылы екі жоба іске асырылуда. Бұл мақсатқа 306,4 млн.теңге (республикалық бюджеттен 125,7 млн теңге, облыстық бюджеттен 180,7 млн теңге) бөлінген. Бөлінген қаражат бойынша 15,4 шақырым жаңа жол жөндеуден өтті.
Жолдауда халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрмысын жақсарту, жұмыспен қамту, инфрақұрылымдарды дамыту жөнінде жүктелген міндеттерді орындау бағытында ауданда мақсатты жұмыстар жалғасын таба беретін болады.

Таңдаулы материалдар

Close