Qoǵam

Күш көрсету жақсылыққа апармайды

Қоғам әрқашан тәртіпке негізделіп, оған арқа сүйеп қалыптасады. Қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, яғни, келешегі болмайды. Құқықтық тәрбие берудің негізгі мақсаты – оқушыларда құқықтық мәдениет пен құқықтық әрекет-қылық қалыптастырып, оларды құқықтық заңдылық талаптарын түсінуге әрі мойындауға баулу. Құқық пен тәрбиенің өзара байланысты әрекеті негізінен жанама түрде тәрбиеге араласқан ата-аналар мен ұстаздар арқылы іске асырылады.
Осы орайда мектебімізде құқықтық білім мен құқық бұзушылықтың алдын алу айлығына арналған іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілген болатын. Жоспарға сай түрлі іс-шаралар өз деңгейінде ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне арналған сынып сағаттары өткізілді. Онда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұранына құрметпен, жауапкершілікпен қарауға және жауапсыз болған жағдайда жазалануға тиісті екені ескертілді. ҚР «Қазақстан Республикасындағы балалар құқығы туралы» Заңы, Заңның 39, 40, 41-баптары негізінде мектепте оқушылар мен ата-аналар арасында күш көрсетуді, балалардың қаруланған шиеленістерге қатысуын насихаттайтын, осылай баланың рухани және ізгілікті дамуына зиян келтіретіні жайлы түсіндіру жұмыстары атқарылды.
«Құқықтық мәдениет – бала қауіпсіздігінің кепілі» тақырыбында сынып сағаттары өткізілді. Мектептегі қамқоршылық кеңесінде мектеп инспекторының есебі тыңдалды. Мектеп психологы оқушылардан аталған тақырыпта сауалнама жүргізіп, нәтижесін шығарып анықтама жасалынды. Жоспар бойынша «Бала құқығы – асыл қазына», «Құқық әлемінде», «Мен және менің құқығым» тақырыптарында сынып сағаттары, «Зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында психологиялық тренинг, «Қылмыс үшін кім жауапты?» сайыс сабағы, «Құқықтық сауаттылық – заман талабы» тақырыбында пікірталас, дөңгелек үстелдер өткізілді.
Көптеген адамдардың санасында құқық ұғымы жазалау, соттау, құқық бұзылуының ұғымдарымен байланысты түсіндіріледі. Бірақ құқық әділеттілік, теңдік, ізгілік екендігін, қоғамға негізделген тәртіп ережелері екенін естен шығармау керек. Әрбір адам өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын заңдарды білуі қажет. Сондай-ақ заң адамға міндеттер жүктейді. Адам басқалардың құқықтарын бұзбауы, олардың өміріне, денсаулығына, ар-намысына қол сұқпауы керек.

Мадина Нохаева,
№26 Жаңаталап орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close