Qoǵam

Қоғамдық тыңдауда газ мәселесі қаралды

Жуырда Бауыржан Момышұлы ауылы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңес қоғамдық тыңдау өткізді. Елбасының «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасының «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бесінші бағытының орындалуы қаралуы жоспарланып, күн тәртібіне енгізілді. Жиынға аудандық қоғамдық кеңестің, Бауыржан Момышұлы ауылының жергілікті қауымдастығы мүшелері, ауыл азаматтары, ауыл әкімдігі қызметкерлері, барлығы 100-ге жуық адам қатысты. Қоғамдық тыңдауға қатысып отырған Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Исламбек Дастан жиынның күн тәртібін бекітіп, оның жұмысын жүргізіп отырды.

Алғашқы сөз аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашевқа берілді. Ол өз баяндамасында аудандық қоғамдық кеңестің сегіз айда атқарған жұмысы жайлы баяндады. Аудандық қоғамдық кеңестің аудан аумағындағы рөлі қандай деңгейде? Осы ұйымның беделін қалай арттыру керек және кеңестің алдында қандай шешімін күткен мәселелер тұр? Осы және де басқа да сауалдарға жауаптар беріліп, кеңес мүшелерінің іс-қимылдары мен атқарған жұмыстары сарапталды.
Екінші күн тәртібі бойынша – «Жуалы ауданын табиғи газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» мәселесі қаралды. Аудандағы 15 елді мекенге кіргізіліп жатқан табиғи газға байланысты ауыл тұрғындарының өтініштерін ескерген Исламбек Дастан туындаған сұрақтарды көтеріп, талқыға салды.
– Бүгінгі таңда сіздердің аудандарыңызда табиғи газбен қамтылмаған 19 елді мекеннің 15-не газ тартылуда. Оның құрылыс жұмыстарын мердігер «Тараз құрылыс-2004» ЖШС үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап жүргізуде. Бүгінгі таңда 15 ауылға кіретін газдың жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Жобаның жалпы құны 3,0 млрд теңге, газ құбырының ұзындығы 102,3 шақырым. Құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 705,0 млн теңге, облыстық бюджеттен 78,3 млн теңге бөлінді.
Бүгінгі таңда жеті ауылдың ішінде жүргізілетін газ тартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Атап айтсақ, ол Тасбастау, Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Кәріқорған, Қоңыртөбе және Күреңбел ауылдарының кварталішілік газ тарту желісінің құрылысы ЖСҚ әзірлеуге 30876,0 мың теңге қаралған. Оның 14445,0 мың теңгеге конкурс нәтижесі бойынша мердігер «КазЦентрПроект» ЖШС анықталды. Келісім-шарт 17 маусым күні жасалды. Бүгінгі таңда топографиялық түсірілімдері, инженерлік-геологиялық жұмыстары мен сызбалары, жобалық-сметалық құжаттама, ОВОС әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілген,- дей келе, Исламбек Дастан осы жұмыстарға жауапты облыстық және аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемелеріне қатысты көптеген ұсыныстар айтты.
Бұл мәселе аудандық және облыстық қоғамдық кеңестердің бақылауына алынды.
Жиын соңында тиісті қаулы қабылданды.

Гүлмира Дембаева,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close