Qoǵam

Қылмыс қайдан шығады?

«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің Қарасаз ауылдық округінің жастар ісі нұсқаушысының ұйымдастыруымен №16 Жуалы колледжінде «Қылмыс қайдан шығады?» тақырыбында жастармен кездесу өтті.
Кездесуге аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Самат Сариев және Әлімжан Жұмашев, аталған колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рахат Бекбаев, педагог-психолог маманы Мунира Асанова қатысты.
Шараның мақсаты – жастар арасында қылмыстың алдын алу, құқықбұзушылыққа жол бермеу, құқықбұзушылық орын алған жағдайда қандай шаралар қолданылатыны жайлы хабардар ету.
Кездесуде полиция капитаны С.Сариев «Колледж жастарының құқықтық санасының төмендігі – олардың қылмысты көп жасауға әсер етіп, заң талаптарын бұзушылық әрекеттеріне әкеліп соғады. Сондықтан студент жастардың арасындағы қылмыстың алдын алып, құқықтық тәрбие беру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Құқықтық тәрбие – кәмелетке толмағандар арасында заң ұғымдарын насихаттай отырып, жасөспірімдерді қажетті заңдылық біліммен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Жастарды заңның негізгі принциптерін біліп қана қоймай, оны меңгеруге де үйрету қажет», – деп өз ой-пікірін білдірді.
Ал, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Р.Бекбаев: «Қылмыс жасағаны үшін жазаға тартқаннан гөрі оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Алдын алу жұмысының нәтижелі болуы алғаш жасалған теріс қадамның дер кезінде анықталуынан ғана емес, сонымен бірге кәмелетке толмағандардың жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеруге де байланысты» деді.
Шара барысында полиция қызметкерлері жастарға заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кеңестерін берді. Сондай-ақ, оларға жолда жүру ережесін қатаң сақтауды да ескертті.
Аружан Қуанышбай,
Қарасаз ауылдық округінің
жастар ісі нұсқаушысы

Таңдаулы материалдар

Close