Qoǵam

Халің қалай, жас маман?!

немесе бағдарламаның игілігін кімдер көріп отыр

Ауыл – қазақ халқының қара шаңырағы екені белгілі. Ауыл гүлденсе еліміз де гүлденіп, дами бермек. Кейінгі жылдары шаруасы шатқаяқтап, замана көшінен аздап қалып бара жатқан ауылдық жерлерді жан-жақты түлету мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен және тапсырмасымен бірқатар маңызды шаралар қолға алынып жатқанын бәріміз білеміз. Оның үстіне осыдан екі жыл уақыт бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынып, бағдарламаның бірқатар жобасы аясында ауыл халқының рухы тағы бір көтеріліп, тиісінше, ауылдық аймақтар гүлдену мен түлеу жолына біржолата бет бұрды. Мұндай сауапты да жауапты істерге туған жер түлектерінің білек сыбана кірісуі көңілдерге жылу ұялататыны хақ.

Мемлекет тарапынан біраз жылдар бұрын қолға алынып, ауылдық жерлерде маман тапшылығын жою үшін әрі алтын бесігіміз саналатын ауылдарда жастардың тұрақтауына жол ашып отырған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының жөні бөлек. Аталған бағдарлама осы жылдар аралығында мемлекетке де, жас мамандарға да тиімді екенін дәлелдеп отыр. Тиімдісі сол, жоғары оқу орнын бітірген, қолында дипломы бар жас мамандар ауылдарға барып мемлекет есебінен біржолғы көтермеақы, содан соң аз пайызбен несие алып, сол қаржыға жергілікті жерден тұрғын үй сатып алады. Сөйтіп ары қарай өз саласы бойынша мамандығымен жұмысын жалғастыра береді. «Баспана – бақыт шамы» демекші, оқуды жаңа ғана бітіріп келген жас мамандарға бұл үлкен көмек болмақ.
Биылғы жылға дейін «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасының барысын жергілікті жерлерде аудандық әкімдікке қарасты ауыл шаруашылығы бөлімі жұмысшы орган ретінде реттеп келді. Өтініш қабылдаудан бастап мамандардың тұрғын үй сатып алуына дейін ауыл шаруашылығы бөлімі айналысатын. Ал биылғы жылдың басынан бағдарлама аясындағы жұмыстарды үйлестіру міндеті аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне жүктеліп отыр.
Аталған бөлім мамандарының берген мәліметінше, 2019 жылға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 1 500 (бір мың бес жүз) еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредитке 18 маманға республикалық бюджеттен барлығы 68 175,0 мың теңге және көтерме жәрдемақыға 70 (жетпіс) еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада 43 маманға жергілікті бюджеттен барлығы 7 600,3 мың теңге қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» №359 қаулысының 2-тармағына сәйкес, көтерме жәрдемақы көлемін 70 (жетпіс) еселік айлық есептік көрсеткіштен 100 (жүз) еселік айлық есептік көрсеткішке көтеру өзгерісіне байланысты, жергілікті бюджеттен денсаулық сақтау саласының 3 маманына қосымша 100 АЕК-тен 757,5 мың теңге қарастырылып отыр.
Мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну жұмыстарына тоқталсақ, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 1 500 (бір мың бес жүз) еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік несие алуға жыл басынан 33 маман құжат тапсырып, нәтижесінде 15 маманға тиісті несие берілген. Төрт маман бөлінген қаржының жылдық төлемдер жоспарына сәйкес қазан айына кезектілікке қалыптасты. Оның ішінде, білім саласынан 11, денсаулық сақтау саласынан төрт, мәдениет саласынан бір, спорт саласынан бір, агроөнеркәсіптік кешен саласынан екі маман бар.
Көтерме жәрдемақы алуға жыл басынан 51 маман құжат тапсырып, нәтижесінде 43 маманға 70 (жетпіс) еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы берілді. Оның ішінде, білім саласынан 24 маман, денсаулық сақтау саласынан 10 маман, әлеуметтік қамсыздандыру саласынан бір маман, мәдениет саласынан үш маман, спорт саласынан бір маман, агроөнеркәсіптік кешен саласынан төрт маман.
Сондай-ақ, көтерме жәрдемақы көлемі 100 (жүз) еселік айлық есептік көрсеткішке артуына байланысты, денсаулық сақтау саласының үш маманына 100 (жүз) еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы беріліп отыр.
Бағдарлама аясында білім, денсаулық сақтау салаларына басымдық берілетіні белгілі. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасып, мемлекет қаражаты арқылы тұрғын үйге қол жеткізген жас маманның бірі – Ақерке Қойшиева. Ақерке Қайратқызы Ақбастау ауылындағы №14 Б.Майлин атындағы орта мектепте ағылшын тілінен ұстаздық етеді.
-Мен Қызылорда облысының түлегімін. Жоғары оқу орнын бітірген соң жуалылық Бекжан есімді жігітке тұрмысқа шығып, мамандығым бойынша осында жұмысқа орналастым. Еліміздің жарқын болашағы саналатын жас буынға ұстаздық етіп жүргеніме қуаныштымын. Жастайымнан мұғалім болуды армандаған маған жұмысым ұнайды. Қазіргі таңда үштілді терең меңгерген маманға сұраныс жоғары екені белгілі. Осы ретте мемлекеттік тілден бөлек ағылшын тілін білу де маңызға ие. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Алла нәсіп етіп, биылғы жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, тұрғын үйге қол жеткіздім. Отбасымда жолдасым екеуміз үш бала тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Жас мамандарға, оның ішінде біз сияқты жаңадан өз алдына отау тіккен жас отбасыларға әлбетте бұл үлкен қолдау. Мемлекеттің нақты көмек-қолдауына, аудан басшыларына, бағдарлама әкімшілеріне алғыс білдіремін. Алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай жұмыс жасай беретін боламын,- дейді ол.
«Жас келсе, іске» демекші, мемлекет қамқорлығын сезінген жас мамандар ынта-шынтасымен жұмыс атқарса, осылай өз қатарластарына үлгі-өнеге бола білсе, олардың сенім мен жауапкершілік жүгін ақтағаны болып саналады. Ендеше, іске сәт, жас маман!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close