Qoǵam
Үшжақты келісім – түсіністік кепілі
Кәсіподақтар ұйымы бүгінде түрлі салаларда еңбек ететін қызметкерлердің арасында беделі жоғары, жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен заңды кәсіби мүдделерінің тиімді қорғалуын қамтамасыз ететін қуатты ұйымға айналып отыр. Кәсіподақтар қызметінің нәтижелігі көп жағдайда ұйым жұмысының ішкі жағдайына, кадрлар құрамы мен кәсіби біліктілік деңгейіне, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру шараларының пәрменділігі мен ақпараттық жұмыстың жай-күйіне байланысты.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі, «Атамекен» жұмыс берушілер бірлестігі мен кәсіподақтардың үшжақты келісімінің орындалуы барысына арналған семинар-кеңес өтті. Шараға аудандағы жергілікті мемлекеттік атқару органдарының басшылары мен қызметкерлері, ауылдық округтер әкімдері, салалық кәсіподақтар өкілдері қатысты.
Семинар-кеңесті аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев ашып, сөзді білім беру қызметкерлері кәсіподағының Жуалы аудандық комитеті төрайымының міндетін атқарушы Аризат Мұртазаеваға берді.
– Аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитеті арасында 2018-2020 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы ұжымдық шарт жасалып, барлық мекемелер осы құжатпен жұмыс жасауда. Келісімнің нәтижесінде білім жүйесінің қызметкерлері дәрігерлік тексеруден тегін өтіп, педагогикалық қызметкерлерге отын үшін берілетін жеңілдіктер төленуде, деді баяндамашы.
Әрі қарай баяндамашы комитет тарапынан кәсіподақ мүшелерінің құқықтық қорғалуының жай-күйіне тоқталды. Өткен жылы заңды және жеке тұлғалардан ауызша 489, ал жазбаша 27 арыз-өтініш түссе, 1218 кісі қабылдауда болды. Өткен жылы комитет тарапынан 46 тексеру жүргізіліп, еңбек заңдылығы бұзылуының 189 дерегі анықталған, соның ішінде еңбек қатынастарын ресімдеу бөлігінде 22, жұмыс және еңбек демалысының бұзылуы жөнінде 22, еңбекақы төлеу мәселелері бойынша 54 .
– Келісім тараптардың көптеген мәселелері бойынша өзара мүмкіндіктерін арттыруға септігін тигізіп отыр. Мәселен, келісімдер жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі пәрменді келісім комиссияларын құруға мүмкіндік беріп, жұмыс берушінің қандай-да бір актілерін қабылдауда кәсіподақ органдарының келісімін немесе дәлелді пікірін алу тәртібін белгілейді.
Жасалған келісімдер жұмыс берушілердің шынайы, яғни, орындалуын қамтамасыз ететін міндеттемелер алуын, еңбек жағдайлары мен еңбекақы төлеудегі олқылықтарды мейлінше жедел және тиімді түрде жоюды қамтамасыз етеді.
Бүгінде қызметкерлердің жалақы төлеу, жұмыс уақытының режимі, демалу құқығын жүзеге асырудағы құқықтарының бұзылуы сиреді. Дейтұрғанмен, білім бөлімі 2019 жылдың 1 қаңтарына сала қызметкерлерінің айлық жалақысына 77 млн. берешек қарызбен шықты. Аталған сома қаңтар айының 21-де ғана төленіп берілген, – деді Аризат Мұртазаева.
Білім беру қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитеті төрайымының міндетін атқарушы Аризат Мұртазаева кәсіподақ комитеті жұмысын одан әрі нығайту мақсатында әлеуметтік-экономикалық еңбек қатынастарында, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғау салаларында кәсіподақ мүшелерінің қорғалуын, әлеуметтік әріптестік бойынша қабылданған келісімнің сапалы орындалуын, ішкі еңбек тәртібінің нығайтылуын, кәсіподақ белсенділерін оқыту бағытындағы жұмыстарды жетілдіруді қамтамасыз етуді алға қойып отырғанын еске салды.
Шараға арнайы келіп қатысқан Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы аймақтық салалық кәсіподақтар ұйымының төрағасы Мейрамбек Төлепберген сала кәсіподақтарының мекемелердегі рөлін арттыру, жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсарту, құқықтарын қорғау бағытында бірлесіп атқаратын жұмыстары жайлы айта келіп, осы орайда бірқатар ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.
Мейрамбек Мылтықбайұлы аудандардағы үшжақты коммиссияның жұмысын сынға алып, олардың тиісті деңгейде жұмыс істемей отырғанын атап көрсетті. Сондықтан бұл комиссияның қызметін жандандыру қажет деп есептейтінін жеткізді. Тағы бір мәселе, өңірлерде тарыдай шашыраған кәсіподақтар ұйымдарын бір мақсатқа, мүддеге жұмылдырудың маңызды екенін еске сала келе, облыстық кәсіподақ орталығынан аудандарға бір өкіл тағайындалатынын, ол барлық салалық кәсіподақтардың жұмысын үйлестіретінін атап көрсетті. Үшіншіден, кәсіподақтар қатарын нығайту үшін жергілікті жерлерге фермерлер одағымен келісіп, шаруа қожалықтары кәсіподағын құруды ұсынды.
Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»