Qoǵam

Туған жердің тартылыс күші

Көлтоған ауылында түлектер бас қосты

Халқымызда «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген қанатты сөз бар. Туған жерге туын тігіп, осынау қасиетті жердің даңқын асырып, түлетуге атсалысып жүрген азаматтар біздің елде баршылық. Әсіресе, бұл үрдіс кейінгі жылдары мектеп түлектері арасында кең қанат жайып келеді. Мысалы, біраз жылдан бері қасиетті Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектепті әр жылдары бітірген түлектер ауыл сыртындағы зиратты қоршау жұмысын қолға алып, бұл сауапты іс биылғы жылы аяқталып отыр. «Өлі ырза болмай, тірі байымайды» деген. Алдымен Алланың ризалығы үшін, содан соң ежелден келе жатқан әруақты құрметтеуді мақсат тұтқан ауылдың жанашыр азаматтарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Биылғы жылы да бұл дәстүр өз жалғасын тауып, түлектер ауылдың ризашылығына бөленді.Жақында Қошқарата ауылдық округімен іргелес орналасқан Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында осындағы М.Лермонтов атындағы орта мектептен 1979 жылы қанат қаққан түлектер бас қосып, сауапты істерге ұйытқы болды. Дәлірек айтқанда, Көлтоған, Ертай, Рысбек батыр ауылдарының 1962 жылы туған азаматтары ауылда кездесу ұйымдастырды. Қазіргі Сүгірбай Бәйтіков атындағы орта мектепті бітіргеніне 40 жыл толған түлектер қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің әр қиырында өз салалары бойынша қызмет атқарып жүр. Атап айтсақ, олардың ішінде Қанат Ертаев Шымкент қаласында облыстық балалар ауруханасында хирург-анестезиолог болып жұмыс істесе, Қуанышбек Бөрібеков облысқа белгілі кәсіпкер азамат. Ал түлектердің енді бірі Нұрғали Ералиев бухгалтер мамандығын игеріп, бүгінде аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында абыройлы қызмет атқарып келеді. Басқа да азаматтар ел дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Түлектердің туған ауылдарында жиналып, бас қосуына бірден бір мұрындық болған да осы азаматтар. Өкінішке орай 75 түлектің ішінен 16 азамат бақилық болыпты.
Ауылдың гүлденуіне аз да болса үлес қосуды мақсат тұтқан түлектер Көлтоған ауылындағы Д.Қонаев көшесіндегі аялдамаға екі орындық орнатыпты. Одан соң кәсіпкер Қуанышбек Бөрібеков өз қаржысына ауыл сыртындағы зиратқа барар жолдағы сайға жаяулар көпірін салып беріп, жерлестерінің алғысын алып отыр. Кейінгі уақытта кейбір ауылдардың түлектері өздері туып-өскен жерлеріне ешқандай сауапты іс жасамай, мерейтойлық кездесулерін аудан, облыс орталықтарындағы бағасы мен қызметі қымбат мейрамханаларда немесе демалыс орындарында атап өтіп жатқаны қынжылтады. Одан да туған ауылдарына сауапты іс жасаса болмай ма деген де ой келеді. Ал 40 жылдық кездесулерін туған ауылдарында пайдалы істермен атап өткен түлектердің осынау дәстүрлері өзгелерге үлгі боларлық.
Сонымен түлектер ең алдымен Көлтоған ауылындағы «Асқар» мейрамханасында өмірден ерте озған құрбы-құрдастарын еске алып, олардың әруақтарына арнайы Құран оқытты. Дастарқан басында ауылдың қариялары ақ баталарын жаудырды. Одан соң бұрынғы М.Лермонтов атындағы орта мектепті 1972-1978 жылдар аралығында басқарған директор Тілеуқабыл Наралиев, ардагер ұстаздар Ізетбек Байболов, Тұралы Әзімов, Бағила Есентаева, Мария апай сөйлеп, өткен күндерден қызықты естеліктер айтты. Ауылдың имамы Әсет Сметов әруақтарға Құран бағыштады.
Келесі кезекте түлектер зиратқа барар жолға салынған көпірге, одан соң Рысбек батыр ауылына барар жолдағы Шахан асуына орнатылған төбесі жабық самалжайды көрді. Олар осында болғанда асқақ арман мен мөлдір сезімдерге толы балалық шақтарынан қызықты естеліктер айтып, бір сәт сол күндерге қиялмен саяхат жасады. Түлектер кездесуі ауылдық округтің орталығында шағын футболдан өткен турнирмен жалғасты. Жарысқа барлығы төрт команда қатысып, ойын қорытындысында олардың барлығына түлектердің демеушілігімен 40 мың теңге үлестірілді. Түлектердің басқосу кеші сол күні кешке қарай ауылдағы «Асқар» мейрамханасында өз жалғасын тауып, мұнда да келелі әңгімелердің тиегі ағытылды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жердің қасиеті мен тартылыс күші туралы кеңінен айтылғаны анық. Одан бөлек, «Туған жер» бағдарламасын да қолға алуды ұсынғаны белгілі. Ауыл түлектерінің Елбасы мақаласында айтылған міндеттерді орындауға атсалысып отырғаны әлбетте көңіл қуантады. Осы орайда біз Көлтоған ауылында өткен түлектер кездесуінен осындай ой түйдік.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close