Qoǵam

Жастар кәсіпкерлігінің жай-күйі: бизнес идеяларға қолдау бар ма?

«Қазақстан-2050» Стратегиясы ұзақ мерзімді бағдарламасында кәсіпкерлікті ұлттық экономиканың жетекші күші ретінде жан-жақты қолдау әрі шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2030 жылға қарай екі есеге арттыру міндеті қойылғаны белгілі. Ал, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою және шағын бизнестің ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс екендігі баса айтылды. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына барынша қолдау жасау керектігін және осы бағытта атқарылатын жұмыстардың өзектілігін көрсетсе керек.

Кәсіп болмай, нәсіп болмақ емес. Бұл қай заманнан бері уақыт таразысы елеп-екшеп, қазіргі заманымызға жеткен өмір шындығы. «Әлемнің әміршісі – еңбек» дейтін болсақ, осы орайда елімізде еңбек және жұмыспен қамтуға бағытталған алдыңғы бағдарламалардың заңды жалғасы ретінде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қабылданып, жұмыс істеп жатқаны белгілі. Бағдарламаны іске асыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Қатысушы азаматтардың ішінде 29 жасқа дейінгі жастар да бар. Сонымен қатар жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтушылар аталған бағдарламаға қатыса алады.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту деп аталатын екінші бағыт бойынша үміткерлер «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының филиалдары немесе ауылдық округтердің және елді мекендердің, қалалар мен қалалар құрамындағы аудандардың әкімдіктері арқылы кәсіпкерлік қызметке жәрдемдесу шаралары бойынша кеңестер ала алады. Мемлекеттік қолдау түрлерінің ішінде «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру» міндетін айтуға болады.
Биыл Жастар жылына орай облыс жастарының кәсіпкерлігін дамыту, олардың бизнес бастамаларын қолдау мақсатында кәсіп бастап, өзінің бағытын тауып табысты болғысы келетін жастарға қолдау көрсету қолға алынып отыр. Биыл ауылдағы жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына, сонымен бірге олардың күнделікті өмірі мен жұмысына қолайлы жағдай жасалмақ.
Ауыл – мемлекеттің тірегі. Ұлтжандылық пен рухани күштің қайнар көзі. Биылғы жылы ауылдық жерлерде тұратын жас кәсіпкерлерді қолдау – ел ауқымында тиімділігін көрсеткен, танымал «Бастау» жобасы аясында 42 жасқа 505 мыңнан 21 млн 210 мың теңге қайтарымсыз грант және облыстық бюджеттен 303 млн. теңге (әр жасқа 3 миллион теңгеге дейін) грант бөлінген болатын. Осыған орай жергілікті жерлерде жобаның мақсаттарын, міндеттерін және қатысу шарттарын түсіндіру аясында таяуда ғана Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Жас кәсіпкер» деп аталатын жиынның аясында ауданның 18-29 жас аралығындағы жастарымен кездесу өтті. Аталған шараға аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Талғат Әмірәлиев, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жәнібек Мырзалиев, «Инвесторларға қызмет көрсету орталығының» басшысы Нұрсұлтан Мырзатаев, аудандағы кәсіпкерлер палатасының «Бастау» курсы бойынша үйлестіруші маманы Руслан Айтбаев, сонымен бірге аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Ерік Сұрамысов және кәсіп ашуға ниетті жастар қатысты. Шарада жастар кәсіпкерлігіне жауапты мамандар жастарға арналған қайтарымсыз үш миллион теңгеге дейін гранттар беру бойынша толыққанды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Онда үш миллион теңгеге дейін грант бойынша құжаттарды қабылдау жұмыстары аудандық кәсіпкерлік бөлімінде алтыншы маусымға дейін, ал 505 мыңнан берілетін 21 млн. 210 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттарға тиісті құжаттар аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін қабылданатыны баса айтылды.
Жастар кәсіпкерлігін дамыту бағытындағы дәл осындай басқосу Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылында да ұйымдастырылды. Онда округ әкімі Мұстафа Бектұрғановтың, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Талғат Әмірәлиевтің және «Инвесторларға қызмет көрсету орталығының» басшысы Нұрсұлтан Мырзатаевтың қатысуымен «Жастарға шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттің қолдауы» тақырыбында семинар өтті.
Осы ретте тақырыпқа орай бірқатар азаматтармен пікірлескен болатынбыз.
Жазира Тоқабаева, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының аймақтық бизнес-тренері:
-Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында осыдан үш жыл бұрын «Бастау-Бизнес» қанатқақты жобасы ел өңірлерінде қолға алынған болатын. Биылғы жылы бұл жобаның атауы «Бастау» болып қайта өзгертіліп, жұмыс жасауда. Бұл жылға облыс көлемінде аталған жоба бойынша 1200 орын белгіленіп отыр. Биылғы жылдың Жастар жылы ретінде жариялануына орай белгіленген орынның 30 пайыздан астамы жастардың үлесінде болу керек. Жобаға қатысушылар «Бастау» жобасы бойынша оқытылып, нәтижесінде 20 күндік курсты аяқтаған жастарға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде және үш миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беріледі. Кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету мақсатындағы гранттар қызмет көрсету, өнім өндіру тағы да басқа салаларды дамыту мақсатында беріледі. Айта кету керек, қайтарымсыз грантты ұтып алатын азаматта міндетті түрде «Бастау» жобасының сертификаты болу керек. 20 күндік курс барысында жобаға қатысушыларға 17 мың теңге көлемінде шәкіртақы беріледі.
Кәсіпкерлік саласында жыл өткен сайын жастардың үлесінің артып отырғаны көңіл қуантады. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бөлінетін қаржының да көлемі артып, биылғы жылы облыстық бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі 303 миллион теңгеге дейін жетіп отыр. Бұл – ең алдымен Жастар жылының шарапаты.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағыты бойынша іске асырылып отырған «Бастау» жобасының тиімділігі көп. Өткен жылы жобаға қатысқан түлектер сүт өндіру бойынша өткізу тізбегін құрып, соның негізінде жұмыс істеуде. Бұл әдіс оларға өте тиімді болып отыр. Бір қуантарлығы, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде де жастардың үлес салмағы көп. Дамыған елдердің қатарына қосыламыз десек, қарапайым халықтың басым көпшілігі жеке кәсіпкерлікпен айналысуы керек. Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елінде бар. «Кәсібің – нәсібің» демекші, жеке кәсібімді ашамын деген жастар осынау мүмкіндіктерді пайдалана отырып, аянбай жұмыс жасаулары керек.
Талғат Әмірәлиев, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
– Биылғы жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен өңір жастарын қолдау мақсатында қайтарымсыз гранттарға қомақты қаражат бөлініп отыр. Осыған орай біздің бөлім жұмысшы орган болып саналатындықтан үш миллион теңгеге дейін берілетін гранттарға құжаттар қабылдау жұмыстары басталды. Кәсіп ашқысы келетін жастар бизнес жобаларын т.б. құжаттарды дайындап біздің бөлімге өткізеді. Қорытынды шешімді облыстық конкурстық комиссия қабылдайтын болады. Ең бастысы – кәсіп ашатын жастар алдына нақты мақсат қоя білгендері жөн. Идея айқын болса, оны жүзеге асыру да оңайға түседі. Уақыт ешкімді де, ештеңені де күтіп тұрмайды. Сондықтан аудан жастары кәсіп ашуға асығу керек.
Мұстафа Бектұрғанов, Шақпақ ауылдық округінің әкімі:
-Мемлекеттік бағдарламалардың әлеуеті бизнес-жобаларды ауылдық жерлерде де жүзеге асыруға жеткілікті деп ойлаймын. Біздің округте жастардың қатысуымен ашылған кәсіпкерлік нысандары бар. Олар бүгінде табысты жұмыс жасауда. Сондықтан жалпы аудан және округ жастарын мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, бизнес ашуға шақырамын. Жастар кәсіпкерлігін дамыту мәселесін округте өзім бақылауға алып, белсенді жастардың жобалары табысты жұмыс істеуіне ауыл әкімі ретінде бар күш-жігерімді жұмсайтын боламын.
Бүгінгі таңдағы жастардың кәсіпкерлік бастамалары жылдар өткен соң өз жемісін беріп, еліміздің де бағыт-бағдарын анықтайтын болады. Елдің ертеңгі экономикалық өсуі мен даму екпіні бүгін қолға алынып отырған жастар бизнесінің дамуына тәуелді. Осылайша жастар кәсіпкерлігі Қазақстандағы шағын және орта бизнестің дамуының басым бағыттарының біріне айналып отыр. Осы ретте мәселе ретінде еліміздің көптеген өңірлерінде жастардың қазіргі заманғы білім мен дағдыларды меңгеруіне, ақпарат алмасуына, идеяларын дамытуына, сарапшылардан нақты кеңестер алуға мүмкіндік беретін алаңдар жұмысының қолға алынбай отырғандығын баса айтқан жөн сияқты…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close