Qoǵam
Аулаңды ластағаның – табиғатты ластағаның
«Жуын бар жерде шыбын бар, шыбын бар жерде шығын бар».
Халық мәтелі
Жуалы ауданының табиғаты сұлу, ауасы таза, бастаулардан шығатын суы салқын, дәмді, жерінің топырағы құнарлы, таулары биік, сай-саласы шежіреге толы сыр шертеді.
Асан қайғы бабамыз Жуалы өңіріне тоқтап тұрып: «Шөбің – шүйгін, суың – бал, топырағың – май екен, қадіріңді егін салған ел білер» деп тамсанған екен.
Жамбыл облысының тұрғындары біздің Жуалы ауданын Қазақстанның Швейцариясы деп атап кеткен. Алайда, өкінішке орай, ашығын айтсақ, соңғы жылдары ауданымыздың тұмса табиғатын қастерлемеуге, сұлулығын, тазалығын сақтамауға кейбір тұрғындардың жол беріп жатқаны мәлім.
Көшеден өтіп бара жатсаң, кейбір жерде күл-қоқыстың көптеп жатуы, ауыл тұрғындарының осыған көңіл аудармауы қатты толғандырады.
Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында тұратын кейбір тұрғындар өз үйінің ауласының қасында орналасқан ашық жерге, әсіресе өздерінің үйінің артқы жағында орналасқан сай-салалардағы жерлерге қоқыстың түр-түрін тастап жатыр, оның ішінде шиша бөтелке, пластик ыдыстар, жуындылар, құрылыс заттары, малдың көңдері және т.б. көптеген заттарды араластырып төгуде.
Оған қоса, Б.Момышұлы ауылының қақ ортасында 15-20 сиыр, жылқы ұстап жатқан тұрғындар малдың көңдерін сол үйдің артындағы сай-салаларға төгуде, ол өз кезегінде ауру кенелердің қозуына әкеліп, адамдарға ауру таралу қаупін арттырады. Әсіресе, қазіргі таңдағы «COVID-19» коронавирустық инфекциясының қозуына қауіп төндіруі мүмкін. Негізі заңнамаларға сай көп малды ауыл орталығында ұстауға рұқсат беріле ме, берілмей ме, бұл сұрақты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына берсе дұрыс болар еді.
Б.Момышұлы ауылының әкімдігі және Жуалы ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан осы мәселеге көңіл бөліп, шара қолданса артық болмас еді.
Ауыл тұрғындары өзінің ауласын тазалықта ұстанса өзіне де жақсы, денсаулыққа да зияны тимейді.
ҚР заңнамаларында аталған заңбұзушылықтарға да қатысты жауапкершіліктер қарастырылған. Мысалы, ҚР-ның Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабына сай, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
324-бабына сай, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзғаны үшін ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 10, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 15, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне қоршаған ортаға келтiрілген зиян сомасы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қорытындылай келе, әр азамат өз ауылын өзінің үйіндей көру керек, тазалықты ұстансаң өзіңнің де көзің тояды, ауылға келіп жатқан қонақтардың да көздеріне жағымды көрінеді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»