Qoǵam

Сақтанудың жалғыз жолы – екпе салдыруда

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде COVID-19 жұқтырғандардың саны 228 миллионға жетті. Ал, одан қайтыс болғандар 4,6 миллионнан асып отыр.

Осыған байланысты коронавирус инфекциясының профилактикасы мәселесі әлі де өзекті. Бұл ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары қазіргі уақытта тіркелген барлық өлім-жітімнің 99%-і вакцина алмаған адамдар арасында болғанын айтуда. «Олимп» клиникалық зертханасының зерттеулері бойынша вакцина алғандар оны алмағандарға қарағанда 10 есе аз ауырады екен. Елдің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары да вакциналау басталғалы ауырғандар арасында 99,9%-і екпе алмағандар екенін мәлімдеді. Осының барлығы вакциналаудың қажеттігін көрсетеді.
Екпе салдыру – еріккеннің ермегі емес. Бұл қажеттіліктен туындаған шара болып отыр. Бұл дүние жүзі елдерін әбігерге салып, халықты дүрліктірген аты жаман індеттің алдын алу үшін жасалып отырған маңызды қадам. Әлемнің алдыңғы қатарлы ғалымдары дүние жүзінде ұжымдық иммунитет қалыптаспай пандемияны жеңудің, сонымен қоса қалыпты өмірге оралудың өте қиын екенін айтып, дабыл қағуда.
Иә, қазір бірқатар әлем елдері коронавирус індетіне қарсы вакцинаның тиімділігіне көз жеткізіп, халықты жаппай екпе ектіруге қызу жұмылып жатқаны белгілі. Соның ішінде індетпен күресте вакцинаның тиімділік көрсетіп отырғанын да бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, біліп отырмыз. Біздің елімізде де вакцинаның маңыздылығы жөнінде шаралар қабылданып, қазіргі таңда халықтың елеулі бөлігі екпе салдырып та үлгерді. Бұған әрине өңірлерде жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының оң әсер еткені анық.
Эпидахуалға байланысты біздің аудандағы жағдайды айтатын болсақ, аты жаман індеттің біршама бәсеңдегені байқалып отыр. Тұрғындардың дені өз еріктерімен барып аты жаман ауруға қарсы вакцина салдыруда. Екі доза бойынша айтатын болсақ, екпе алған тұрғындар негізінен Спутник-V, Hayat-vax, QazCovid-in, CoronoVac, Sinoharm вакциналарын салдырған. Ауылдық округтердегі вакцинациялауды зерделейтін болсақ, елді мекендерде екпе егу көрсеткіштері жоғары болып отыр.
-Коронавирустық инфекция бойынша облысымыз біршама уақыттан бері «жасыл аймақта». Ал біздің аудандағы ахуалды тұрақты деп айтуымызға болады.
Жыл басынан бері індет жұқтырған адамдардың саны – 1 102 науқасқа жетіп отыр. (Оның 299-ынан КВИ вирусы анықталғаны, ал 803-інен КВИ анықталмаған). Бүгінгі таңда аудан тұрғындарынан 17 науқас облыстық ауруханаларда, бес науқас аудандық орталық ауруханада, төртеуі амбулаторлық ем қабылдаса, төрт науқас үй карантинінде бақылауда.
Тұрғындарды індетке қарсы вакцинациялау мәселесіне келсек, ауданда жоспар бойынша жасы 18-ден асқан ересектердің жалпы саны – 28 878 адамды құрайды. Екпе алуға жататын ересек тұрғындардың 87,2 %-і 25 170 адамды құраған болатын. Осы аптадағы мәліметке сәйкес, бүгінгі күнге ауданның вакцинациялауға жататын 25 170 тұрғынның 24 720-сі екпенің І компонентімен (98,2%) қамтылса, ІІ компонентпен 21 123 (83,9%) тұрғын қамтылып отыр,- дейді аудандық орталық аурухананың эпидемиолог дәрігері Еркежан Әмір.
Жалпы індетке байланысты елдегі ахуалға тоқталатын болсақ, осы аптаның сейсенбісі күні Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда уақытша инфекциялық стационарлардың жабылатынын хабарлаған болатын. Бұл әрине, жағдайдың оңалып келе жатқанын білдірсе керек.
«Қазақстан бойынша 1 тамыздан бастап инфекциялық төсектердің жұмыспен қамтылу деңгейі 56-дан 37%-ға дейін, реанимациялық төсектердің – 45-тен 30%-ға дейін төмендегені байқалады. Резервте 30 мыңнан астам төсек-орын бар. Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты уақытша инфекциялық нысандарды жабу жұмыстары жалғасуда»,- деді Алексей Цой Үкімет отырысында.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ағымдағы жылдың 25 тамызы мен 18 қазаны аралығында барлық өңірлерде 103 нысан (30 881 инфекциялық төсек) жабылды.
Адамның басты байлығы – денсаулық демекші, біз әрқайсымыз өз денсаулығымызға жауаптымыз. Сондықтан COVID-2019 алдын алу шараларын сақтап, тек өзіміздің емес, бүкіл ұлт денсаулығын сақтаймыз. Сақтанудың тиімді жолы екпе ектіру екенін естен шығармаңыздар!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close