Qoǵam
Іскер әйелдердің қоғамдағы рөлі зор
«Әлемнің мәні – әйелде, мықтымын десең өзіңді, әйелге барып дәлелде» деп ақын Жүрсін Ерман жырлағандай, әлемнің келбетін, қоғамның ажарын әйелдерсіз елестетудің өзі қиын. Бәрі көз алдымызда. Қазіргі таңда әйелдер қауымы отбасы-ошаққасымен қатар елдің қоғамдық-саяси өміріне, бизнеске, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына белсене атсалысып жүр. Жай ғана атсалысып жүрген жоқ, арасында бизнестің шыңына жетіп, ел құрметіне бөленіп жүргендері де бар. Біз бұдан біз ең алдымен әйел-аналардың рухының мықтылығын, іскерлік қажыр-қайратын анық аңғарамыз.
Біздің ауданда да кәсіптен нәсіп айырып, бизнестің жілігін шағып, майын ішкен іскер қыз-келіншектер жетерлік. Олар өз кезегінде ауданның дамуына сүбелі үлес қосып отыр. Жақында аудан орталығындағы «nurai Plaza» бизнес орталығында «Жеке кәсіпкерлік иелері – әйелдер!» атты форум өткізілді. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Жуалы Демеу» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген жиынға белгілі іскер әйелдермен қатар, жұмысын енді ғана бастаған жас кәсіпкер қыз-келіншектер шақырылды.
Форум тізгінін қолына алған психолог-мотиватор Зейнеп Дәуренова бұл басқосудың басқа жиындардан өзгерек екенін айтып, мұнда жас кәсіпкерлерге моральдық тұрғыдан ақыл-кеңестер және мотивациялық ойлар мен идеялар алмасылатынын алға тартты.
Форумды ашу үшін алғашқы сөз аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айсұлу Арыноваға берілді.
-Қайырлы күн құрметті кәсіпкерлер. Елімізде кәсіпкер әйелдердің саны жыл санап көбейіп келеді. Қазіргі заман әйелдері үшін үйде отырып, бала және отбасы күтімімен ғана айналысу жеткіліксіз. Бүгінгі әйел белсенді болуы керек. Ең бастысы, қазір олардың таланты мен мүмкіндіктерін ашуға жағдай жасалуы керек. Осы тұрғыдан алғанда әйелдер қауымы еліміздің іске қосылмаған резервтерін жандандыруда мықты рөл атқара алады. Әйелдердің бүгінгі таңда кәсіпкерлікке белсене атсалысуының тағы бір негізгі себебі, ол мемлекеттің кәсіпкерлерге мейлінше көңіл бөліп отырғандығында болса керек. Оларға көрсетілетін көмек шаралары да жеткілікті.
Қолға алған кәсібін одан әрі дамытып, бастаған істің аяқсыз қалмауын қадағалап, әр ісіне тыңғылықты қарап, кәсібін нәсіп етіп отырған кәсіпкер әйелдер біздің ауданда да жетерлік. Ауданымызда 4905 кәсіпкерлік болса, оның 3433-ін әйел азаматтары басқарып отыр. Одан бөлек, тоғыз ірі шаруашылыққа әйелдер басшылық жасауда. Дара кәсіпкерлер – 2255. Оның ішінде әйел кәсіпкерлердің үлес салмағы 30% құрайды. Шаруа қожалықтар – 2464 болса, оның ішінде әйел кәсіпкерлердің үлес салмағы 5%), шағын кәсіпкерлік – 184. Оның ішінде әйел кәсіпкерлердің үлес салмағы 2% құрайды.
Өздеріңізге мәлім, ауданымызда іскер әйелдер кеңесі жұмыс атқарады. Кеңестің атқарып жатқан жұмыстарына келетін болсақ, тұрақты түрде қайырымдылық шараларын өткізіп тұрады. Атап айтқанда, «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалының және Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Біз біргеміз!» акцияларына белсене атсалысып, қаржылай қолдау көрсетті. Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданында тасқыннан зардап шеккен азаматтарға азық-түлік жіберді. Төтенше жағдай режімінде 200 бетпердені тегін таратты. Сондай-ақ, кеңес мүшелері «Шақпақата» блок-бекетіне бес рет ыстық тамақ апарды. Көпбалалы аналармен кездесіп, оларға да көмегін көрсетуде. «Жуалы» мүгедек балаларды оңалту орталығындағы балаларды ойыншықтар, сыйлықтармен қамтамасыз етті. Былтыр ауданның іскер әйелдеріне арналған «Уақыт шақыруы: Іскерлік қатынас жолында күш-жігерді біріктіру» атты форум өткізілген болатын,- деді Айсұлу Болатбекқызы.
Ал келесі кезекте аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, кәсіпкер Әсима Шекеева сөз алып, жас кәсіпкерлерге кәсіп ашу үшін ең алдымен таза ниет пен оған икем қажеттігін баса айтты.
-Менің кәсіпкерлікпен айналысып жатқаныма он бес жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында талай қиыншылықтарды бастан өткердім. Қазір қарамағымда біраз адам жұмыс істейді. Аллаға сеніп, оған сыйынған адам ғана алысқа барады. Сондықтан қай істі де бастарда әрбір адам адал ниет пен таза тілекте болса, сол кәсібінің қызығын көреді. Кәсіп ашу өз алдына. Одан кейін сауапты іске көбірек араласып тұрыңдар. Рухани қажеттіліктеріңді байытуға, жақсы кітаптарды көбірек оқуға да уақыт табыңдар. Нәсіп адамның ниетіне, пейіліне, ісіне қарай беріледі. Оны теріп алу әр адамның өз қолында. Тағы бір айтарым, шыдамды болыңдар. Жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан да жастардың білімді әрі кәсіпкер болуы үлкен жетістік,- деді Әсима Қалмаханқызы.
Аудандық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Нүрилә Мәлібекова да жиналғандарға кәсіпкерлік негіздері туралы кеңінен әңгімеледі. Форум қатысушылары кәсіпкерлік, жетістікке жету туралы ой қозғап, пікірлерімен бөлісті.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»