Qoǵam

Кемшіліктерді түзету ұсынылды

Аудандық қоғамдық кеңестің «Бюджет қаржы және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері білім, денсаулық сақтау жөніндегі комиссиясы», «ҚР қоғамдық кеңестер туралы Заңы 2 қараша 2015 жыл №383-V» және «ҚР мемлекеттік қызмет істері агентінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі департаментінің сұранысы бойынша және аудандық кеңестің жолдамасы негізінде Ақсай ауылдық округі әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінің 10 ай қорытындысында атқарылған жұмыстарды талдау мақсатында кеңес өтті.

Жиынды аудандық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, кеңестің күн тәртібінде екі мәселе қаралып отырғанын жеткізді. Оның бірінші мәселесінде қоғамдық кеңестің өкілеттілігіне байланысты аталған мекеменің бағдарламаларына зерделеу жұмысы жүргізілгенін айта келе, сөз кезегін Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізу және есеп бөлімшесінің басшысы Бақытжан Мұхтарқұловқа берді.
Ол өз сөзінде ауылдық округте атқарылған жұмыстарға арналған баяндама жасады.
Баяндамашыдан соң аудандық кеңестің мүшесі Кәрібай Құрмашев сөз алып, «Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының жұмысына зерделеу жүргізілді. Жалпы ауылдық округ әкімшілігі елдімекеннің қарияларымен тығыз байланыс орнатып, ақсақалдар кеңесімен ақылдасып отырады. Ауыл тұрғындарының ұсыныстарын дер кезінде орындайды. Ауылдық округте бірқатар жұмыстар атқарылған. Көшелер жөнделіп, жарық жүргізілген. Б.Момышұлы атындағы саябақ жөнделуде. Алдағы жылға ауқымды істерді жоспарға қойып отыр. Ең бастысы, бұл ауылдың қайырымды істері, ынтымағы бар. Осы ретте, зерделеу кезінде ауылдық округте 233 адам жер кезегінде тұрғаны анықталды. Ауылдық округте берілетін жердің жоқтығын білеміз. Енді ауыл тұрғындарын жер кезегіне қою тоқтатыла ма, әлде жалғастырыла ма? Осы мәселемен алдағы уақытта айналысу керектігін қажет етіп отыр» деді.
Сонымен қатар, кеңес мүшесі Толымбек Айдарбеков «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Ақсай каналының №3, 4 каналдарына механикалық тазалау жұмыстарына 5 млн қаржы бөлініп, сапасыз жөнделгенін айтты. Оның айтуы бойынша, тазалау жүргізілген каналдың сапасы сын көтермейді. Яғни, каналдар дұрыс тазаланбай, шлюздер орнатылмаған.
Ал, аудандық кеңестің мүшесі Естемес Аманбеков, «Қайрат ауылы Абай көшесінің газ құбырларын жөндеу жұмыстарына 2 280 млн теңге бөлініп, жұмыстар орындалған. Бұл қаржы тиімсіз әрі дұрыс бөлінбеген. Неге бюджет есебінен ауылдың газ құбырлары жөнделген?» деді. Сонымен қатар, кеңестің мүшесі Әбдікерім Уркумбаев, «елдімекендегі округтің атқарылған жұмысы туралы ауыл әкімі өзі жауапкершілік танытып, баяндауы керек еді» деген уәжін айтып, ауылдық округке қарасты жерлердің тиімсіз пайдаланып отырғанын жеткізді.
Кеңесте ауылдық округтің атқарған жұмыстарын зерделей келе, қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев Қайрат ауылындағы Б.Момышұлы атындағы саябаққа ағымдағы жөндеу жұмыстарын сынға алды. Саябақты жөндеуге 5 652 158 теңге қаржы бөлінген. Шарт 18 мамыр айында жасалып, жұмыстардың орындалуы мен қызметтерді көрсету мерзімі 30 қыркүйекте аяқталуы тиіс болған. Алайда қазіргі таңда саябақта жұмыстар әлі жалғасуда. «Ауылдық округтегі көзге түскен мәселенің бірі осы саябақтың жөндеу жұмыстары. Бүгінгі күні жұмыстың орындалу мерзімі аяқталған. Белгісіз себептермен өнім беруші «Жасыл-Жуалы» мекемесі өз міндеттерін осы уақытқа дейін толық орындамай отыр. Тараптар осы шарт шеңберінде өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда барлық даулар мен келіспеушілер ҚР-ның қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешілуі тиіс. Мерзімі аяқталған шарттың орындалмауына неге шара қолданылмай отыр?» деген сауалын қойды.
Жиында қойылған сұрақтарға Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізу және есеп бөлімшесінің басшысы Бақытжан Мұхтарқұлов толық жауап бермеді.
Кеңесте қаралған мәселе бойынша кеңестің мүшелері кемшіліктерді түзеу мақсатында аудан әкіміне ұсынымхат жолдауға шешім етті. Сонымен қатар, Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізу және есеп бөлімшесінің басшысы Бақытжан Мұхтарқұловқа елдімекенде орын алған қателіктерді түзету ұсынылды.
Ал, кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы» КММ «Жергілікті өзін-өзі басқаруды және қоғамдық бақылауды дамыту бойынша ақпараттық орталықты ұйымдастыру» атты әлеуметтік жобаның екі жылдық жұмысының қорытындылары туралы онлайн-конференциясын тыңдады.

Кемшіліктерді түзету ұсынылды

Таңдаулы материалдар

Close