Qoǵam

Мониторингтік топтар іс үстінде

Денсаулық – зор байлық. Шынында, коронавирустық инфекция таралған тұста қу жанымызды шүберекке түйіп, денсаулығымызды уайымдағанымыз анық. Аты жаман індеттің таралуы әлі де басылмай тұр. Сондықтан ел ішінде сақтық шараларын қатаң сақтап, денсаулықтың күзетін әлі де босаңсытуға болмайды.

Осы аптада аудан әкімдігінің жанынан індеттің алдын алу бағытында құрылған мониторингтік топтар бірнеше рет шығып, аудан орталығындағы бірқатар сауда орындары мен білім беру мекемелерін аралап, сақтық шараларын түсіндірді. Апта басында топ мүшелері орталық базар аймағындағы сауда нүктелеріне бас сұғып, жеке кәсіпкерлерді еліміздің бас санитарлық дәрігерінің №68 қаулысымен таныстырып шықса, апта ортасында келесі топ мүшелері аудан орталығындағы орта білім беретін мектептерде мен балабақшалардағы санитарлық талаптардың сақталуын зерделеген болатын. Онда мектептің кіреберісінен бастап, асхана, оқу кабинеттері түгелдей тексерілді. Әзірге санитарлық талаптарды сақтамаған ешқандай мектеп анықталған жоқ.
Айта кету керек, мониторингтік топтардың құрамында аудан әкімі аппаратының басшысы С.Қойбақов, аудан әкімінің бас инспекторлары, аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары, бөлім басшылары және БАҚ өкілдері бар. Адамзат өміріне қауіп-қатер төндіріп отырған індеттің ауыздықтаймыз десек, сақтық шараларын сақтап, белгіленген талаптарды бұлжытпай орындағанымыз абзал.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close