«Ойды ой қозғайды» деген. «Ғұмыр дария» газетінің өткен жылғы сандарының бірінде жарияланған “Күшаманның тарысын айт…” деген мойынқұмдық еңбек ардагері Тұрсынтай Қалдарбековтың мақаласын оқып отырып, марқұм әкем Құралбайдың еккен тарысы, жасымығы, қонағы есіме түсті.
Әкем жайлы айтар болсам, Құмшағал, Шөлдала өңірлерін мекендеген Садық қаңлының ұрпағы, әкесі Тоқберген байдың тұқымы деп ұсталып кеткенде 14-15 жастағы бала екен. Шешесі «бұны да қамап қоя ма?» деген қорқынышпен, Жуалы ауданындағы қазіргі Бақалы ауылында тұратын Баянкүл әпкесіне бір түнде қашырып жбереді. Сол ауылда есейіп, ер жетіп 1941 жылы елге оралып, Бақалы ауылының қызы Нарбибімен 1946 жылы отау құрады.
Сол жылы «Буденный» колхозына қойшы болып орналасады. Мен мектепке баратын 1955 жылы Андреевка ауылынан орыстың үйін сатып алады. Мен сонда екі әжемнің қолында тұрып мектепке бардым. Колхоздар тарап, совхоз құрыла бастағанда әкем қойды тастап, «Бурненский» совхозына жұмысшы болып орналасты.
Әкемнің ұсталығы бар еді, қарағайдан домбыра шабатын, пернелерін ешкінің ащы ішегінен істейтін. Сол домбырасының біреуі ауданның өлкетану музейінде тұр. Таза қайыстан етіктер тігетін. Бір таңғалатыным, темір шеге қолданбайтын, қатты ағаштан шегелер жасап, пештің желкесіне кептіріп қойып сол шегелермен етіктің табанын бекітетін.
Бұрынғы Андреевка (қазіргі Алатау) ауылының әр үйінің ауласында 25-тен 50 соттық жері бар, сол жердің жартысына әкем, тары, жасымық, қонақ егетін. Жасымықты көбісі білмейтін. Бір уыс жасымықты көжеге салса, ет жегендей болатынбыз.
1960 жылдары совхоз КСРО Қарулы Күштерінің қарамағына өтті. Сол жылда жаппай картоп егу науқаны басталды. Әкем сушы, звено жетекшісі болды. Қарамағында 4-5 әйел бар болатын. Әкем басшылармен келісіп, танаптардың арасына тары екті.
Күзде біздің есіктің алды қырман болатын, алдымен есіктің алдын айнадай қылып сыпырып қоямыз, сол жерге бау-бау тарыларды тастайды, біз балалар тас бастырғыны атпен тартып, әйелдер тарысы түскен бақалдарды тазартып бөлек жинап жататын, желді күні суырып тазалап алатын. Тарыны өңдеу оңай емес, қауызы қызыл тарыны тазартып, оны кептіріп, келіге түйіп қауызын алады, содан кейін қуырып пайдалануға болады.
Тарының пайдасы жайлы мақалада өте жақсы айтылған. Менің айтайын дегенім, тарыдан жасалатын боза жайлы. Әкем шешеме қыста боза салдыратын. Бозаның жұмысы өте ауыр. Қауызы алынбаған тарыдан уытын өндіреді, таза тарыны қол диірменге тартып, ботқасын қайнатады. Ботқа таза піспесе, басыңды ауыртады. Піскен ботқаға суыған соң қайнаған су құйып, түнімен ашытып қойып, азанда сүзеді. Таңертең қалтаның бір шетін мен, бір шетін шешем ұстап, әкем аталайтын. Алғашқы сүзгенде шыққан дегелегінен бір кесе ішіп алып жаурамай тоқ жүруші едік.
Қазіргі кезде бозаны ІІ сұрыпты ұннан істейтіндер көбейді. Себебі, тары қымбат. Құртқа да ұн қосады, ұстасаң қолың, жесең тілің аппақ ұн болып шығады. Баяғыда шешеміз сүзбеге піскен майдың суын қосатын. Құртымыз сап-сары болып, құртың кепкенде майы шығып тұрушы еді. Сары майды қойдың қарнына сақтайтын. Қазақ тағамды сақтау, оны дайындауды жақсы білген. Қазақ дала академигі, ол қанмен пайда болған.
Сағындық ТОҚБЕРГЕНОВ,
аудандық билер кеңесінің төрағасы