Qoǵam
«Халықтық заңгер» тұрғындарға кеңес берді
Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратының ғимаратында жалпыреспубликалық қоғамдық қабылдау аясында «Халықтық заңгер» акциясы өтті. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен өткен шараға аудан әкімдігінің бірқатар бөлімінің мамандары қатысты. Шараны аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік құқықтық бөлімшесінің заңгері-аудан әкімінің бас инспекторы Алмаз Рахмашов ашты.
– Бүгінгі акцияның мақсаты – тұрғындармен етене жақын болу, тұрғындарға заң аясында қажетті кеңес беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Бұл шара негізінен республика аумағында өткізілуде. Сіздермен түсіндірме жұмыстарын жүргізуге аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, білім бөлімі, ауыл шаруашылығы бөлімі, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас мамандары және халықты жұмыспен қамту орталығының, кәсіпкерлер палатасының өкілдері келіп отыр. Сондықтан сіздер ойларыңыздағы жүрген сауалдарыңызды қойып, жауаптарын ала аласыздар, – деді ол сөзінде.
Келесі кезекте тұрғындар тиісті бөлімнің мамандарына көкейіндегі сұрақтарын қойып, жауаптар алуға кірісті. Алғашқы болып аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Салтанат Қауқаеваға Рахман Төлегенов есімді тұрғын сауалымен қайырылды. Ол өзінің мүмкіндігі шектеулі баласы бар екенін айтып, қажетті көмектерін сұрады. Маман келушіге тиісті жауаптарын беріп, бағыт-бағдар сілтеді. Ал, Райхан Айымова аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Тимур Қалдыбаевқа жаңадан үй салуына байланысты құжаттарын әзірлеудің жолдарын сұрады. Сондай-ақ, аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Әнуарбековке жүгінген Қарлыға Мұхамедова өзінің көпбалалы ана екенін, зейнетке шығатынын айтты. Сонымен қатар, ол қазіргі таңда қоғамдық жұмыс істеп жүргенін жеткізіп, «алдағы уақытта да тағы да осы жұмысты жасауыма бола ма?» деген мәселесін айтты.
«Халықтық заңгер» акциясы аясында тұрғындардың көп сауалы әлеуметтік жәрдемақы, кәсіп ашу үшін берілетін гранттар, сертификаттар алу жөнінде қойылды. Тұрғындар тарапынан жолданған сауалдарға аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Нұргүл Әсілбек және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі Бекмұрат Кенжебек жауап берді.
Шара барысында тұрғындар заң аясында тиісті кеңестер мен бағыт-бағдарлар алып, тарқасты.
Айгүл Қалымханқызы.
«Жаңа өмір»