Qoǵam

«Қаралма» жыл соңына дейін іске қосылуы тиіс

Елімізде ішкі нарықтың зор мүмкіндіктері әлі күнге толық пайдаланылмай келеді. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы әлі күнге шет елдерден әкелінеді. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану» деп ерекше атап өтті. Бұл бағытта бұрын аграрлы аймақ саналатын Жуалы ауданында да елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бүгінде құрылысы жүргізіліп жатқан жобалар толық іске қосылған кезде аудан аграрлы – өнеркәсіпті өңірге айналады. Мұның өзі жуалылықтардың әл-ауқаты мен тұрмысын жақсартуға игі ықпалын тигізері сөзсіз.

Ауданда құрылысы біраз уақыттан бері жүргізіліп келе жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Қаралма» тау-шаңғы базасы. Оның жобалық-сметалық құны 4,8 миллиард теңге. Мұнда негізгі жұмыс аяқталған. Енді өндірістік инфрақұрылым жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаржы қарастырылуда. Нысан биыл жыл соңына дейін іске қосылуы тиіс. «Көксай» каналының бойында салынып жатқан қуаттылығы сағатына 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасы салынады. Инвестр «Аксайская ГЭС Аян К» ЖШС. Бұл мақсатқа 21 миллион АҚШ долларын жұмсамақ.
«Ахмет» шаруа қожалығы жалпы құны 2,5 миллиард. теңгені құрайтын 600 бас мүйізді ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын қолға алады. Мемлекеттік қолдау аясында жобаны жеңілдетілген несиемен қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалы арқылы қомақты қаражат қарастырылуда. Құрылысқа нысан иесі 570 миллион теңге жеке қаржысын салады. Нысанды 2022 жылы іске қосу көзделген. «Гамбург» ЖШС жоба құны 1 миллиард теңгені құрайтын 1200 бас мүйізді ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын жүргізуде. Ол келесі жылы пайдалануға беріледі. «Бурный сүт компаниясы» ЖШС өндіріс көлемін арттыру мақсатында 600 бас мүйізді ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын қолға алмақ. Жобаны мемлекеттік қолдау аясында жеңілдетілген несиемен қаржыландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауданда «Берікқара» шатқалында салынып жатқан «Тау самалы» туристік кешенінің құрылысы аяқталуға таяу. Жоба құны 800 миллион теңге. Нысанға газ жеткізілсе, биыл жыл соңына дейін іске қосылады.
Ауданда сүт өңдейтін кәсіпорындар көбейіп келеді. Қазір төрт ірі кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр. Келешекте олардың қатарын тағы шағын 5 өндіріс орны толықтырады. Шақпақ ауылдық округіндегі Шақпақата ауылында «Самурай» ЖШС құны 100 миллион теңгеге сүт өнімдерін өндіретін цехтың құрылысын еңсеріп келеді. Серіктестік қажетті құрал-жабдықтарды Түркиядан сатып әкеліп орнатты. Ақсай ауылдық округіндегі Қайрат ауылында «Бақдәулет» кәсіпорны бұл мақсатқа 200 миллион теңге жұмсайтын болады. Сүт өңдеу цехы жыл соңына дейін пайдаланылуға беріледі. Қызылaрық ауылдық округінің Сұрым ауылындағы «Мол даму» АӨК-нің нысан салу жөніндегі жобалық сметалық құжаты әзір. Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылында «Атамекен Бастау» АӨК сүт өңдеу цехының құрылысын бастап кетті. Нысанды жыл соңына дейін ел игілігіне беру көзделуде. Шақпақ ауылдық округіне қарасты Амансай ауылы аумағында әктасты жыныс, доломит және минералды ұнтақтар шығару көзделуде. «SOUTHROAD» ЖШС жүзеге асыратын жобаның құны – 507 миллион теңге. Серіктестікке аудан әкімшілігі тарапынан жер телімі ұсынылды. Қазір аумақтағы шикізат қорын анықтау үшін Алматыдағы мекемелермен сараптау жұмысы жүргізілуде. «Алматы газ агро» ЖШС осы округ аумағында құс фабрикасын салады. Қазір құрылыс жүргізетін жер тандалуда.
Қашан да істі бастау қиын. Басталған іс бітеді. Жоғарыдағы инвестициялық жобалар жүзеге асырылған кезде жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылады. Аудан халқының әлеуметтік жағдайы жақсарып, экономикасы тың серпінмен дамитын болады .

Бауыржан АБДАЛИЕВ,
аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы.
«Ақ жол» қоғамдық-саяси газеті, №83, 13 шілде

Таңдаулы материалдар

Close