Qoǵam

Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ

Табиғат күллі тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, алтын ұя бесігі, құт- берекесі. Адам үшін табиғат – ең қасиетті де қастерлі ұғым. Адамның бар өмір-тіршілігі табиғатпен етене байланыста. Қоршаған ортаға аялы алақан, жылы жүрек сезімі, көздің қарашығындай қамқорлық керек.

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері адамзат жедел өнеркәсіптік өркендеу жолына түсіп, қоршаған ортаға адамның тарапынан болған әсер күшейе түсті. Түрлі өнеркәсіп орындары мен өндіріс ошақтары көптеп салынып, оларға қажетті құрылыс материалдары, шикізат көздері қоршаған ортадан алынуда. Бұл процесс табиғатқа орасан залал келтіре отырып, жүргізілуде. Соның салдарынан бүкіл жанды мақұлықтың тіршілік көздері – ауаға, суға, топыраққа бөлінген зиянды қалдықтар қоршаған ортаны ластауда.
Дүние жүзіндегі табиғат жанашырларының дабыл қағуымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 1972 жылғы қарарымен 5 маусымды Бүкілдүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні етіп белгіледі. Жыл сайын осы айтулы күн қарсаңында экологтар, табиғат жанашылары адамзат баласының назарын қоршаған ортаның жай-күйіне аударатын ауқымды іс-шаралар, акциялар өткізеді.
Табиғаттың ластануы салдарынан адам өміріне қауіпті жағдайлар туындауда. Экологиялық құқық бұзушылық жасалғанда, алдымен, қоршаған ортаға, адамдардың өмірі мен денсаулығына, экономика мүдделеріне орасан зиян келтіріледі. Бұл залал бірден байқалмай, ұзақ уақытқа созылуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру мүмкін емес.
Қоршаған ортаны қорғау саласында өндірістік, тұрмыстық қалдықтарды ретке келтіру, өңдеу, кәдеге жарату, қоқыстар тастау полигондарын нормативтерге сәйкестендіру міндеттері мемлекет қызметінің басты көрсеткіші. Салада қордаланған проблемалар күн өткен сайын қордалана түсіп отыр. Жергілікті жерлерде жер қойнауын заңсыз пайдалану, қоқыстарды белгіленген жерлерге тастамау, бей-берекет шашып тастау әрекеттері әлі де тыйылмай отыр. Осының алдын алу және болдырмау мақсатында мүдделі органдар құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесіп, жыл бойына іс-шаралар ұйымдастырады.
Бүгінде әлемде ауыз су тапшылығы, жер асты су көздерінің ластануы проблемасы байқалып қалуда. Оның барлығы тасталған қоқыстар мен қоршаған ортаға басқа да шығарындылар салдарынан болып отыр. Климаттың жылынуы да адамзатқа қолайлы әсер етіп отырған жоқ. Арал теңізінің тартылуы, одан ұшқан тұздардың Солтүстік Мұзды мұхитының тоңдарын ерітуі, жиілей түскен табиғи апаттар әр жерден бой көрсетіп қалуда.
Қоршаған ортаға антропогендік әсерді азайту мақсатында әлемде, соның ішінде елімізде «Жасыл экономика» жобасы, яғни қажетті қуатты қоршаған ортаға зиянсыз көздерден алу жолға қойылып келеді. Бұған мысал ретінде тым әріге бармай-ақ, мына іргеміздегі Нұрлыкент ауылындағы «Нұрлы Солар» күн электр станциясын алайық. Әлемдегі теңдесі жоқ жасыл жобаның былтыр екінші кезеңінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінде әкімшілік жауаптылықтың туындауына әкеп соқтыратын экологиялық құқық бұзушылықтың тізімі белгіленген. Оған табиғи ресурстардың, коршаған ортаның ластануы, азаюы, табиғи ресурстардың бүлінуі, жойылуы, кәсіпорын, құрылыс ғимараттарын және басқа да объектілерді жоспарлау, орналастыру, салу, қайта өңдеу және пайдалануға дайындау, пайдалану кезінде экологиялық талаптарды бұзу және т.б. жатады.
Мұндай істерді соттар, ішкі істер, мемлекеттік өртке қарсы қызмет, табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау органдары және т.б. мүдделі мекемелер қарастырады. Кінәлі жеке және заңды тұлғаларға ескерту беру, айыппұл салу және мүлкін тәркілеуге дейінгі жазалар көзделген. Экология саласындағы қылмыстар ел экономикасына ғана залалын тигізіп қоймай, адам тіршілігінің биологиялық негізін жояды.
Табиғатты аялау әр адам үшін маңызды, себебі адам да табиғаттың бір бөлшегі. Мұнда таразы басында екі қымбат нәрсе тұрады: бірі – табиғат, бірі – адам. Бірі жеңіл тартса таразы аударылады, демек, адам мен табиғат – егіз ұғым. Бірінсіз бірі өмір сүре алмайды. Сондықтан табиғатты аялап, қорғауымыз керек.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close