Qoǵam
Тілден асқан кие жоқ
«Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін». Бұл қазақ әдебиетінің алыптарының бірі, ақын Әбділда Тәжібаевтың туған тіліміз – қазақ тілі турасында жазылған жыры. Туған жер – туған ана. Туған тіл де дәл сондай қасиетке ие. Халық жазушысы, жерлесіміз Шерхан Мұртазаның «Тілсіз халық – балық» дейтіні де сондықтан. Осы тұрғыда тілден асқан кие жоқ екенін әрбір отандасымыз терең сезінуі керек деп білемін.
Қазақ тілі – ұлтымыздың ұлылығын, еліміздің ерекшелігін танытатын ата-бабамыздан қалған асыл қазына. Оның қадірін түсініп қастерлеп, болашақ ұрпаққа мұра ретінде қалдыру – біздің парызымыз. Сонымен қатар, Қазақ тілі мемлекеттік тіл бола отырып, еліміздегі барлық ұлт өкілдері құрметтейтін және оларды ортақ мақсатқа жұмылдыратын құрал болуы қажет. Осынау ұлы мақсаттарды жүзеге асыру бағытында тіл туралы заңнама Конституциямыздан бастау алып отыр. Қазіргі таңда елімізде жүргізіліп отырған жоспарланған тіл саясаты нақты істердің өз уақытында орындалуын талап етеді. Осы нақты істердің нәтижесі біздің күнделікті өмірімізден де айқын көрініс табуда.
Қазақстан Республикасы Конституцияның 93-бабына сәйкес, ел Үкіметі, жергілікті атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті болып отыр. Біздің тіл оқыту орталығында қазақ тілін үйренуге ниет білдірген азаматтарға тіл үйрету курстары тұрақты жүргізіледі.
Жыл сайын қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жөнінде түрлі байқаулар өткізіліп келеді. Байқау барысында қызметкерлеріміз өз біліктіліктері мен парасаттылығын танытып, жүлделі орындардан да көрініп отыр.
Мемлекеттік тіл – Отандастарымыздың барлығына ортақ тіл екені баршаға аян. «Тілге құрмет – елге құрмет» демекші, тәуелсіз еліміздің кей азаматтарының ұлты орыс, тағы да басқа ұлттың өкілдері болғанына қарамастан, олар біздің қазақ халқының тілін, ұлттық-тарихи салт-дәстүрлерін сыйлап, өздерінің дәстүрлерімен салыстыра отырып: «Қазақ халқының дәстүрлерінің мынадай жақсы тұстары бар» деп мадақтап, оған құрметпен қарайды. Әрине, олар да біз секілді өздерінің туған тілдеріне аса мән беретіні белгілі. Алайда елімізде ғұмыр кешіп, Қазақстанды ортақ Отанымыз деп санайтын өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген сыйластығы және ортақ мүдделілік олардың қасиетті қазақ тілін үйренулеріне бірден-бір себепші болып отыр.
Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – мемлекетіміздің ең басты қазынасы. Сондықтан орталыққа келіп түскен сұраныстардың барлығына мемлекеттік тілде уақытында жауап береміз. Елімізде түрлі ұлттардың өкілдері шоғырланғандықтан, азаматтардың конституциялық құқықтарын да бұзбауға тырысып бағамыз. Осы бағытта басқа ұлт өкілдеріне ресми тілде және мемлекеттік тілде жауап беріледі.
«Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды» деп Алаш ардақтысы Сәкен Сейфуллин айтқандай, осылайша біздің орталықта іс жүргізу мемлекеттік тіл – қазақ тілінде жүргізіледі. Жүйелі жұмыстар жалғасын таба беретін болады.
Айгүл Төребаева,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» аудандық бөлімшесі меңгерушісінің
міндетін атқарушы