Qoǵam

Жер ырысы – ел ырысы!

жуалылық диқандар көктемгі дала жұмыстарын жоспарға сай атқару үстінде

Жуалы ауданы – аграрлы өңір болғандықтан, мұндағы тау жайлаған халықтың ең негізгі күнкөрісі мен табыс көзі де ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуымен тығыз байланысты. Бұл ретте аталған саланың жай-күйін ежелден бес саусағындай жетік білетін жергілікті диқандар мен шаруалар қауымы төрт түліктің басын көбейумен қатар, егін шаруашылығы саласына да жаңа технологияларды батыл енгізу үстінде. Бұл – жаңа заманның талабы. Осыған сәйкес, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінде алға ілгерілеу байқалады. Қай салада болсын, жаңашылдық істі алға бастырады. Шаруа еңсесінің көтерілуіне де мұның тигізер әсері мол. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласының дамуына жасап отырған мемлекетттің де көмек-қолдауларының маңызы зор екенін айтуға тиіспіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев асыраушы сала саналатын ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіптік кешенді жан-жақты дамыту арқылы халықтың табысын арттыруға айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Соның ішінде ерекше атап өтерлігі, Жамбыл облысында сәтті жүзеге асырылып жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы өзінің тиімділігін дәлелдеу үстінде.
Аталған жоба өңір халқын жұмыспен қамту және табыс табудың жаңа мүмкіндіктерімен қатар, өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін де шешуге оң ықпалын тигізіп отыр. Ендігі кезекте бұл жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында ары қарай жүзеге асырыла беретін болады. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаның арқасында жергілікті халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі артып, тұрғындардың орташа табысының біршама өскенін ерекше атап өткен жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында аграрлық саладағы жұмыстардың табысты жүзеге асырылуына ерекше мән беріліп отыр. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану жайы¬на арнайы тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы, игерілмей жатқан жердің 2,9 млн гектарға жуығы мемлекетке қайта-рыл¬ғанын, жыл соңына дейін тағы 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отырғанын жеткізген-ді.
Ал Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында жауапты ведомствоның алдына саланы заман талабына сай дамыту жөнінде нақты міндеттер қойылғаны белгілі.
«Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы.
Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады.
Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауарлы фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі» деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Жердің ырысын – елдің ырысы деп білетін диқан қауымы үшін жылдың қай мезгілі де қауырт жұмысқа толы, төрт мезгілдің қай-қайсысы да маңызды. «Не ексең, соны орасың» деген қағидалы түсінікті алға ұстаған қасиетті өңірдің жергілікті шаруалары биылғы көктемгі дала жұмыстарына ерте көктемнен кірісіп, жауапты науқанды жоспарға сай атқару үстінде. Қазір өңір шаруалары жаздық арпа және мақсары, т.б. ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді аяқтап, ендігі кезекте «екінші нан» саналатын картоп тұқымын жерге сіңіруді қызу атқаруда. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Биыл жуалылық картоп өсіруші шаруалар барлығы -1 500 гектар алқапқа картоп егуді жоспарласа, соңғы есепке сәйкес, жоспарлы жұмыстар белгіленген межеге де таяп қалды. Диқандар жылы күн райын тиімді пайдаланып, алқапқа тұқым сіңіру жұмыстарын қорытындылау үстінде.
Ендігі кезекте өңірде ауыл шаруашылығы бағытында, оның ішінде, көктемгі дала жұмыстарының атқарылу барысына тоқталатын болсақ, аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлер – 216 306 гектарды құрайды. Оның ішінде, 95 449 гектары егістік, (жалпы суармалы егістігі – 8 460 га). Шабындық – 2 046 гектар, Жайылым – 109 439 гектар, көп жылдық екпелер – 265 гектар болса, басқа да жерлер – 2 128 гектарға тең.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, 2024 жылдың өнімі үшін барлығы – 51 872 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның ішінде, жаздық арпа 27 521 гектар (нақты егілгені 27 531 га), майлы дақылдар 17 000 (егілгені 17 325), көпжылдық шөп 4 700 га, (егілгені 4 725), картоп 1 500, көкөніс 445, дәндік жүгері 100, бақша дақылдары 10, сүрлемдік жүгері 496 (егілгені 501 га), барлығы 51 872 гектар алқапқа дақылдар егілген.
Алқаптан сапалы әрі мол өнім жинау үшін ең алдымен оған егілетін тұқымдық материалға баса мән берген жөн. Ауыл шаруашылығында тұқымның маңызы өте зор. Әсіресе, азықтық дақылдардың адам ағзасы мен деннің саулығына қауіпсіз болуы да тұқымның сапасына тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, өңір шаруалары кейінгі жылдары егістік алқаптарға сапалы тұқымның дәнін сіңіруге тырысып бағуда.
Осы ретте төрт түліктің негізгі азығы саналатын жаздық арпаға қажетті тұқымның мөлшері – 4 678,6 тонна болса, бұл көрсеткіш толығымен қамтамасыз етілген. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына қосымша қажетті тұқым «Крановодопад» тұқым станциясынан 8 тонна «Бәйшешек» супер элита, «Алматы» ғылыми-зерттеу институтынан 29,4 тонна көлемінде жаздық арпаның «Сымбат» элита тұқымы алынып, көктемгі дала жұмыстары кезінде егістік алқаптарға сіңірілді. Егілетін тұқымдық материалдардың сапасын тексеру бағытында аудан орталығында тұқым зертханасы жұмыс атқару үстінде. Бұл бағытта жаздық арпа дақылының барлығы -4678,6 тоннасы тиісті тексеруден өтті.
Майлы дақылдарға қажетті -335,6 тонна тұқым толығымен қамтылған. Ал картоп дақылына қажетті тұқым көлемі -4 500 тонна. Жетіспейтін картоп тұқымы Қарағанды және Павлодар облыстарынан ауданға жеткізіліп, алқаптарға отырғызылуда. Тұқым шаруашылығы саласындағы жағымды жаңалықтың бірі ретінде өңірдегі алдыңғы қатарлы агроқұрылым – «Злиха» тұқым шаруашылығы Нидерланды мемлекетінен картоптың «Пикассо» сортының 20 тонна элита тұқымын әкеліп, алқапқа сіңіргенін айтуға болады. «Злиха» тұқым шаруашылығында дайындалған -1 500 тонна картоп тұқымы жергілікті картоп егумен айналысатын шаруашылықтарға да қолжетімді болып отырғанын айту қажет.
Сала жұмысын жандандырып, шаруаның қолын ұзарту ісінде ауыл шаруашылығы техникаларының атқаратын қызметі орасан. Бұл мақсатта биыл өңірдегі көктемгі дала жұмыстарына ауданда тіркелген техникалардан – 660 бірлік трактордың 207 данасы, 165 соқаның 115 данасы, 77 қопсытқыштың 43 данасы, 60 дәнсепкіштің 38 данасы, 17 дәнулағыштың 17 данасы жұмыс атқару үстінде. Бір атап өтерлігі, биыл өңір шаруалары 70,4 млн теңгеге 7 бірлік жаңа доңғалақты трактор сатып алды. Әрине, бұл саланың жұмыс қарқынын ұлғайтумен қатар, өнімділікті арттыруға үлкен сеп.
Жалпы ауыл шаурашылығы жұмыстарын уақтылы атқару ісінде шаруаларға жанар-жағармайдың қолжетімді болуы маңызды рөл атқарады. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына – 2 323,6 тонна кепілдендірілген дизель отыны жоспарланған болса, оның ішінде, ақпан айында – 325 тонна, наурызда – 650, сәуірде – 650,59, ал мамыр айында – 700,59 тонна босатылу үстінде. Дизель отынының босатылу бағасы – 250 тенге. Айта кету керек, егістіктен мол өнім жинап, ел ырысын еселеу үшін шаруаларға минералды тыңайтқыш сатып алуға да мемлекет тарапынан тиісті көмек-қолдау шаралары тұрақты жасалып отыр.
-Өңір шаруаларының жұмысын алға бастыру үшін қаражат керек екені белгелі. Сондықтан, жергілікті шаруаларды несиелендіру бағытында биыл «Жуалы» несие серіктестігімен «Кең дала» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарын атқаруға 16 шаруашылық 131,3 млн теңгеге қол жеткізіп, шаруашылық ісін жандандыруда. Бұдан бөлек, екі шаруашылық 17,5 млн теңге несие алуға құжаттарын дайындау үстінде. Сондай-ақ, «АгроБизнес» бағдарламасымен мал шаруашылығын дамыту бағытында 11 шаруашылық 149,9 млн теңге несие алса, бұған қоса 13 шаруа қожалық 174,1 млн теңгеге құжат тапсырды,- дейді аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.
Айта кету керек, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, төрт түлікті өсіріп, көбейтуге қолайлы саналатын қасиетті өңірде жыл санап малдың басы да көбейіп келеді. Бұл ретте ауданға қарасты ауылдық округ тұрғындарының иелігіндегі төрт түліктің бағылуына келсек, өңірге қарасты ауылдарда мүйізді ірі қараның – 92 падасы (14 192 бас), уақ малдың 86 падасы (38 940 бас), жылқы – 32 пада (2 441 бас) ауыл-аймақтың төңірегіндегі жайылымдарда бағылу үстінде.
Мал ұстаған соң оның басын асылдандыру мәселесіне баса көңіл бөлген дұрыс. Осы ретте ауыл тұрғындарының иелігіндегі малды асылдандыру бағытында қолдан ұрықтандыру ісімен Ақтөбе ауылдық округіндегі «Мухиддин» шаруа қожалығы тұрақты айналысып отыр. Одан бөлек, ауыл малдарының падасына асыл тұқымды бұқа мен қошқар қосу жұмыстары да ішінара жүргізілуде.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close