Qoǵam
Болашақтың бағдары – Робототехника
Білімді ұрпақ – ел болашағы. ХХІ ғасыр – робототехниканың заманы. Экономикамызды ілгерілету үшін осы салаға терең ден қоюымыз керек.
Қазіргі таңда ауданда 39 білім ошағы болса, соның 23-і робототехника кабинетімен жабдықталған. Ал, ІТ сыныптар 6 мектепте бар. Жалпы информатика пәнінің мұғалімдері Робототехника негіздері бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
Әр бала өзіндік ерекше қасиеті, қабілеті бар жеке тұлға. Ал, осы қабілетті шыңдап, оны әрі қарай жетілдіретін, оқушыны шығармашылыққа бейімделген дарынды тұлғаға айналдыратын ұстаздар қауымы қырағы да шебер болуы керек. Сонда ғана қабілетті оқушының бұлақ көзі ашылып, болашақта өз мақсатын айқындап, жолын дұрыс таңдай алады. Аудандағы іргелі білім ошағының бірі №19Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның жоғары санатты мұғалімі Салтанат Сатарова балаларды жаңашылдыққа баулып, робототехника үйірмесінде қабілеттерін шыңдауға күш салуда.
Салтанат Түймебайқызының «Робототехника» үйірмесіне жетекшілік еткеніне үш жылдай уақыт болған. Аз уақыт болса да оның шәкірттері жоғары жетістіктерге жетіп, жақсы нәтиже көрсетуде.
– «Робототехника» сыныптары үйірме болып есептеледі. Балалар қосымша сабақтарға қатысып, сыныптан жаңашылдықты үйренеді. Бұл үйірмеге онлайн түрде қатысуға болмайды. Балаға робототехника үйірмесінің мақсатын, оның балаға берерін үйретпес бұрын, мұғалім өзі бірінші кезекте жан-жақты болуы керек. Сонда ғана бала үйірмеден өзіне қажетті білімді алып шыға алады. Бүгінгі таңда балалардың робототехниканы үйренуге деген талпыныстары және қызығушылығы жоғары. Түрлі роботтар құрастырып, уақыттарын тиімді өткізу олар үшін қызық әрі жаңаша дүниелер жасауда.
Жалпы, робот дегеніміз – белгілі бір механикалық жұмысты жасауға арналған автоматты құрылғы. Ал, робототехника- роботтармен автоматтандыру жүйелерін құрумен және қолданумен айналасатын қолданбалы ғылым. Ол кибернетика мен механикалық бірігуі нәтижесінде пайда болды. Өздеріңіз білетіндей, ақпараттық технология күннен-күнге даму үстінде.
Робототехника бағытының даму болашағы зор. Робототехника негіздерін оқып-үйренуде бірқатар жалпы білім беретін пәндерден алған білімдерін пайдалану қажет. Робототехника оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамытуға және практикалық тапсырмаларды шеше білуге ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл жастарды ғылым, технология, математика арқылы жаңашылдыққа шабыттандыратын, бүгінгі күннің мәселелерін шешу үшін өз дағдыларын қолдануға, жағдайды талдауға, шығармашылықпен ойлауға мүмкіндік беретін өте тартымды білім ортасы.
Сол себепті де балалар заман талабына сай білімді болуы керек. Мектепте робототехника үйірмесінің ашылғанына сегіз жыл болды. Үйірмеге қазіргі таңда 10-12 бала толық қатысады. Үйірмеге қатысатын балалардың жас ерекшеліктері 10-17 жас аралығы.Мектепте робототехника үйірмесі аптасына бір күн жүргізіледі.
Робототехника үйірмесіне қатысқан балалар роботты құрастырып қана қоймай, оның бағдарламасын да өздері жазады,-дейді үйірме жетекшісі С.Сатарова.
Оның оқушылары республика көлемінде екінші жыл өтіп жатқан “Robotek Grand Tournament” робототехника чемпионатына қатысып қайтты.Чемпионаттың аудандық іріктеу кезеңінде №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушылары І орынды иеленіп, облыстық чемпионатқа жолдама алған. Оқушылар “Robotek Grand Tournament” облыстық чемпионатында кіші мерген санаты бойынша Бас жүлдені иеленген. Чемпионаттың финалдық кездесуі Астана қаласында өтіп, онда жақсы өнер көрсете білген Асылжан Айдарбек және Арсен Амантай сертификат иеленді.
Чемпионаттан жуалылық оқушылар мол тәжірибе жинап, білімдерін шыңдап қайтты. Өйткені, «Robotek Grant Tournament-2024» чемпионаты орталық Азияның ең мықты командаларын біріктірген. Атап айтар болсақ, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің командалары қатысқан.
– Осындай ірі, үлкен додаларда шәкірттерімнің жақсы көрсеткіш көрсеткеніне қатты қуандым. Балалармен бірге өзім де толқыдым. Өйткені, чемпионатта жан-жақтан жиналған кіл мықтылар болды. Мұндай байқауда өздерін жақсы жағынан көрсеткен оқушыларыммен мақтанамын.Әрине, робот құрастыру оңай емес. Бірақ заман талабына сай жан-жақты шәкірт тәрбиелеу әрбір ұстаздың міндеті. Ұстаз да үнемі өзін дамытып, робототехника үйірмесінің жұмысын жандандырып отыруы тиіс. Сонда ғана жақсы нәтиже болары сөзсіз,- дейді ІТ-маман Салтанат Сатарова.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»