Qoǵam
Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық: оның алдын алған әлдеқайда тиімді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында:«Қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Бұл ретте, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтармен тиімді күресу маңызды рөл атқарады.
Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту қажеттігін жиі айтып жүр. Мен бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды, я орынсыздығын анықтау туралы нұсқау бергенмін. Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырамын»,- деген болатын.
Біз тұғыры биік, егеменді елміз. Қылығы таза қыз бен арғымаққа мінер ұл өсірген халықпыз. Ал, Тәуелсіз елде зорлық-зомбылыққа жол жоқ! Қоғамда болып жатқан оқиғалардың барлығы дерлік отбасынан бастау алады. Сондықтан қоғамды тазарту үшін ең алдымен отбасындағы тәрбиелеу жұмыстары мен сауаттылықты дұрыстауымыз қажет.
«Тәрбиесіздік – ол адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім келешекте адам өміріне апат әкеледі» деген болатын ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби. Сол себепті тәрбиені түзегеніміз – қоғамға дерт емес, абырой алып келер азамат пен азаматша өсіргеніміз.
Зорлық-зомбылықтың санын емес, зорлық зомбылықты жою қамын қарастыруымыз қажет. Сонда ғана зорлық-зомбылықтың қоршауынан шығамыз.
Осы ретте біз аудандық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлішесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Асылбек Мандировпен сұхбаттасқан едік.
-Асылбек Сейтайұлы жалпы өткен жылы, осы соңғы үш айда қанша зорлық-зомбылық бойынша деректер тіркелген?
-2021 жылдың 12 айында аудандық полиция бөліміне отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында 184 шақырту тіркелді. Яғни, соның ішінде 109-ы ерлі-зайыптылар болса, қалғаны 75 ағайын – туыстар.
Оның ішінде жалпы ҚР ӘҚБтК-нің 73 бабына сәйкес 59 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды, ал 125 іс-құжатта жәбірленушінің арыз-шағымы болмауына байланысты номенклатуралық іске тігілген.
Ал ағымдағы үш айда әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында қылмыстық дерек тіркелген жоқ. Ал әйелдерге қатысты отбасы-тұрмыс саласында 2021 жылдың 12 айында отбасы-тұрмыс саласында қылмыс тіркелген жоқ. Алайда жоғарыда көрсетілген отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында құқық бұзушылық жасаған үшін 184 тұлғаға қатысты «Қорғау нұсқамасы» 30 тәулікке толтырылып, барлығымен ЖПҚБ УПИ мен бірге профилактикалық алдын алу жұмыстар жүргізіліп, АПБ-нің есебіне алынып, қадағалау жұмыстары жүргізілді.
-Әйелдерге қатысты отбасы-тұрмыс саласында қол көтерген азаматтарға қандай шаралар қолданасыздар?
– 73 бапта отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер негізінде ағымдағы жылда 34 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, аудандық сотқа іс-құжаттар жолданды. Денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 73-1 бап бойынша ағымдағы жылда 23 азаматқа хаттама толтырылса, ал 73-2 бабы бөлігімен, яғни ұрып-соғу бойынша екі хаттама толтырылды. 2021 жылдың 12 айында ҚРӘҚБтК-нің 52 бабы 54 бабымен 19 азаматқа қатысты Жуалы аудандық сотымен, яғни ҚР ӘҚБтК 461 бабымен 5 азамат, 73 бабымен 6, 440 бабымен 4, 434 бабымен 4 азаматқа мінез -құлықтарына ерекше талаптар қойылды.
-Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйел адамдарға қандай көмек көрсетесіздер?
-Біз бұл жағдайда Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының Жуалы аудандық кеңес беру кабинетінің мамандарымен тығыз жұмыс жасаймыз. Ол жерде бір педагог және психолог қызмет атқарады.
Бірінші тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген отбасымен сөйлесеміз. Психологтар өз көмегін көрсетеді. Кейбір отбасы сотқа дейін татуласып, өзара мәселелерін шешеді. Ал, кейбір отбасылар келісімге келмей істері сотқа дейін жетіп жатады.
Бұл жерде отбасыларды татуластыруда Жуалы аудандық кеңес беру кабинетінің мамандарының жұмысын айта кеткенді жөн көрдім. Көптеген отбасылар кеңес беру кабинетіндегі «сенім телефонына» хабарласады. Өздерінің бастарынан өткен қиыншылықтарымен бөліседі. Ол орталықта негізінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына сегіз стандарт бойынша көмек көрсетеді. Ол жерге консультацияға келген аналармен балалардың жеке басының және олардың жеке құпияларын сақтайды. Қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге дұрыс шешім қабылдауына қажетті кеңес айтып, жағдайды ақылмен саралауға мүмкіндік береді.
Өткен жылы Жамбыл облысы тұрмыстық зорлық-зомбылық дағдарыс орталығына – 5 әйел соның ішінде үш мектеп оқушысы, бес мектеп жасына жетпеген балалар орналастырылды.
АХАЖ бөлімінің соңғы мәліметі бойынша өткен жылы 266 отбасы заңды некеге тұрып, 28 отбасы некелерін бұзған. Осындай кезде кеңес беру кабинетінің мамандары мен бірігіп ажырасу сатысында тұрған жеті отбасымен татуластыру жұмыстарын жүргізіп, отбасылар татуласып арыздарын қайтып алды.
-Осындай тұрмыстық зорлық-зомбылық болмау үшін, алдын ала қандай іс-шаралар атқарылады?
-Үлкен мәселеге айналып отырған әйелдер мен қыздар арасындағы құқықтық сауаттылықты арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.
Әрбір отбасындағы болып жатқан дағдарыстық жағдайдың, ажырасудың, кикілжіңдер мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында көптеген кездесулер, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, интернет желісі арқылы алдын алу жұмыстары ұйымдастырылады.
Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі қызметкерлерінің өкілдері және үкіметтік емес ұйымдарымен ағымдағы жылы жалпы білім беру ұйымдары мен мекемелерінде адамның құқықтары мен бостандықтары, оларды сақтау және қорғау әйелдермен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 35 дәріс өткізіліп, 2200 буклет парақшалары таратылды. Сонымен қатар Жамбыл облысы ПД нұсқауымен әйелдерге қатысты қылмыспен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында аудан аумағында «Тұрмыс», «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн», «Есеп» тағы басқа алдын алу іс -шаралары ұдайы түрде өткізіліп тұрады.
– Жалпы Сіздің, инспектор ретінде емес, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа адами көзқарасыңыз қандай?
– Бұл жерде бәріміз ер азаматтарды кінәлай береміз. Алайда, әйел азаматшаларының да да кінәсі болады. Өйткені әйелдер көп нәрсені өздерінің іс-әрекеттерінен тауып жатады және отбасында күйеуі немесе әйелі ашуға мінген кезде бірі басылып, бірі сабырға шақырса отбасында келеңсіз жайлар орын алмас еді, баланың психикасы бұзылмас еді деп ойлаймын.
Әйел адам қашанда ер адамнан бір саты төмен тұруы керек. Бірақ қандай жағдай болса да мен әйелдер құқығын қорғаймын, өйткені қызметтік міндетім, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауым керек.
Бірақ әйел адамдарының дұрыс іс-әрекет жасамайтын кездері болады. Әрине барлығы бірдей емес. Мен әр күні ұйқыға жатарда Құдайдан бір ақ нәрсе сұраймын. Ауданымыздағы әрбір отбасының шаңырақтары шайқалмай, бақытты өмір сүрсе екен, ешқандай тұрмыстық немесе отбасылық зорлық-зомбылықтар болмаса екен деймін.
-Әңгімеңізге рақмет, жұмысыңызға сәттілік тілейміз!
Баян Тұрсынқұлқызы,
“Жаңа өмір”