Qoǵam
Дін мен дәстүр – рухани тәрбиенің тетігі
Дәстүрлі дін мен ұлттық құндылық – құстың қос қанатындай егіз ұғым. Қалыптасқан таным тұрғысынан қарасақ, ұлттың тағдыры мен елдің келешегі діни сенім мен дәстүрлі құндылықтарға тікелей байланысты. Қазір тиісті орындар, дін төңірегінде жүргендер айналыссын деп отыратын уақыт емес, қайғысыз қарттықты қалайтын әрбір ата-ана өз перзентінің жүрегіне ізгілік нұрын себетін, бойына имандылық дарытатын күш шынайы дін екенін түсініп әрекет ететін, бейғамдықтан арылатын мезгіл жетті.
Тарих тереңіне үңілсек, бір ақиқатқа көзіміз жетеді: дін мен дәстүр үйлессе, дін дамиды, дәстүр жанданады, ал халық діннің рухани қуатын сезініп, оны мойындайды. Ислам діні мен қазақтың салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара жымдасып, жігі білінбей бітісіп кеткені көзі қарақты, көңілі ояу баршаға белгілі.
Халқымыздың рухани құндылықтары – тамыры тереңге кеткен діні мен дәстүрінің нәрлі бұлағы, ал дін мен дәстүр үндестігі – өткеніміздің өрнегі, болашағымыздың тірегі. Дәстүрлі құндылықтар – зайырлы қоғамның ішкі әлеуметтік-саяси қатынастарын реттеп, ұлттың өзіндік болмысын сақтап қалатын ең асыл қазынасы. Демек, тамыры тереңде жатқан дін мен дәстүр сабақтастығына селкеу түсірмей, жаңғырта дамыту – келешегімізге қызмет ету деген сөз.
Елбасымыз атап көрсеткен «дәстүрлі құндылықтарға негізделген діни сана қалыптастыру» мәселесі – ел болып жабылатын салмақты міндет, ұлтын қадірлейтін әр азаматтың парызы.
Діни сенім күнделікті әрекетке еніп, тұрмыстық-тәжірибелік мәнге ие болғанда ғана діни сана қалыптасатыны, сонда діни таным жалпыхалықтық деңгейге көтерілетіні туралы белгілі дінтанушы ғалымдарымыздың тарапынан аз айтылып жүрген жоқ.
Жан тазалығына негізделген ұлттық рухани құндылықтарымызды жандандыру қазіргі қоғамда белең алған теріс ағымдарды тежеудің де таптырмас құралы. Қоғамдағы кез келген жаңа діни ағым қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өз орнын алуға ұмтылады. Бұл дәстүрлі құндылықтардың мансұқталып, ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне ұрындырады. Сондықтан уақыт сынынан өтіп, ұлттың қалыптасуына негіз болған құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау деп түсінген жөн.
Діни танымы мен ұлттық рухы сәби шағынан қалыптаспаған жастың тұлға болуы да екіталай, сондықтан адамгершілік, адалдық, қарапайымдылық, мейірімділік секілді ізгі қасиеттерді перзентінің санасына сіңіріп, жүрегіне ұялату – ата-ананың басты парызы.
Әрине, қазіргі балаларды ата-ана, мектеп, қоғам тәрбиесімен шектеу мүмкін емес, ғаламтор деген «әмбебап тәрбиеші» ол үшеуінің де алдын орауда. Сондықтан, бірінші кезекте, ата-ана діни сауатты болуы керек, өйткені бөтен ағымның өкілдері ұлтымызға жат дүниетанымды қазаққа теліп, рухани құндылықтарға деген көзқарасты өзгертуге, оның даналық тағылымы мен сарабдал сипатын көлегейлеп, діни сенімді бұрмалауға, қолдан жасалған «құндылықтарды» дәріптеуге күш салуда. Олар дін мен дәстүр сабақтастығына, дәстүрлі рухани құндылықтарға шабуыл жасап, ұрпағымызды азғыруда. Электрондық ақпарат құралдары санаға бағытталған «шабуылды» күшейтіп, азғындықты насихаттау арқылы діни сеніміміз бен діни танымымызға ақпараттық қысым жасауда.
Әлемдік қауіпке айналған жат идеологияларға қарсы иммунитетті қалыптастыра отырып, аса сақтықпен әрекет етуді уақыт талап етуде. Бүгінгі жаңарған қоғамның ерекшеліктерін ескере отырып, келеңсіздіктердің алдын алу, халқымыздың дәстүрін дамытып, дін мен тәрбиені үйлестіру, ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу – еліміздің тұрақты дамуының кепілі.
Ислам әлемінің танымал білгірі, ардақты төрт халифтің бірі – Әли ибн Әбу Талибтің «Мен өзімнің ұзақ өмірімнің барысында адамдардың туған әкелерінен гөрі өздері өмір сүрген заманға көбірек ұқсайтынын жиі байқадым» деген пікірінен діни сауаттылықты арттырудың қажеттілігі қазіргі жаһандану жағдайында бұрынғыдан да өзекті бола түскенін аңғаруға болады.
Дәстүр – материалдық мұра емес, ол адам санасында сақталып, заман ағымына қарай жаңғырып, тозығы уақыт көшіне ілесе алмай қалып отырса, озығы ұлтпен бірге жасай беретін құбылыс. Рухани құндылықтарды кейінгі буынға аманаттауға аға ұрпақ жауапты екенін ұмытпай, ұлттық дәстүрді қазіргі мәдениетке ұластырудың ұтымды жолдарын қарастыруға міндетті. Бүгінгі күн биігінен дінді дәріптеп, дәстүрді ұлықтасақ, ұтылмайтынымыз анық. Діни танымы терең ұлағатты ұрпақ мемлекеттілігіміз бен егемендігімізді баянды етіп, халқымыздың келешегі үшін қызмет етеді. Сондықтан дұрыс таным қалыптастыратын, дәстүр мен бүгінгі ұрпақтың арасын жалғайтын алтын арқауды үзіп алмай, рухани құндылықтарды жаңғыртудың ұтымды жолдарын ойластырғанымыз абзал.
Қазақтың ұлы перзенті Абай «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандастарының бәрі виноват» деген. Демек, қоғамда келеңсіз жағдай болса, мен, сен, ол емес, осы қоғамда өмір сүріп отырған бәріміз кінәліміз.
Еліміздің ертеңіне жауапты болашақ ұрпақтың тәрбиесі – ең өзекті мәселе. Қазақтың тарихын көркем сөзбен айшықтап, ұлтына өлмейтін мұра қалдырған заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген бірауыз құнды сөзімен-ақ кемел пайым жасаған.
Бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана естен шығаруға болмайтын ұрпақтың келешегі үшін өте маңызды бір қағида бар. Ол қағида – ұрпақтың танымын ұлттық дәстүрмен байытып отыру, себебі дәстүріміздің бастауы – дін. Дінге деген салғырттық – өзіңе жасалған қастандық, ұлтыңа деген немқұрайдылық, Отанға деген опасыздық.
Дін адамға екі дүниенің қуанышы мен сыйына, бақыты мен берекетіне жетелейтін тура жолды көрсетеді. Адамның бүкіл өмірін, амалын ізгілікке, қайырымдылыққа бағыттайды. Тарихта дінсіз, яки, имансыз адам болғанымен, дінсіз қоғам болмаған. Себебі, адам баласы сенімге мұқтаж.
Нұрлан ӘМІРБАЕВ,
Зиябек Толымбайтегі атындағы аудандық орталық
мешіттің бас имамы,
ауданның бас имамы