Qoǵam
Мемлекеттік қызметшінің әдебі – қоғам айнасы
Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің негізгі міндеті.
Демек, адамдар арасында мемлекеттік қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділіктің қалыптасуы маңызды. Мұндай сенім мен құрметке жету оңай емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа қызметшінің жеке мінез-құлық мәселесінің де әсері мол.
Мемлекеттік кызметшінің бойында кәсібилік деңгейі мен жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттер қатар тұруы керек. Бұл туралы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Өте жоғары этика мен кәсібилік тиімді мемлекеттік аппаратты құрудың негізгі өлшемі болып табылады» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан бүгінгі күні мемлекет тарапынан да мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Одан бөлек, бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасында да кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың тетіктері кеңінен қарастырылған. Атап айтқанда, 100 нақты қадамның 15 қадамы тұтастай кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталып отыр.
Сайып келгенде, мемлекеттік қызметшінің бойындағы кәсібилік пен әдептілік қасиеттері қосыла келіп, оның қоғамдағы тұтас имиджін көрсетеді. Бұл айтылғандар кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесі, мемлекеттік кызметшінің кәсібилігімен қатар қоғамның да айнасы болып саналады. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығына және әділдігіне қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметшілер халыққа қызмет көрсету барысында Қазақстан Республикасының Әдеп кодексімен белгіленген стандарттарды сақтауға міндетті.
Айгүл Ахметова,
Боралдай ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізу және есеп бөлімшесінің басшысы